Перейти к содержимому

Ардагерлер арасындағы жарыс

30 қаралым

Кеген ауданы Жылысай ауылының Мәдениет үйінде Республика күніне орай ардагерлер арасында шахмат және дойбыдан турнир өтті. Спорттық додаға әр ауылдан келген командалар қатысып, өзара бақ сынасты.
Шараға аудандық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының басшысы Гайдар Мұқанқожаев, Жылысай ауылдық округінің әкімі Руслан Масенов, зейнеткерлер, ауыл тұрғындары қатысты.
– Біз Тәуелсіздікке ардагерлердің қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Бүгінгі жетістігіміздің барлығында алдыңғы буын өкілдерінің зор үлесі бар. Сондықтан мерекеде еңбек ардагерлерін ардақтау – біздің парызымыз. Осындай игі шаралар ардагерлеріміздің белсенді өмір салтын қалыптастырып, ұрпаққа өнеге бола берсін! Республика күні құтты болсын! – деген ауыл әкімі Руслан Масенов жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің ойлау қабілеттерін, зеректігі мен шеберліктерін көрсетіп, тартысты бәсекеге түсті.
Ерлер арасындағы жарыста дойбыдан І орын Бекберген Әлдибековке бұйырды, ІІ орынды Т.Садыбеков еншілесе, ІІІ орынға Нұрбай Советов ие болды. Шахматтан І орынды Иемберді Тастанов иеленді, ІІ орын Әбдіқасым Ыдырысовқа, ІІІ орын Әукен Қаптағаевқа бұйырды.
Ал әйелдер арасында дойбыдан І орынды Гүлсім Мұсаева жеңіп алды. Гүлнар Әкімжанова ІІ орынды еншілесе, ІІІ орынға Баян Әлиасқарова ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы жеңімпаздар Кеген аудандық дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының арнайы дипломдарымен, медальдармен және арнайы бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Осындай спорттық шаралар аға буын өкілдерінің денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік береді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

↑