Бүгінде балалар арасында есту қабілеті бұзылған бүлдіршіндер саны артуда. Сәбилердің өмір есігін ашпай жатып дертке душар болуы өзекті өртейді. Оларды ортаға бейімдеу, осы қоғамның толыққанды бір мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай жасау мақсатында елімізде түрлі сауықтыру орындары қызмет көрсетуде. Солардың бірі – Шонжы ауылында ашылған «TOMATIS» сөйлеу тілін дамыту орталығы.
«TOMATIS» аппараты арқылы емдеуді әлем елдері әлдеқашан қолға алған. Баланың есту қабілеті бұзылған жағдайда ми дыбыстарға назар аудармайды. Ал «TOMATIS» аппараты дыбыстық ауытқуларды ауа мен бас сүйектері арқылы береді. Яғни бұл әдіс дұрыс тыңдауды қалпына келтіру мүмкіндігін арттырып, ми арқылы бұрын болжай алмайтын дүниелерді қабылдауына ықпал етеді.
ХХ ғасырдың ортасында француз дәрігері Альфред Томатис әзірлеген әдіс осы уақытқа дейін 80-ге жуық елде қолданылып, өзінің тиімділігін дәлелдеген. Ал ауданымызда бұл тың бастама болып отыр. Тіпті облысымызда да бұл әдіс бойынша орталықтар әлі күнге ашыла қоймапты.
Панархан Атагелдиева өзі ұстаз болғандықтан осындай ерекше балалармен талай жұмыс істеген. Олардың дамуына ықпал етуде ұстаздар қауымы жоқтан бар құрап жүргенін де көрген. Логопедтер мен дефектологтардың жұмысының нәтижесіз болып жатқанын да біледі. Сондықтан балаларға қалай көмектессем деген ой біраздан бері жанына батып жүрген. Ақыры тәуекелге бел байлап, осы аппаратты ауданға әкелмек болады. Әуелі Франциядағы «TOMATIS» аппаратының негізін қалаған орталықпен байланыс жасап, онлайн курс оқиды. Одан кейін құрылғыны Қазақстанға алғаш алып келіп, талай балапанның дамуына үлес қосқан Күміс Сипановамен хабарласып, кеңес алады. Томатис терапиясы сөйлеу қабілетін дамыту орталығының директоры Күміс Тілеуқызы өз тәжірибесімен бөліседі.
Алдыға қойған істі ілгері дамытсам деген оймен Панархан Тұрлыбекқызы талай есікті қағады. Төмен пайызда несие алуға да, қайтарымсыз грант алу үшін де жүгіреді. Өкінішке орай, балапандарымыз үшін аса қажетті орталықты қолдауға ешбір мекеме құлық танытпайды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, мақсатына жету үшін 12 млн теңге көлемінде несие алып, аудан орталығы Шонжыдан аядай бір ғимаратты жалдап, «TOMATIS» сөйлеу тілін дамыту орталығының жұмысын бастайды.
Бүгінде орталықта Гүлсанам Ибдиминова – логопед, Расул Радиков – бейімдеме дене шынықтыру маманы, Айнұр Мукасинова нутрициолог болып еңбек етеді. Әрине, баланың көңілін табу, оның жандүниесіне үңілу кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Біз кірген сәтте Расулдың кішкентай баламен балаша ойнап, оның көңілін жан-жағындағы жаттығу құрылғыларына аудартып жатқанын көрдік. Ал Гүлсанам болса, сабақты ойын түрінде өткізіп, бүлдіршіннің дыбыстар шығарып, сөздерді айтуына, ойыншықтарға зер салуына жанын бере кіріскен. Немересін тау бөктеріндегі Үлкен Ақсу ауылынан жетектеп келген Аида Супиева қуанышын жасырмады. Осы уақытқа дейін Алматы қаласындағы орталықтарға барып жүрген. Қалаға дейінгі жолдың шығынымен қоса, алыстығынан баланың шаршап, дегбірі қашатыны тағы бар. Ондағы орталықтар күніне 25 мыңнан астам қаржы сұрайды.
Ал мұнда баға әлдеқайда төмен қойылған. Баланың әр күні үшін ата-ана 9000 теңге төлейді. Әзірге күніне алты бала қабылдап отырған орталыққа сұраныс көрші Кеген, Райымбек аудандарынан да түсіп жатыр екен. Бірақ сол балалармен айналысуға маман тапшылығы қатты кедергі келтіруде. Орталық директоры Панархан ханым тәжірибесі жоқ, бірақ баламен жұмыс істеуге ынталы әрбір жанды қуана қабылдап, өздері арнайы курстардан өткізіп, тәжірибе алмасып, маман етіп тәрбиелеуге дайын екендіктерін де жеткізді. Тек олардан балаға деген махаббат, жұмысқа деген талпынысы болса жеткілікті екенін айтады.
Баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, сөйлеп кетуіне көмектесетін орталықтың жұмысын қолдау қажет. Ендеше болашағымыздың жарқын болуы қолымызда екенін естен шығармайық.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы