Биыл Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың қарасы әдеттегіден мол-ақ. Әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық беру жөніндегі комиссияның алдын ала іріктеуден өткен және конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармаларының тізімінен бірнеше ақынның жаңа туындысын кездестіріп отырмыз. Ақындарымыздың бірқатары проза жанрындағы туындыларымен бақ сынап жатса, Қазыбек Иса («Сыртолғау»), Светқали Нұржан («Көкірегім – көне кітап»), Бауыржан Жақып («Білте шамның жарығы») тәрізді дарынды жігіттердің жаратқан аттары ә дегеннен-ақ додадан суырыла шығып, аламан жыр бәйгесіне түскенін көзіміз шалды. Жас шамалары қарайлас, әдебиетке келген уақыты да бір үш жүйрігіміздің қай-қайсысы да қамшы салдырмайды. Оған дау жоқ. Өткен ғасырдың 80-жылдары үшеуінің де жыр сапарындағы тұсауын өзім кесіп, бір-бір Пегасқа жүген салып беріп, ұлы додоға әкеліп қосқаным есіме түсіп отыр. Қазір Қазыбек Иса, Светқали Нұржан, Бауыржан Жақып есімдері жырқұмар қауымға етене таныс, үшеуінің де қазақ өлеңінің төрінде елеулі де еңселі орны бар. Әрқайсысы бір-бір жілік ұстап, сыбаға иеленуге лайықты ақындар. Дегенмен өзім таяуда оқып шыққан бір жинақ жайында ғана пікір айтқалы отырмын.
Қазыбектің «Сыртолғауын» қолына алған поэзия жанкүйері оны бір деммен оқып шықса да, алған әсерінен арыла алмай, сан түрлі күйге түсіп, терең ойға шомып отыратынына мен кепіл. Ал «Сыртолғауға» енген өлеңдерге, іңкәрлік пен сағынышқа толы ғашықтық ғазалдарына, «Мұңлық-Зарлық мұқамы», «Азанама» үштағаны секілді сүбелі туындыларға түгел талдау жасап, оның қадір-қасиетін барынша таныту үшін кітапты арнайы зерттеу нысанасына айналдырып, қомақты көлемде салиқалы сын жазылуға тиіс. Бұл әдебиет сыншыларының абыройлы қызметі болса керек. Ондай міндетті мойныма алып отырмағандықтан мен ақынның бір-екі ерекшелігіне ғана тоқталып, пікір түйгенді орынды көрдім.
Оң қолына қалам, сол қолына қылқалам ұстап, қойын дәптері мен планшетін қоса ала жүретін Қазыбек Исаны қырық жылдан астам уақыттан бері білемін. Алғаш танысқан кезімізде ол Алматыдағы Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының (қазіргі ҚазҰПУ) көркемсурет-графика факультетінде оқитын студент еді. Өнердегі өзге ортадан гөрі ақындардың арасына жиі үйірсектеп жүретін балаң жігіт алғашқы жырларын оқыған кезде-ақ оның өлең өлкесіне өзгеше ақын болып енетінін байқағанмын. Өйткені оның құйылған мүсіндей көркем, әуезді де сазды жырларынан, сырлы өлеңдерінен жанды сурет, бейнелі сөз тіркестерін жиі ұшырататын едік. Асылы, Қазыбек екі музаны – кескіндеме өнері мен поэзияны тұтастырып бойына сіңірген саңлақ суреткер. Әлем әдебиетіне ірі олжа салған Микеланджело Буонарротиден бастап, Рабиндранат Тагор, Максимилиан Волошин секілді тұлғалардың да әрі суретші, әрі ақын болғанын білеміз. Меніңше, Қазыбекті де қомсынбай қазақ өлеңіндегі ерекше өнер иесі ретінде осы тұлғалардың қатарында танып жатсақ еш артықтығы жоқ. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіттер бар ғой, шүкір, бірақ екі музаның тізгінін қолына тең ұстаған қазақ ақыны көп емес! Әсіресе, біз сөз еткелі отырған «Сыртолғау» жыр жинағының «Бұрқырайды бояулар» бөліміндегі «Белгісіз суретші», «Винсент Ван Гог», «Әсемдік әлеміне саяхат» секілді өлеңдердің жазылуы да тегіннен-тегін емес екенін бірден байқаймыз. Сонда да біз «Өнер алды – қызыл тіл» деп білеміз, өлеңді «сөз патшасы» деп танимыз.
Қазыбек Исаның 1995 жылы жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағы «Керімсал» деп аталады. Кірпияз талғамына жүгінген ол мүмкіндігі бола тұра, үсті-үстіне жиі кітап шығаруды да мұрат тұтқан емес. Бірақ әрқайсысының арасына жылдар салып жарық көрген «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл», «Сырымды айттым далаға» атты жыр жинақтары уақыт өткен сайын үнемі өсу үстінде болды. Рас, оның дарыны мен таланты, әдебиетімізге сіңірген еңбектері әдеби ортада бағаланбай қалған жоқ. Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықпен марапатталды және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды. Ол еліміздің ертеңі үшін, мемлекеттік тіліміздің мәңгілігі үшін басын бәйгеге тігіп, саясатпен де айналысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері деп танылды. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты болды. Ал Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған осы «Сыртолғау» атты жыр жинағы оның тағы бір үлкен белесті бағындырғанына куәлік етеді.
Ақын өзінің азаматтық тұлғасын қалыптастырып:
«Маңдайын күнге күйдірген,
Табанын жерге тілдірген,
Қайран ел, қазақ ақысын
Қайтару үшін жүрмін мен!» – деп, тілінің ұшымен ғана емеурін танытып қоя салмай, ісімен де күрескерлік көрсетіп, қайраткерлік деңгейге көтерілді. Осы келтіріліп отырған шумақ оның өмірлік кредосына айналған сықылды.
Қазақтың ақын халық екені әлмисақтан аян, бірақ қазақ өлеңі өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап қатты өзгерді. Өлеңнің өрісін кеңейткен Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Жүсіп Қыдыров, Сәкен Иманасов сияқты көптеген ақындары бар жұлдыздар шоғыры қазақ поэзиясын бұрын-соңды жетпеген шырқау биікке көтерді. Аз уақыт ішінде өлеңіміз мазмұны, бояулар үйлесімі, көркемдігі жағынан байып қана қойған жоқ, сан алуан формаға түсіп түрлене берді. Тіпті осыған дейін жазылған әдебиет теориясындағы өлең түрлері туралы айтылған пікірлердің бірқатары кәдімгідей «ескіріп» қалды. Аға буынның үлгісін ізінен ерген жаңа толқын – біз жалғастыра түстік. «Сыртолғаудағы» ерекше бір өлеңге арнайы тоқтала кеткелі отырмын.
«Егіліп көптен жүрегім, өзіңді аңсадым,
Төгіліп кеткен білемін, сезім моншағын.
Боздайды желді үн бір тынбай,
Бозінген сарын…
Жаздайғы елдің жұртындай езілген шағым…
Айтатын күнде ғашықтың зарын білсе еді…
Қайтатын күнге асықпын,
Сағындым сені…
Сапарым бітпей алдымда жатқан сан мекен,
Атарын күтпей таңның да, аттансам ба екен…
Егіздер үшін ең ыстық неге сыңары?..
Мені ізде, құсым…
Кеңістік көресің әлі…
Бағыма біткен тұр гүлім
Уақытқа шыдар…
Сағына күткен бір-бірін
Бақыт та шығар…»
(«Дерттізар»).
Байқайсыздар ма, өлең қазақ әдебиетінде 70-80-жылдары қалыптаса бастаған он үш буынды, үш бунақты түрмен, бес буынды егіз ұйқаспен орындалған. Бұл өлеңді дәстүр жалғастығы деп те қабылдауға болады. Дәстүр жалғастығы болса да, өз жаңалығы бар өлең. Өлеңнің соңғы бунақтағы ұйқастары ғана емес, ішкі ұйқастары да өлеңнің саздылығын, әуезділігін (музыкальность) арттыра түскен. Тіпті, өлеңнің басынан аяғына дейін егіз жолдардың алғашқы бунақтары да, ортаңғы бунақтары да, барлық жолдары өзара ұйқасады.
