Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Қонаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды. Ол кісінің халық үшін атқарған қалтқысыз қызметі – ұрпаққа өнеге. Алматы қаласы Алатау ауданындағы Бауыржан Момышұлы мен Мөңке би көшелерінің қиылысындағы 15-үйдің қабырғасында бейнеленген заңғар тұлғаның келбеті алыстан көз тартады. Қайраткерге қараған сайын, адалдық пен тектіліктің, кісілік пен кішіліктің асқақ үлгісін көреміз.
Қазақтың асыл перзентіне арналған муралдың бой көтеруіне Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық қордың белді мүшесі Қалдарбек Срайылов мұрындық болған. Қонаев атамыздың есімі аталған жерден табылатын азамат бұл жолы да қайраткерге ерекше құрмет көрсетті. Сөз орайы келгенде айта кетейік, сегіз баланың әкесі Қалдарбек (Бек)Смайылұлы Дінмұхамед Қонаевтың бейітін тазалап, қоршауын сырлап, оны бүтіндеп ел назарына іліккен болатын. Заңғар тұлғаның кітабын қайта басқызып, Қонаевқа арналған аламан бәйгеге астындағы автокөлігін тігіп, өз қаражатына еркін күрестен турнир өткізгені де әлі күнге ел есінде.
Халыққа шарапаты тиген Димаш атамыздың рухына тағзым етуді азаматтық борышы санаған Қалдарбек (Бек) Смайылұлы қабырға суретіне кеткен ақшаны да қалтасынан шығарып, муралдың жұмысын жоғары жауапкершілікпен аяқтап шыққан. Қайраткердің қажырлы еңбегін ел танып, жұртшылық көрсін деген ниетпен өзі тұратын көпбалалы отбасыларға берілетін үлкен үйді таңдап, қалалық әкімдіктің рұқсатын алған.
Муралдың жоспары да біраз уақытты қамтып, үлкен іске ұйытқы болған азаматты көп толғандырған. XX ғасырдың аса көрнекті қайраткері Қазақстанды дамудың даңғыл жолына бастады. Дінмұхамед Ахметұлы ел басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде жүздеген өндіріс орны есік ашып, ірі құрылыс ғимараттары бой көтерді. Міне, сондықтан да өз ісіне адалдық танытып, халқына деген сүйіспеншілігі бөлек тұлғаның бойындағы бар қасиетін бір суретке сыйғызу оңай болмаған. Муралда сол кезде бой көтерген 43 қаланың әрбірі жеке атауымен айшықталып, астына Димаш атамыздың «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деген нақыл сөзі жазылып, бейнесі кестеленген.
Ұлы тұлғаны ұлықтау шараларына ұйытқы боп жүрген Қалдарбек мурал салуды біраз жыл бұрын жоспарлаған. Дегенмен үлкен іске лайықты демеушілер табылмай, қомақты қаражат жиналмағандықтан жүзеге асуы оңайға соқпаған. Сегіз баланы бағып-қағып, күнделікті жұмысын қоса ала жүріп, ақыры қолға алған ісін ойдағыдай бітіреді. Мейіржан Отыншиев есімді азамат үй керегесін өрнектеуге жергілікті әкімдіктен рұқсат алып беруге көмектессе, муралдың эскизін, отбасымен бірге ақылдасып шешкен. Суретті өз ісінің шебері Жәнібек Жұмағалиев бейнелеген. Ені – 15метр, биіктігі – 12метр болатын мурал 5 күн ішінде салынған.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың мол мұрасын болашаққа жеткізу – абыройлы парыз. Халықтың сүйіспеншілігіне бөленген тұлғаның өнегелі өмірін бүгінгі ұрпаққа үлгі ету жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген Қалдарбек (Бек) Срайыловтай азаматтардың қатары арта берсін дейміз.
Құралбек СӘБИТОВ