Республика күніне орай Қарасай ауданында салтанатты шара ұйымдастырылып, Шамалған ауылындағы Ту тұғырының алаңында ұлттық мереке ұлықталды.
Басқосуға Қарасай ауданынының әкімі Жасұлан Естенов бастаған мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар қауымы, мәдениет саласының қызметкерлері, ауданның зиялы қауымы, қарасайлық және басқа да ұйымдар мен мекемелердің өкілдері қатысты.
Шара барысында алдымен Мемлекеттік Ту көкке көтеріліп, көпшілікпен бірге Гимн орындалды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы Республика күнінің маңыздылығы мен тарихына тоқталып, Қарасай халқын ұлттық мерекемен құттықтады. Ал салтанатты шара аудан өнерпаздарының орындауында «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.
Бұл тұста Республика күні ұлттық мереке болып алғаш рет 1995 жылы қазанда жарияланғанын айта кеткен орынды. Жарлыққа ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған. Алайда 2001 жылы Республика күні ұлттық мереке мәртебесін жоғалтты. Ал 2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Міне, осы сәттен бастап елімізде бұл мереке ұлттық сипатта тойлануда.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы


