Жуырда Астана қаласында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Ағайша Исағұлова атындағы бірінші халықаралық сырнайшы-әншілер байқауы өтті. Қазақстанның барлық өңірімен қатар Өзбекстан, Татарстан, Қытай сынды елдерден де сырлы сырнайды серік еткен аспапшылар мен әуезді әншілер бақ сынаған байқауда Еңбекшіқазақ ауданының өнерпазы, әнші Дербес Әскербекұлы жүлделі орынды иеленді.
«Елу өнерпаз қатысып, соңғы кезеңге он үшіміз өттік. Финалда «Сайра, бұлбұлым», «Үш Меркі» әндерін орындап, сырнаймен ән айту шеберлігімді сынап көрдім. Бұл – менің білуімше, сырайшы-әншілердің алғашқы үлкен байқауы. Халық арасында сырнай секілді ұлттық музыкалық аспабымызды дәріптеп, кеңінен таныту, жастардың оған деген қызығушылығын арттыру үшін де мұндай байқаулардың маңызы зор» деген Дербес Әскербекұлы бүгінде Еңбекшіқазақ ауданындағы Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінде көркемдік жетекші болып қызмет етеді. Сонымен қатар осындағы «Інжу-маржан» әжелер ансамблінің жетекшісі.
«Қазақтың ұмыт болып бара жатқан ескі әндерін тауып, оларды ансамбльмен қайта жарыққа шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз. Ән мен күй – біздің атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан үлкен қазынамыз. Сондықтан кешегі күннің шығармаларын болашаққа жеткізу – өнер саласында жүрген әрқайсымыздың парызымыз деп білемін», – деген кейіпкеріміз шәкірт тәрбиелеп, өскелең ұрпаққа қазақтың музыкалық аспаптарының, соның ішінде сырнайдың қыр-сырын үйретуге біркісідей атсалысып жүр.
Өзі шығарған жиырма шақты әні бар Дербес өнердің нағашыларынан дарығанын, әжесі ауыл арасындағы жиын-тойларда ән айтып, ортаның сәнін келтіріп отыратынын, ал анасының халық әндерінің ғажайып сазын нақышына келтіре орындайтынын бала кезінен құлағына сіңіріп өскенін алға тартады. Кейін есейе келе мектепе оқып жүргенде Шыңжаң радиосынан Хамит Ысқақұлы, Назар Смайылұлы, Дәлелхан Әділбекұлы сынды әншілердің әнін тыңдап, соларға еліктеген.
Жастайынан әнге әуес болып өскен Дербес Әскербекұлы Қытай халық Республикасының Шыңжаң провициясына қарасты Іле-Қазақ автономиялық облысында дүниеге келген. Атасы – Сатыбалды мен әкесі – Әскербек асыл тұқымды жылқы ұстап, олар баптаған сәйгүліктердің атағы бүкіл Қытайға тараған екен. Әрине, «Әкеге қарап, ұл өсер» демекші, Дербес үш-төрт жасынан атқа қонып, құлағында ойнайтын еді. Соның арқасында жеті жасында ат спорты федерациясына спортшы болып қабылданады. Осы спорт федерациясының қабырғасында жүріп, жеті жылға жуық түрлі жарысқа қатысып, тек алдыңғы орындардан көрінеді. 1986 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен бүкілқытайлық жасөспірімдердің олимпиадасында алтын медаль мен Гран-приді жеңіп алып, «Ат спортының үздігі» атанады. Спорттағы жарқын жолы сол кезде анықталғанымен, Дербестің өнерге, әншілікке деген қалауы басым болып, 1988 жылы Іле облыстық өнер академиясына оқуға түседі. Үш жыл музыкалық білім алып, сырнай аспабын, пианино мен домбыраны жан-жақты меңгеріп шыққан ол туған аулы Өртекестегі №1 қазақ орта мектебінде он жыл музыкадан сабақ береді.
Жылқы баптау, ат жаратып, бәйгеге қосу – қанға сіңген қасиет. Оның ұмыт қалмасы анық. Оның айқын көрінісі, Дербес мектептегі ұстаздық қызметпен бірге ат спорты федерациясында жаттықтырушылықты қатар алып жүреді. Кейін 2003 жылдың аяғында атамекенге көшіп келгенде де осы жылқы баптауды біраз жыл кәсіп етеді. Ал соңғы екі жылдан бері әншілік өнеріне қайта оралған кейіпкеріміз алдағы уақытта шәкірт тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуді мақсат етіп отыр.
Құралай Мұратызы,
Еңбекшіқазақ ауданы