Республика күніне орай Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті.
Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінің маңына жиналған аудан тұрғындары елдік пен ерліктің еңселі нышаны – еліміздің көк Туын биікке көтеріп, Әнұранды қалықтата шырқады.
«Баршаңызды ұлттық мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылғы 25 қазанда «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылданып, еліміздің тәуелсіздігіне жол ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бұл күнге ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуы оның халқымыз үшін маңызын айқындай түсті. Еңбекшіқазақ – түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, бірге еңбек етіп келе жатқан үлкен аудан. Әрдайым осылай бір тудың астында бірігіп, татулығымыз бен бірлігіміз жарасып, елдің өркендеп-өсуіне атсалысайық», – деген аудан әкімі Рустам Исатаев жиналған көпшілікті елдігімізді айқындап, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететін ұлық мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Бір Тудың астында бірігіп, бір мақсат-мүддеге бірге талпынған этнос өкілдері де мемлекеттік мерекенің мазмұнын арттыруға атсалысып, аудандағы этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері де жиналды. Татулықты, береке мен бірлікті биік қойған біртұтас ел ретінде осы маңызды күнді бірге атап өтті. Қолдағы жалауларын желбірете мерекеге жиналған көпшілік патриоттық әндерді бірге шырқады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы

