Қазақта қазына мол қазылмаған,
Қағазға қасиеті жазылмаған.
Ілияс Жансүгіров
Күтпеген кездесу
Алматының көгінде шуағын шашқан алтын шашақты күн түстігінен әлдеқашан асқан. Көшеде қайшыласқан көліктердің шуылын елең қылмай, ой құшағында, қиял құрсауында келе жатып, баспа үйіне жақындап қалғам. Ол кезде анда-санда тап қасыңнан зу етіп өте шыққаны болмаса, дәл бүгінгідей бірін-бірі тірсектен қағатындай, иін тірескен нөпір көлік жоқ. Алматының көшесінде бейқам жүріп өтудің өзі бір демалыс еді ғой.
Дәл сол сәтте жанымнан жанай өткен жеңіл көлік кілт тоқтай қалды да, «Жақыпжан» деген дауыс шықты. Жалт қарадым.
Аян. Иә, дәл өзі! Пәлі, сонау мектептен кейін көрісіп тұрғанымыз осы. Кездесу деп осыны айт. «Өй, сенбісің-ей, қайдан?» деп, арқа-жарқа болып, құшақтаса кеттік. Байқаймын, баяғы келбеті көркем, балаң Аян тепсе темір үзерлік шымыр жігітке айналған. Қол алысып, құшақтасқанда-ақ, әжептәуір қарулы екені аңғарылды. Ашылғаны да көзге ұрып тұр.
– Мен сол жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жолдамамен Шымкент облысына барып, біраз уақыт бойы әрқилы қызмет атқарып қайттым. Мына іргедегі Талғар ауданының шаруашылығына орналасқаныма көп бола қойған жоқ, – деп, ағынан жарылып жатыр.
Аян өзімсіне арқамнан қағып:
– Жақа, жүр, апаммен амандас, – деп, көлікке қарай жетеледі.
Апамның өзі де байқап қалса керек, кабинадан шықты да, маған қарай аяғын ширақ баса түсіп, тоқтай қалды. Жүзінен шуақ төгілген кейуананы өз апама ұқсаттым. Мейірім толы жанарымен менің бас-аяғымды бір шолып өтіп, ізгі ниетпен «Келе ғой, қарағым!» деп, аналық ыстық құшағына алып, маңдайымнан иіскеп, сүйді. Мен бір сәт оның шалқар жүрегінің шуағына шомылғандай, шаттандым. Жылы жүзінен нұр тамған апам «Қай баласың?» деп, сұраққа алды. Берген жауабыма қанағаттанғандай, «Ә, өз балам екенсің ғой» деп, «ал енді өздерің сөйлесе беріңдер» дегендей ишара білдіріп, көлікке қарай аяңдады.
– Ертең Сатыға апамды алып жүремін. Бірге жүр, қонақ бол. Бұрын ол ауылға бармаған шығарсың, ел көресің, жер көресің, – деді Аян иығымнан қағып.
Шіркін, Саты! Оның тағы бір аты – Таушелек. «Таушелек» деген ғажап атау менің бала күнімнен бері жадымда жатталып қалған. «Таушелек» десе, бірден үлкен әкелерім Тоқсан мен Тоқаба, Нұрғожа, аяулы әжем есіме түседі. Біздің үйді «отау, үлкен үй» деп атайды. Әжем екі баласының атын атамай, Тоқсан әкемізді «тәте», Тоқсаба әкемізді «көке» деп атап, қатты сыйлайтын. Үшеуі бас қоса қалса, «Таушелегіміз-ай» деп тамсана айтып, балалық шақ, бозбала күндерінің тәтті сәттерін еске алушы еді.
Енді, міне, мектеп-интернатта бірге оқыған сыныптас досым әкелерімнің сағыныш сазы жүректеріне жатталып қалған сол Таушелекке шақырып тұр. Қалайша бармассың?!
Жүрегім қобалжып: «Айеке, мен әзірмін», – дедім.
Таңғажайып таныстық
– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп, мен бала күннен келе жатқан әдетім бойынша саңқылдаған дауысымды соза түсіп, өзімнен он жас үлкен кісімен қос қолымды ұсынып амандастым.
– Уағалейкүмассалам! Кел, қарағым, төрлет, құдайы қонағым боласың, – деді ол еш жатсынбастан, бірден бауырына басып. Сосын інісі Аянға мойын бұрып: – Ал, Аян, жолдасыңды жайғастыра бер, мен малға барып келейін, – деді.
Түскен үйіміз – Аянның үлкен ағаларының бірі – Жетібай аға тұратын қара шаңырақ екен. Мен, құдды, үйдің ауласына ауыл көшіп келе жатқандай әсерде қалдым. Күлсімхан апаға амандасуға келген үлкен-кішісі бар көрші-қолаң, келін-кепшік атаулы бірі кіріп, бірі шығып жатыр. Әйтеуір, бір уақытта көрісіп, көңілі көншіген көршілер де, базарлық алып, қарқ болған балалар да, ойдағы бір шаруасы біткендей, үйді-үйіне тарасты-ау.
Енді келіп, немерелері қолы әзер босаған апасының мойнына асылып, жанына отыруға таласуда. Ересектері кезектесіп келіп, апасына маңдайын сүйгізіп кетеді.
Осы сәтте Жетібай аға бір қойды өңгеріп әкеліп: «Құлжабай қайда?» – деп дауыстады. Мауқы басылмаған Құлжабай аға да бұл кезде көптен көрмеген анасына сағынышын білдіріп, әңгіме тізгінін енді ғана ағытып отырған еді. «Ал, аға, үлкен кісісіз ғой, бата жасасаңыз», – деп, әулеттің үлкені – Байтұрсын ағасына бұрылды. Бата берілгесін, қарбалас тірлік қайта басталып кетті.
Байтұрсын ағаның үйіндегі Оңал жеңгеміз тоқаш пісірудің қамына, Құлжабай ағаның үйіндегі жеңгеміз Ақылай ері сойған қойдың ішек-қарнын жуып-тазалап, қуырдақ мәзіріне кірісті. Ал Жетібай ағаның үйіндегі Рая тәте шай дайындаумен әлек.
Анасына сәлем беруге көрші Жалаңаш ауылынан Сайлау аға Жаңыл тәтемді ертіп келді. Артынша жеңіл көлігін ойнақтатып келген Қуан аға да, Нағима, Алтын келіндері де апасын қонақ қылып күткен отбасының тіршілігіне еніп кетті.
Енді бір сәт Күлсімхан апамыздың алтындай алты баласы бір дастарқан басына жиналып, өз орындарына жайғасты. Байтұрсын аға мен Жетібай аға сөйлегенде, шыбынның да ызыңы естілмейді. Тәртіп солай. Тек апам ғана ауық-ауық сөз қосып қояды. Міне, осылайша Алматыдағы күтпеген кездесудің арты Таушелектегі таңғажайып таныстыққа ұласып, менің Айтжановтар әулетімен таныстығым басталды.
Айтары жоқ, Саты дегенің пейіштей жер екен. Айналасында Көлсай, Қайыңды, Саты және Шелек өзендері ағып жатыр. Ол кезде көпшілік жұрт Көлсай дегенді біле бермейтін. Осы күні ғой, Көлсайдың атағы дүйім жұртқа жайылып, туристік брендке айналып жатқаны. Соның өзінде сатылықтар былайғы жұртқа Қайыңды мен Көлсайды ғана көрсетіп жүр. Ал әлі ашылмаған аралдай табиғаты тұнып тұрған, адам аяғы баспаған ондай орындар толып жатыр. Саты сайы, Күрметі сайы, Құдырғы, Талдысай, Өрікті деген жұмаққа бергісіз жерлер бар.
Мен Сатыға жиі барып тұрдым. Барсам, аттың басын ешқайда бұрмай, бірден Жетібай ағамның үйіне түсемін. Ағам қашанда аңқылдап қарсы алады. Рая тәтем шайын қойып, барын тосып, мәре-сәре болады. Жалғыз барсам жөн ғой, Ілияс, Раушан, Ілдірім, Камал, тағы басқа да жолдастарыммен топтасып барамыз. Сонда еш қабақ шыту дегенді білмейді. Қайта қуанышы қойнына сыймай, шаттанып, тіпті «Көптен бері келмей кеттің ғой» деп назын білдіріп жатады. «Таушелекке келгендей болып қайтсын» дей ме, ағам міндетті түрде Көлсайды көрсетіп, балық аулауды да ұйымдастырады. Онымен қоймай, «қонақтар бір үйден қайтпасын» дегендей, жақын ағайын-туғанның біріне қойын сойғызып, шақыртқызады.
Менің Сатыға жиі барып тұруымның сыры – Таушелектің таңғажайып табиғатын қызықтау емес, Жетібай ағам мен Рая тәтемнің аялы алақандары мен ақ пейілдерін аңсау екенін енді ғана түсініп жатырмын. Аталарым мен әжемнің «Таушелегіміз-ай» деп тамсануында да бір гәп бар ғой, сірә! Демек, Таушелектің адамдары ежелден-ақ оның тұнық, мөлдір табиғатындай жүрегі таза, жаны жайсаң, жайдары мінезді болса керек.
Тілдей қағаз үшін таудай алғыс
Шелекте қызмет істеп жүрген кезім. Аудандық газеттің шаруасы қашанда шаш етектен.
Бір күні аудандық әскери бөлімнің басшысы Алексей Гончаров телефон шалды. Мені «Жәке» деп, қатты сыйлайтын. «Сыйға – сый, сыраға – бал» дегендей, мен де оның көңілін табуға тырысамын.
Сыйлас жолдастың дауысынан әлдебір шарасыздық сезілгендей.
– Жәке, өзің білесің, ертең ауданның үлкен жиналысы ғой. Оған саған да, маған да қатыспауға еш болмайды. Сұрану деген атымен жоқ. Ал, бірақ Сатыға баратын шаруа болып тұр.
– Е, не болып қалды сонша?
– Ресейден екі жолдасым келіп еді, «Көлсайды көргіміз келеді» дейді.
– Алматыдан қалай жетіп жүр?
– Алматыда тұратын әскери оқу орнын бітірген досымның автокөлігімен келіпті. Жәке, сен сол шаруашылықтың басшысына тілдей қағаз жазып бер. Әйтпесе, Көлсайға постыдан үшеуін өткізбейді. Әлі Көлсайды көру маусымы ашылған жоқ. Жуырда су тасқыны болыпты деген қауесет бар.
– Түсінікті. Алексей, соған бола, шаруашылықтың басшысын мазалап қайтеміз? Сатыда менің Жетібай деген ағайым бар. Сол кісіге аман-есен жетіп алса, болғаны. Бәрін сол кісі шешіп береді.
– Келші онда, өздеріне соны айтып түсіндірші.
Әлгі үшеуі мені жылы жүзбен қарсы алды. Алғашында олар мені бірге барады деп ойласа керек. Алексей оларға жағдайды айтып, Сатыға бірге бара алмайтынымызды тәптіштеп түсіндіргенде, бір сәтте түрлері бұзылып шыға келді.
– Ну вот, кажется, ребята обиделись, – деді Алексей, көлікті көзімен ұзатып тұрып. Үндемедім.
Шырт ұйқыда жатыр едім, біреу терезені қақты. Түнде онсыз да кештеу жатқан мен түсінбей, сағатқа қарасам, үш болып қалыпты. «Бейуақта жүрген бұл кім?» десем, Алексей әлгі үш жолдасымен бірге келіп тұр екен. «Қалай болды?» деп сұрауға еш шамамды келтірмей, үшеуі үш жақтан рақметін жаудырып жатыр. Сосын барып алматылық қонақ сөз алып, болған жайтты рет-ретімен әңгімелей бастады.
– Мекенжайды тауып барып едік, ағаңыз үйде екен, – деді ол байыптап. – Біз оған сізден келгенімізді айтқанымыз сол екен, қақпаны кең ашқызып жіберіп, үйге кіруге бұйырды. «Біз Көлсайға барамыз деп келдік қой» деген сөзімізді құлағына бір қыстырар емес. «Үйге кірмесеңдер, бара беріңдер, бостан-босқа постыдан қайтып келесіңдер» деп кесіп айтты. «Мына кісі қызық қой» деп, айтқанына амалсыз көндік. «Рая, қуырдақ қуыр, мына кісілер алыстан келіпті», – деді де, үйге кіргізді.
Жөн сұрасқаннан кейін баласы Ерланды атқа мінгізді де, Көлсайға шаптырды. Неге екенін түсінбедік. Өзі біздің автокөліктің алдына отырып, Көлсайға бірге барды. Жолдағы пост күзеті ағаңды көргенде, жылы шырай білдіріп, қарсы алды. Біздің кім екенімізбен жұмысы да болған жоқ. Сөйтіп, сипаттап айтуға біздің тіліміз жетпейтін ғажап табиғатты ағаңызбен бірге тамашаладық. Жан-жақтың бәрін таныстырудан жалықпады.
– Иә, ол солай, – деп қоштадым мен. – Жетібай аға – Таушелегін тілі жеткенше жырлайтын жан. Келген қонаққа жерін де, суын да, тауын да, тасын да теңдесі жоқ сезіммен, ерекше сүйіспеншілікпен асқақтата айтудан жалықпайды. Мен оның ел мен жер тарихын, кешегі дүниеден өткен абыз ақсақалдар мен отауының отын өшірмеген дана аналар туралы таңды-таңға ұрып айтқан әңгімелерін талай естідім. Сөзіңізді бөлгеніме кешірім өтінемін.
– Оқасы жоқ, – деп жымиды алматылық қонақ. – Ағаңыздың асыра мақтауға лайық жан екеніне еш күмәніміз қалмады. Иә, сосын біз көлдің табанына түсіп, қарсы текшесіне жол тарттық. Сол текшеде Ерлан баласы ақ тер, көк тер болған атын қаңтарып қойып, қазан-ошақты басқарып жүр. Бір қойды сойып тастап, бір қазанға қуырдақ жасатса, екінші қазанға бүлкілдетіп ет асқызыпты. Тіл үйірер шашлығы және бар.
Дастарқан мәзірі әзір болғанда, Көлсайдың келбетіне көзіміз тоймай, тамсана қарап, тояттап тұрған бізді ағаңыз дастарқан басына шақырып, төрге отырғызды да, бір қазан етті алдымызға қойып: «Ал енді осыны тауыспай, ешқайда кетпейсіздер», – деді жарқылдай күліп. «Ал мынау сіздерге тәбеташар болсын», – деп, көзімізді жайнатып, көлдің тастай суына мұздатып қойған шөлмектерді сыңғырлатып әкеліп, үстелдің үстіне қойды. Автокөлікте өзімізбен бірге алып жүрген ішімдікті шығартқызған жоқ. «Бір қазан етті қалай тауыспақпыз?» деп уайымдап отырған біздер ұзын мойын шөлмектерді көріп, көңіліміз көтеріліп кетті. Бір ғажабы, ағаңыз ішетін адамға қандай жағдай жасау керек екенін бес саусақтай білсе де, өзі ішпек түгілі, өмірінде бір аузына татып алмапты.
– Иә, ол кісі сондай, өмірінде не арақ ішпеген, не темекі тартпаған адам, – деп, басымды изеп, қоштадым мен.
– Ағаңыз өте жақсы адам, – деді алматылық қонақ разылық сезіммен. – Бізді бір жылдары жоғалтып алған бауырларын қайта тапқандай, қуанышы қойнына сыймай күтті. Қайта-қайта: «Тағы да келіңдер», – деп, қимай қоштасты. Оған айтар алғысымызды тілмен жеткізу мүмкін емес.
– Осындай алтын жүректі ағаңызбен таныстырған сізге де алғысымыз шексіз, – деп қосты ресейлік қонақтар.
– Сіздерге ұнаса, көңілдеріңізден шықса болды, – дедім мен, күні кеше ғана көңілі күпті болып кеткен кісілердің риза кейпіне тоқмейілсіп. Десе-дағы, орыстар қазекем сияқты емес, ойындағысын жасырмай, ашық айта береді ғой. Менің көңілімнің түкпірінде жылт еткен ойымды сезіп қойғандай:
– Ал Көлсайға аттанарда, көңіліміздің нілдей бұзылғаны рас, – деді алматылық қонақ, еш риясыз күліп. – Сіздің берген тілдей қағазыңызға қоңылтақси қарап, одан бірдеңе шығарына сенбей, жолға шыққан едік.
– Иә, несін жасырайық, жас балаға кәмпит беріп алдағаны сияқты, тіпті бізді мазақ қылғандай сезіммен қабылдадық, – деп қосты ресейлік қонақтың бірі.
– Ал мен ағама мың пайыз сенетін адаммын, – дедім мен, жорта көңіліне алып қалған кісідей міз бақпай.
– Жо-жоқ, айта көрмеңіз, біз басында оныңызды білмей қалдық қой, – деп ақтала бастады олар. – Дәнеңені түсінбеген өзімізден болды бар бәле.
– Сіздің берген тілдей қағазыңыз сенімхаттан да артық екенін қайдан білейік? Енді ағаңыздың ісіне адал, уәдеге аса берік, сөзінде тұратын адам екеніне көзіміз әбден жетті. Мен, тіпті сіз берген сол қағазды дәлел ретінде ықтияттап сақтап қойдым, – деді алматылық қонақ, төс қалтасынан әмиянын шығарып, ішіндегі тілдей қағазды көрсетіп жатып.
– Жарайды, жігіттер, түсіністік қой. Қазақта «басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген мәтел бар. Басында түсініспеушілік болғанымен, ақыр соңында бәрі де ойдағыдай шешілгеніне, сіздердің риза көңілмен аттанып бара жатқандарыңызға мен де қуаныштымын. Бір-біріміздің жүзімізге риясыз көңілмен қарап, емен-жарқын жүргенге не жетсін! – деп жарқылдай күлдім мен.
– Ребята, я же говорил вам, что Жаке, как и его дядя Жетібай ага, слов на ветер не бросает, – деді Алексей, сұқ саусағын жоғары шошайтып.
Жазылмай қалған дастан
Соңғы айларда Аян досым төсек тартып жатып қалған ағасының көңілін сұрау үшін Сатыға баруды жиілеткен еді. Обалы не керек, ол Жетібай ағаның ауруын барынша жеңілдету үшін қолынан келер көмегін аямай жүрді. Аға жанының күйзелісін көрген мен де жәрдем беруден қалыс қалмауға тырыстым.
Жетібай ағамды өмірден ерте кеткен баласы Ерланның қайғысы қатты күйзелтіп жіберген еді. Күні кеше жайраңдап жүрген кісі бір күнде бүк түсіп, ауыр қазадан оңала алмай қалды. Тәңірдің бұл ісіне қылар шарасы жоқ, іштен ғана тынатын. Бір нүктеден көзін алмай отырып, алып кеудесімен ауыр дем алып, күрсінгенде көкірегі қарс айырылатындай күй кешті. Кейде маған оның қос жанарының оты семіп, сөніп бара жатқандай көрінетін. Әттең-ай, өмірінде бір не арақ ішіп, не темекі тартып көрмеген адам жоқ дегенде, жүз жасайтындай өте шымыр еді. Бала қайғысы қойсын ба? Тағдырдың жазуына шара бар ма?..
Бейіт басында ағаның келбетін, жарқын көңілін көз алдымызға келтіріп, тұнжырап, бір-бір уыстан топырақ тастадық. Топырақ салып тұрған бір азамат:
– Апырмай, ағаның қазасы бір жақ қабырғамды тұтасымен сөгіп кетті ғой. Енді кімнің алдына барып, төрелік іздейміз? Ресми атағы болмаса да, біз үшін ауылымыздың өмірін бүге-шүгесіне дейін білетін білгір академигі еді, – деп, «аһ» ұрғанда, кеудесінен жалын атқандай болды.
Көзінің жасын қайта-қайта сүрткілеген жігіт ағасына басу айтқандай, ағайындардың бірі оның жеңінен тартқылады. Салт бойынша, ер-азаматқа бейіт басында дауыс шығаруға, жылауға болмайды. Десе-дағы, ол елдің көкейінде жүрген ойды дөп басып айтқан еді.
Расында да, Жетібай аға осы ауылдың аузы дуалы, данагөй ақсақалы еді. Алақандай ауылдың мұң-мұқтажын аудан, облыс басшыларына айтудан бір жалыққан емес. Онысы – бақай есептен тұратын бәле қуу емес, осы елдің қамы, ауылдағы әрбір отбасының түтіні түзу шығып, Таушелектің әр тасы өз орнында жатса екен деген ақ тілеуден туындаған шын пейілі. Өзінің қарақан басы үшін ештеңе сұрап көрген емес, ал жұрт үшін жаға жыртысуға бар еді. Елін, жерін сүйді. Қайтпас қайсарлығы, бір сөзін екі қайталамайтын өрлігі, ел үшін ерлікке баруға даяр батылдығы, батырлығы – осының бәрі еліне деген шынайы сүйіспеншілігінен туындайтын. Ауылға әлдеқалай бір лауазымды басшы келе қалса, ойын жеткізе алмайтын кейбіреулер сияқты бүгежектемей, жасқанбай сөйлейтін. Айтар ойын дөп жеткізіп, алмас қылыштай жарқ-жұрқ ете қалушы еді. Бейпіл ауыз емес, жеңіл-желпі сөзге де жоқ.
Асылы, Жетібай ағаның өзгелерде бола бермейтін адами ерекшеліктері, кісілігі мол еді. Біреу туралы пікір айтқанда, оны «абыройын сақтап жүрген жан» деп көтермелейтін. Ал ауылдастары туралы ойы тіптен жоғары еді. Ауылдас ақсақалдар мен атқа мінген азаматтардың тек үлгі боларлық қасиет, ұлағатын айтып отырар еді. Қайран аға көкірегінде кептелген көп ізгілік пен жақсылықты жария етуге даяр еді. Таушелектің талай-талай ақылгөй, іскер, оқымысты, данышпан азаматтарды дүниеге әкелгенін паш етіп, олардың азаматтық бейнесін тамсана айтудан жалықпайтын.
Жетібай ағаның жирен қасқа жайлы айтқан сол бір әңгімесі құлағымның түбінде әлі күнге дейін жаңғырып тұр.
– Жақан, – деп, жылы ұшырай сөзін бастады ол. – Торайғырдың бөктерінде келе жатсақ, машинаның жарығы жол үстінде жатқан қарайғанға түсті. Жақындап барсақ, шуын сүйреткен құлын жатыр. Таяу маңайда енесі көрінбеді. «Қой, бекерден-бекерге ит-құсқа жем болар» деп, балалар көлікке көтеріп салды. Үйге жете салысымен сүт пісіріп, байғұс құлынның аузына сыздықтата құйдым. Содан оған жаным ашып, түні бойы көз ілмей, әлденеше рет сүт жұтқыздым. Екі күннен кейін құлын орнынан тұрғанда, өзім әлдебір сырқаттан құлан-таза айыққандай қуанғаным-ай! Ол да әлдебір жақындықты сезгендей, маған бауыр баса бастады. Есейе келе, тіпті артымнан қалмайтын болды. Мені ғана мойындап, қасына бір адамды жолатпайтынын қайтерсің. Ешбір жанға жалынан ұстатпайды. Ал енді тектілігін тілмен айтып жеткізе алмаймын. Артымнан бір елі қалмайды. Кейде көршілер шақыра қалады. Сондай кезде қалтамнан бір жапырақ нан мен бір түйір қант шығарып берсем, соған алданып, үйге қайтады жануар.
Бір ауылдың аяулы ағасы, ақылман атасы болған Жетібайдың жоқтығын білген жирен қасқа кісіней түсіп, бел-белестерде тоқтамастан әрлі-берлі шауып жүріпті. Әбден діңкесі құрығанда, екі көзі боталап, ауыл іргесіндегі мая шөптің қасында үш күн бойы тұрмай жатыпты…
Сол күні Қыземшектің басында күн алай-түлей күркіреп, отты найзағай жарқылдап, нөсер құйып, тау да күңіренген ғой! Қайран аға, бақұл бол, елге де, жерге де керек едің…
Жақыпжан Нұрғожаев,
публицист–журналист