«Кәсібің – нәсібің» демей ме, дана халқымыз? Бүгінде өз нәпақасын әртүрлі істен тапқан қаншама жан тиісті кәсіппен айналысып, отбасын асырап, өзге адамдарды да жұмыспен қамтып жүр. Сондай жандардың қатарында Кеген ауылындағы «Мақпал» сән салонының иелері, шаштараз Төлеген Баймұханұлы мен Мақпал Омарқызын даралап айта аламыз.
Қашан көрсең жайдары мінезімен кішіпейілділік танытып, келген әрбір жанның көңілін тауып, қалаған шаш үлгісін әп-сәтте әдемілеп жасап, қалағаныңдай қиып беретін ерлі-зайыптыларға тамсанбасқа шараң жоқ. Ізденістің арқасында кішкентай ғана дүгіршектен бастау алған кәсіптері бүгінгі таңда халық көп келетін сән салонына айналған. Мұның артында тынымсыз еңбек пен қажырлықтың тұрғаны сөзсіз. Ол арқылы тек өздері үшін пайдалы іс жасамай, халыққа өз септіктерін тигізіп, аудан экономикасының көтерілуіне де ықпал етіп жатқаны рас. Өздері сынды жас отбасыларына өнегелі істерімен үлгі болып келе жатқан шаштараздар әр адам қолынан келетін іспен айналысуы керек деп ойлайды. Ең бастысы, екі қолға бір күрек тауып немесе кәсіп ашып, өз ісіңді дөңгелету екенін айтады. Адам бос қарап жатпай, бір іспен жан-тәнін салып айналысса ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізіп, берекесінің де артатынын айлға тартады кәсіпкерлер. Біз де өз тарапымыздан кәсіптен нәсіп тауып отырған шаштараздар жұмысына сәттілік тіледік.
Нұрболат Тастанқұлов,
Кеген ауданы