Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Еңбекшіқазақ ауданында Республика күні салтанатпен аталып өтті

Еңбекшіқазақ ауданында Республика күні салтанатпен аталып өтті

54 қаралым

Елдіктің еңселі мерекесі – Республика күніне орай Еңбекшіқазақ ауданында салтанатты іс-шара өтті. Ұлттық мерейімізді асқақтатып, елдігімізді ұлықтайтын жиынға ауданның зиялы қауым өкілдері, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып, жергілікті жердің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласып жүрген азаматтар мен аудан тұрғындары қатысты.

Есік қаласындағы Тұманбай Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінің фойесіне жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері қойылып, мерекелік жиынға келген көпшіліктің назарына ұсынылды. Отандық өнімнің саны мен сапасын арттырып, «Қазақстанда жасалған» тауарларды республика көлеміне таратып қана қоймай, сыртқа экспорттап отырған ауданның ірі кәсіпкерлері жылдар бойы жолға қойылған жұмыс ретімен таныстырды. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 40 мыңға жуық тұрғын еңбек етеді.
Көрмені аралаған аудан әкімі Рустам Исатаев Еңбекшіқазақ ауданының ел экономикасына қосып отырған үлесіне тоқталды. «Ауданымыз – Алматы агломерациясының негізгі азық-түлік өндірушілерінің бірі. Бір ғана мысал – Қазақстанда жиналатын алманың төрттен бірі – біздің өңірге тиесілі. Жыл сайын бағбандарымыз 50 мың тоннаға жуық алма жинайды. Бұл бірнеше буынның маңдай тері, жерге деген ықыласы, кәсіпке деген адалдығы», – деп атап өтті.


Салтанатты жиында аудан әкімі сөз сөйлеп, баршаны Республика күнімен құттықтай келе: «Биыл егемен елімізге 35 жыл толады. Осы жылдар ішінде елімізбен бірге ауданымыз да өсіп-өркендеп келеді. Бұл жетістікке қосқан әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Ауданымыздың берекесін сақтап, кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп жүрген аға буынға алғысым шексіз», – деп ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар мереке күні аясында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды, әр сала мамандарын марапаттады.
Салтанатты жиын аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы

↑