Қарасай ауданының Алмалыбақ ауылындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының базасында «Ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы: су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару» тақырыбында далалық семинар өтті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы мен облыс әкімдігінің қолдауымен өткізілген шара дәстүрлі Егінжай күніне арналды.
Алқалы жиында еліміздегі су ресурстары тапшылығының өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары, ауыл шаруашылығына әсері жан-жақты сараланды. Далалық семинарға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Жетісу облысы әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев, салалық ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен жетекші ғалымдар, сарапшылар қатысты. Сондай-ақ шаруашылық иелері, фермерлер, агрономдар, ірі кәсіпкерлер мен агробизнес өкілдері келді.
Егінжай күніне жиналғандар алдымен институттың ауыл сыртындағы егістік алқабына барып, тәжірибе алаңында озық әдіспен өсірілген дақылдарды аралап көрді. Одан кейін отандық ғылыми-зерттеу институттары ұсынған жаңа технологиялар, түрлі ауылшаруашылық техникалар мен тыңайтқыш шығаратын, өнім өңдейтін кәсіпорындардың тауарлар көрмесін тамашалады.
Пленарлық отырыста ғалымдар су тапшылығынан болатын қауіптерді ашық айтты. Бұл климаттың өзгеруіне алып келеді. Су ресурстарын тиімсіз басқару және ауыл шаруашылығындағы ескірген технологиялардың кесірінен Қазақстан су тапшылығына ұшыраудың алдында тұр. Бұл топырақ сапасының нашарлауына, өнімнің төмендеуіне, экономикалық шығындарға әкеліп соғады. Мәселенің шешімі – инновация. Яғни тамшылатып суару, топырақтың ылғалдылық датчиктерін пайдалану, суды цифрлық жүйеде басқару және қуаңшылыққа төзімді дақыл түрлерін отырғызу сияқты заманауи технологияларды енгізу маңызды.
Ол үшін жұмысты кешенді түрде жоспарлау керек. Су тапшылығы проблемасын шешу үшін алдымен заңнаманы жетілдіру қажет. Соның негізінде ғылыми зерттеулерді дамытып, инфрақұрылымға инвестиция тарту, халыққа көбірек ақпарат тарату және мемлекет, ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру маңызды. Бұл мәселеде ғылымның рөлі зор. Ғалымдар жаңа технологияларды әзірлеу мен енгізуде, су ресурстарының жай-күйін бақылауда, ықтимал тәуекелдерді болжауда шешуші рөл атқарады.
Осы жайлар ортаға салынып, суды үнемдеу және су ресурстарын басқару саласындағы жаңа әзірлемелер ұсынылды. Ол ұсыныстар еліміздің ауыл шаруашылығының тиімділігі мен климаттың өзгеруіне саланың төзімділігін арттыру үшін енгізілуі мүмкін. ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы – еліміздегі ғылым мен техниканың түрлі саласында зерттеумен айналысатын жалғыз жоғары ғылыми ұйым. Академия ғылым және инновация саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға белсенді түрде қатысады.
Бұл орайда аталған ҰҒА президенті, жиын модераторы Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, Қазақстан әлемде сумен ең аз қамтылған елдердің қатарына жатады. Сонымен қатар, елдің су ресурстарының жартысына жуығы мемлекеттен тыс жерде қалыптасады. Дүниежүзілік банк сарапшыларының деректері бойынша, 2030 жылға қарай Қазақстанның су ресурстарының көлемі 15 пайызға қысқарады. Бұл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін басты қатерлердің біріне айналады.
– Су ресурстарының негізгі тұтынушысы – ауыл шаруашылығы, яғни елдің жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 70 пайызы осы салаға жұмсалады. Егер біз кешенді түрде су ресурстарын тиімді басқаруды үйренсек, онда су тұтыну көлемін кемінде 50 пайызға қысқартып, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін 1,5 есе арттыра аламыз. Бұл теория емес, бұл біздің озық шаруашылықтарымыздың нақты көрсеткіштері. Мұның бәрін сіздер бүгін тәжірибе алаңдарында көрдіңіздер, – деді академик.
Елімізде су ресурстарына деген ысырапшылдық әлі бар екенін айтқан Ақылбек Күрішбаев нақты мәлімет келтірді. Мәселен арналардың 78 пайызының түбі мен жағалауы әлі күнге дейін су өткізбейтіндей етіп бекітілмеген. Соның кесірінен ағын судың шамамен 40 пайызы тұтынушыға жеткенше жерге сіңіп кетеді. Суармалы жерлердің тек 20 пайызында су үнемдеу технологиялары қолданылады, оның ішінде тамшылатып суару тек 5,4 пайыз ғана. Бұл – суды ұтымсыз пайдалану деген сөз. Жалпы ішкі өнімнің 1 долларына шаққанда біздің ел Ресейден 3 есе, АҚШ-тан 6 есе көп су жұмсайды. Суармалы жерлердің қазіргі жай-күйі тіптен қиын. Көлемі 1991 жылмен салыстырғанда үштен бірге қысқарды немесе 846 мың гектардан астам жер айналымнан шығарылды. Бұл негізінен судың жетіспеушілігінен және мелиоративтік жағдайының нашарлауынан болып отыр.
Академик маман тапшылығына да тоқталды. Қазіргі уақытта нарыққа 800 адам қажет болса, жыл сайынғы жоғары оқу орындары даярлайтын мамандар саны 100-ден аспайды. Елімізде су саласы үшін орта буын мамандарын даярлау жүйесі іс жүзінде жоқ. Саланың қажеттілігі 2000 адам болса, бізде жылына небәрі 100 гидротехник шығаратын 5 колледж ғана бар. Тағы бір олқылық – маман біліктілігіне қатысты жүйенің болмауы. Салдарынан фермер суды ұтымды пайдаланудың заманауи әдістері мен технологияларын меңгере алмайды.
Елдің бас ғалымы су саласындағы мәселені шешу үшін кешенді түрде жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды. Қазіргі уақытта қолданыстағы бағдарламалық құжаттар негізінен мекеме деңгейіндегі сипатта және экономиканың басқа салаларымен байланысты емес, тек жергілікті мәселелерді шешуге бағытталған. Министрліктер арасында тиісті деңгейде байланыс жоқ, сондықтан қабылданатын шаралардың шалағайлығы және жұмыс нәтижесінің тиімділігі төмен.
Жиында сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бүгінде ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының негізгі драйвері екенін атап өтті. Себебі тұрғындардың 84 пайызы ауылда тұрады.
– Биылғы 1-жартыжылдықта 190,1 млрд теңгенің өнімі шығарылып, нақты көлем индексі 106,5 пайызға жетті. Облыс республика бойынша ауыл шаруашылығында жалпы өнімнің көлемі бойынша 12,1 пайыз үлесімен 2- орында. Ағымдағы жылы егіс алқабы 461,6 мың гектарға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,2 мың гектарға артық. Осы жылы экономикалық өсімді 6 пайызға қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттыру маңызды. Бұл ретте, шаруаларды жоғары сапалы аудандастырылған және мол өнім беретін сорттық тұқымдармен үздіксіз қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі, – деді облыс басшысы.
Марат Елеусізұлы саладағы өзекті мәселенің бірі ретінде суармалы жерлерді толық игеруге тоқталды. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлер көлемі – 243,6 мың гектар. Ирригациялық желілердің тозуы, суару жүйелерінің болмауы егістік алқаптарын толық игеруге кері әсер етуде. Облыста су үнемдеу технологиясы 34,9 мың гектарға енгізілді. Жыл соңына дейін аталған технологияны тағы 7,6 гектарға кеңейтіп, жалпы 42,6 гектарға жеткізу жоспарланған. Мұндай жұмыстар ауыл шаруашылығын дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға мол мүмкіндік жасайды.
Осы мәселедегі жалпы жағдайды ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз баяндады. Қазақстанда суармалы жерлердің ауданы шамамен 1,6 млн гектар. Бұл – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз. Сондықтан суармалы жерлердің аумағын 2030 жылға қарай 2,5 млн гектарға дейін кеңейту жоспарлануда. Аталған министрлік қазір жаңа Су кодексінің жобасын әзірлеуде. Жаңа заңнамадағы басты назар елдің су-ресурстық әлеуетін қамтамасыз ету үшін су қорларын сарқылудан және ластанудан қорғауға бағытталады. Негізгі міндеттер суды үнемдеу саясатын қалыптастыру, сұранысты басқару, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, ғылыми негізделген тәсіл, басқарудың экономикалық тетіктері, құрылыстарды пайдалану қауіпсіздігі және тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану бағыттарымен толықтырылды.
Мемлекет басшысы өткен жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында озық су үнемдеу технологияларын жылына 150 мың гектарға дейін енгізуді жеделдетуді тапсырды. Тапсырманы іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мемлекеттік органдармен келісім бойынша 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеу жөніндегі жол картасын бекітті. Жол картасында су үнемдеу, тариф белгілеу жүйесі, су саласын цифрландыру бөлігінде су заңнамасын жетілдіру, мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тетіктері қарастырылған. Сондай-ақ кәсіпорындарда суды есепке алудың, айналымды және қайта сумен жабдықтаудың қазіргі заманғы жүйелерін енгізу, тұрғын үй-коммуналдық жүйелерді салу және пайдалану, қоғамда суға ұқыпты қарауды насихаттау және тәрбиелеу жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Осының негізінде жергілікті атқарушы органдар өңір ерекшелігін ескере отырып, экономиканың барлық саласында су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде нақты іс-шаралар көзделетін модельдік жоспарды бекітетін болады.
Вице-министр фермерлерді су үнемдейтін жабдықтармен қамтамасыз ету жайын да сөз етті. Республика аумағында жаңбырлату машиналарын шығаратын екі отандық зауыт жұмыс істейді, олар: «BNK Group LTD» ЖШС және «ADAM manufacturing» ЖШС. Сондай-ақ, «Kazakh Invest» АҚ су үнемдеу технологияларын шығаратын зауыттар құру үшін шетел компанияларын тартып, жаңбырлату машиналарын өндіретін екі жобаны қолға алған. Одан бөлек, ел аумағында тамшылау желісінің жабдықтарын шығаратын екі зауыт жұмыс істейді. Озық технология енгізу суармалы суды 20-30 пайызға үнемдеуді қамтамасыз етеді. Мұның өзі үнемделген судың есебінен суармалы жерлердің ауданын ұлғайтуға және 2030 жылға қарай оның көлемін 1,3 млн гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл министрлік оазистік суару үшін жерасты суларын пайдалану үлесін арттыруды жоспарлаған. Жерасты сулары қорының көп бөлігі Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында барланған.
Ал Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мемлекет өз тарапынан ағымдағы жылы егіс науқанын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің негізгі мәселелерін шешу үшін бірқатар шара қабылдағанын айтты. Биыл алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдікпен несие беру көлемі жылдық 5 пайызбен 580 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Егіс жұмыстарын қаржыландыруға 304 млрд теңге бағытталды. Биылдан бастап агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жылдық «таза» 5 пайызбен кредит беру үшін сыйақы мөлшерлемелерін тікелей субсидиялау тетігі енгізілді.
“Бұл туралы көп айтылды, өйткені көбінесе фермерлер субсидиялауға қаражат болмаса, толық мөлшерлемені 22 пайызбен және одан жоғары төлеуге мәжбүр болады. Енді көктемгі дала жұмыстарына бірден 5 пайыз несие алуға болады. Отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы «ҚазАгроҚаржы» арқылы 100 млрд теңге сомасында жылдық 5 пайызбен іске қосылды», – деген вице-министр тыңайтқыштарды аванстық субсидиялау тетігі енгізілгенін айтты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданғаны, онда тұқым шаруашылығындағы жүйелі проблемаларды, оның ішінде селекция мен тұқым шаруашылығының заңнамалық базасын жетілдіру, аграрлық ғылым жүйесін зерттеу қызметінің заманауи әдістеріне көшіру және білім беру бағдарламаларын жаңарту есебінен шешу жөніндегі шаралар көзделгені айтылды. Кешенді жоспарды іске асыруға республикалық бюджеттен 63,4 млрд теңге бағыттау жоспарлануда.
Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Егіншілік институтының басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева, Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Нұрлан Балғабаев, Жер, ғарыш және коммуникациялар ғылыми орталығының жетекшісі Елена Шевченко, «Metzer Kazakhstan» компаниясының бас директоры Мұрат Ақшаловтың есебі тыңдалды. Соңында бірқатар ғалымға салтанатты жағдайда Құрмет грамотасы, Алғыс хат тапсырылды. Сессия жұмысын ҰҒА бас ғылыми хатшысы Исмаил Тоқбергенов түйіндеді. Егінжай күнінің қорытындысы бойынша елімізде су ресурстарын тиімді және қауіпсіз басқару, ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде сараптамалық-талдау анықтамасы әзірленіп, Мемлекет басшысына жолданатын болды.
Серік Сатыбалдиев,
Қарасай ауданы