«Егіліп көптен // жүрегім, // өзіңді аңсадым,
Төгіліп кеткен // білемін, // сезім моншағын…»
Тұрсынжан Шапай айтқандай, «қара өлеңде айылын жимай, қаннен-қаперсiз ұзынынан сұлап жататын қазақы тармақтардың балағындағы ұйқас басына қарай жылжып» бара жатқанын осы өлең ап-анық көрсетеді. Бұл – теңдесі жоқ үлкен шеберлік! Қазақ өлеңін түрлендіре түсуге зор үлес қосып келе жатқан дарынды ақын Төрегелді Тұяқбаевтың бірнеше кітап арнап, «сөз биін» қалыптастыруға әрекет жасап жүрген жаңалығымен ғана шендестіруге болатын шеберлік! Қазақ өлеңін құрылымы жағынан түрлендіре түсуге зор үлес қосқан ақын ретінде мен мұны өте жоғары бағалаймын. «Сылдырлап өңкей келісім» (Абай) көрсетіп тұрған мұндай шеберлікті меңгерген ақын үшін өлең өлкесінде алынбайтын асу, бағынбайтын шың жоқ!
Әдетте біз ақындардың тілге тиек еткен тақырыбын сөз етеміз ғой, ал Қазыбек мүлде тақырып таңдап жатқан жоқ. Балуанға оңы да бір, солы да бірдің кері. «Сыртолғауда» сіз іздеген көкейкесті тақырыптардағы әр алуан өлеңдер баршылық. Дегенде де оның өлеңдерінің бірқатары Қазақ елінің өткені мен бүгінін салыстырып, ертеңіне үмітті көзбен қарап жазылған. Ол үшін ұлы өлең еліміздің шынайы тәуелсіздігі:
«Ата-баба арманын ел
Мойынына бұршақ салып тілеген,
Тәуелсіздік үшін күнде тәу етіп,
Ат үстінде түнеген,
Көк түріктен түлеген,
Қазақтығым, Азаттығым –
Бағасы жоқ Ұлы өлең!»
Міне, осындай жырлар рухыңды көтереді, еңсеңді тіктейді. «Сыртолғауда» осы сарындас азаматтық ұстанымы айқын, заман тынысын сездіріп отыратын өр өлеңдер жеткілікті.
Өз басым кезекті бір науқанда Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа шығармалар ұсынылған сайын кәдімгідей қобалжып отырамын. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың бірқатары қайта басып шығаруға жарамайтын не көркемдігі төмен, не өткінші саясаттың сойылын соққан күлдікөмеш дүние болып шығатыны жанымды ауыртады, жүрегімді сыздатады. Кеңес өкіметі кезінде Мемлекеттік сыйлық алған шығармалар «Библиотека произведений, удостоенных Государственной премий СССР» деген сериямен жүздеген кітап жарық көріп жататын. Ол шығармалар бірнеше тілге аударылып, оқырман қажеттілігін өтеуші еді. Сол үлгімен қайсыбір жылдары «Жазушы» баспасы «Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығын алған шығармалар» деген серия ашып еді, сыйлық алған жүзге тарта автордың он шақты кітабын ғана шығарумен тұйықталып қалды. Себебі айтпаса да түсінікті. Қайта басылымға жарамайтын кітапқа ең жоғары сыйлықтың өзі де үлкен абырой әпере алмайтыны белгілі ғой!
Мен ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғауы» оқырман қауымның, әсіресе, поэзия жанкүйерлерінің қолында жүретін, кітап сөресінде тұратын сүйікті кітабы деп есептеймін. Ондай туынды, әрине, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа да лайық болса керек!
Байбота Қошым-Ноғай,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты