Әрбір тарихи кезеңде ұлтты алға жетелейтін ардақты азаматтар болады. Олар – саясаткер, ғалым, жазушы немесе қарапайым еңбек адамы болсын, елінің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет еткен тұлғалар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мемлекетіміз көптеген сын-қатерге төтеп беріп, жаңа даму жолына түсті. Осы кезеңде қызмет еткен тұлғалардың рөлі мен еңбегі, олардың болашақ ұрпаққа қалдырған мұрасы – біз үшін аса құнды. Азаттықтың ақ таңы атқан жылдарда Алматы облысының қайта түлеуіне арқау болған тұлғалардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері – Серік Әбікенұлы. Үмбетов үлгісін өркендеген өңірдің алтын шежіресінен бөле қарауға болмайды.
Серік Әбікенұлы 1996 жылы сол кездегі Президент Жарлығымен Алматы облысының әкімі болып тағайындалды. Бұл еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарымен тұспа-тұс келген, қиыны мен қызығы мол жылдар еді.
«Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есімде. Бәріміз ерекше тебіреністі бастан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен айтып жеткізе алмаймыз. Бірақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуелсіз мемлекетіміз үшін өгіз қара күшімізді жұмсайтын күн туғанын анық түсіндік. Сол үшін де уақыттың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұмсауға бел байладық. Бұл – бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, болашаққа үлкен үміт сыйлаған кезең. Әрине, тәуелсіздік, одан бергі 35 жыл уақыт туралы көп нәрсе айтуға болады. Айтылып та жатыр. Бірақ еліміздің саяси-экономикалық жетістіктерінен бөлек, біз назар аудара бермейтін бір мәселе бар. Ол – қоғамның, сананың өзгергені. Жаңа ұрпақтың өсіп-жетілгені. Осы жылдар ішінде қоғамдық құрылысымыз толық өзгеріп, жаңа қоғам, кезең, болмыс келді. Халықтың ой-санасы, тұрмыс-тіршілігі бүтіндей өзгерді. Бұл – тәуелсіздік жылдарының ең үлкен жемісі. Жаңа көзқарастағы, креатив, белсенді жастар тәуелсіз Қазақстанның ең қымбат қазынасы», – дейді егемендік алған елең-алаң шақты есіне алған Серік ағамыз.
Серік Әбікенұлы 2005-2011 жылдары Алматы облысына қайта жетекшілік жасады. Ол кезде облыс тұрғындарының 70 пайызы ауыл тұрғындары болды. «Негізгі күретамырымыз – ауыл. Ауылды көтермесек, жағдайымыздың түзелмесі анық. Сол кездегі Жол картасы арқылы осы мәселе оң шешімін тапты. Облыс бойынша 200 елдімекеннің көшесі, суы, жарықтандырылуы, көгалдандырылуы, балабақша, мектеп, ауруханалардың жөндеу жұмыстары сынды мәселелерге көңіл бөлінді. 2005 жылы Алматы облысына қызметке келгенімде балалардың бақшамен қамтылуы 7% ғана болатын. Республика бойынша бірінші болып бастама көтеріп, 44 балабақшаны мемлекет меншігіне қайтардық. Кейін нақты жоспар жасап, 3 жылда 36 мыңнан астам баланы балабақшамен қамтамасыз еттік. Ол жылдары Алматы облысының білім беру саласында сапалы өзгерістер болып, денсаулық сақтау саласы да жандана түсті. Сонымен қатар өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 1999 жылғы 14,2 пайыз көрсеткіштен 2010 жылы 5,6 пайызға дейін төмендеді», – деді өткен уақыттың алтын шежіресін парақтаған бұрынғы облыс әкімі.
Көгінде көк Туы желбіреген Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың осындай күрделі кезеңдерін басынан өткізе бастаған тұста елге де, ел бастаған ерлерге де артылар сын, жүктелер міндет аз болған жоқ. Уақыт сынының өтінде жүргендер мұны жанымен, жүрегімен сезінді. «Өмір – уақытша, мәңгілік ештеңе жоқ. Кейінге мұра болып қалатын ескерткіштер ғана. Ұрпағымыз ата-бабасының қандай болғанын білсін деп ескерткіштер орнатуға ерекше көңіл бөлдім. Желтоқсан оқиғасының қаһармандары Ләззат Асанова мен Ербол Сыпатаевқа, қазақтың тұңғыш теміржолшысы Мұхамеджан Тынышпаевқа, Қабанбай, Райымбек, Наурызбай батырларымызға, Қаблиса, Ескендір, Балпық билерге, Сүйінбай ақынға, Қадырғали Жалайырға ұрпақтар есінен ұмытылмасын деген ниетпен ескерткіштер орнаттық. Өз басым ескерткіші, күмбезі, мешіті бар, барлығы қырық жеті белгі орнатуға мұрындық болыппын. Бұл жұмысты жас кезімде, кеңшардың директоры болып жүргенде қолға ала бастадым. Өйткені ұлыларымызды ұлағаттау – біздің қастерлі міндетіміз. Бірақ ол кезде мұндай істерді жүзеге асыру өте қиын еді. Ол үшін жауапқа тартылатынсың. Ал бүгінгі жетістікке жетіп отырғанымыз – егемендіктің арқасы. Тәуелсіздіктен артық біздің қандай байлығымыз бар. Бақытымыз да, қуанышымыз да осы – егемен ел атануымыз! Қазақта: «Бақ дәулет қайда барасың?» – десе, «Ынтымағы мен берекесі жарасқан елге барамын», – дейтін аталы сөз бар. Кезінде Талдықорғанда Достық үйін салып, этностар татулығы мен бірлігін арттыруға негіз қалап бердік. Республика бойынша бастама көтеріп, Тіл сарайын тұрғыздық. Ол жерде өзге этносқа қазақ тілін, сосын этностардың тілдерін үйрету жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бұл дәстүр Қонаев қаласында жалғасын тауып жатыр. Бұл – қуанарлық жағдай», – дейді Серік Әбікенұлы.
Кернеулі кезеңде уақыт толқыны көтерген, еңбегі жанып, ел құрметіне бөленген жанның әрбір ісі мен сөзін халық жады қалт жібермей, ой төрінде өрнектеп, сана кеңістігінде сақтайтыны анық. Серік Үмбетов басқарған жылдары аймақта әлеуметтік саланы дамытуға, экономиканы қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған көптеген жоба жүзеге асты. Айтулы тұлғаның мемлекет басқарудағы тәжірибесі, азаматтық ұстанымы, адамгершілік қасиеті мен халыққа деген шынайы жанашырлығы тәуелсіздікпен бірге түлеген Алматы облысының айтулы шежіресі болып қала береді.
Ерзат АСЫЛ

