Райымбек аудандық спорт кешенінде шахматтан жарыс өтті. Облыстық деңгейде жалауын көтерген бәсекеге 8-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, ой спортын жандарына жастайынан серік еткен жандар, жастары 60-тан асып, 80-ді алқымдаған қазыналы қариялар қатысты.
Ой спортын халық арасында кеңінен насихаттап, жас шахматшылардың деңгейін арттыру және бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен айтулы бәсекенің бұл – үшінші кезеңі. Алдыңғы екі кезең Іле, Балқаш аудандарында өткен болатын.
Шараның салтанатты ашылуында үміттерін үкілеп келген 70-тен аса ойыншы жарыс жолындағы қадамдарын ҚР Мемлекеттік Гимніне құрмет көрсетуден бастады. Алғашқы болып сөз алған облыстық шахматтан және үстел ойындарынан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Мерей Әйнеков үстел үсті ойнының мәні мен мақсатына қысқаша тоқталды. Аталған спорттың облыстағы даму барысы туралы хабардар етті. Облыстың барлық ауданынан келген шахматшылардың қадамдарына құтты болсын айтып, сәттілік тіледі.
Келесі кезекте сөз сөйлеген Райымбек аудандық дене шынықтыру мен спортты дамыту орталығының директоры Данияр Ғабиден, Қазақстан шахмат федерациясының Алматы облыстық филиалының атқарушы директоры, жарыстың бас төрешісі Сәрсенғали Жанқуатов ақ ниет, ыстық ықыластарын арнады.
Салтанатты рәсім аяқталысымен жарысқа қатысушы 8-10, 10-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер, ересектер болып үш топқа бөлініп, шаршы тақта үстіндегі әр партия 10 минут 5 секундқа белгіленген соң, ойын басталып кетті.
Осы орайда мына мәселеге айрықша мән бере кеткен орынды. Ол – бүгінгі таңда республика көлемінде шахмат пен дойбы, тоғызқұмалақ, биллиард сияқты үстел үсті ойындарына мемлекеттік деңгейде үлкен көңіл бөлініп отырғаны. Аталған спорт түрлерін дамыту мақсатында қазір 17 облыс пен 3 қалада шахмат федерациялары құрылып жұмыс істеуде. Олардың 20 өңірден ашылған филиалдары бар. Қазір онда дәріс алушылар шеберліктерін елімізде ғана емес, Азия мен әлемдік деңгейде сарапқа сала алатын дәрежеге жеткен. Дүбірлі додаларға қатысып, ел қоржынын толағай табысқа толтырып жүрген саңлақтар да аз емес. Солардың қатарында өткен жылы Қонаев қаласынан ашылған облыстық шахмат және үстел үсті ойындары спорт мектебінің шәкірттері де бар. Мәселен, Елназ Қалиахмет шахматтан Италияда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Иманғали Ақылбай, Жансая Шолпанбектей спортшылар биыл Шриланкада өткен Азия чемпионатында жеңіс тұғырының жоғары сатысынан көрінген. Батыр Ернұр тоғызқұмалақтан Алматы облысы бойынша тұңғыш әлем чемпионы атағын жеңіп алса, Томирис Дәулетбек былтыр Моңғолияда өткен бәсекелі жарыста Азия чемпионы атанған. Осының бәрі елімізде шахматты дамытуға деген ықыластың артып келе жатқанын аңғартады. Қазір облыстық мектептегі 670 оқушының 250-і – шахмат ойынына машықтанып жүргендер. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген ұлағатты ұғыммен қанаттанған облыстық мектептің жаттықтырушылары да жасөспірімдердің ой спортына деген шеберліктерін арттыруға барынша күш-жігерлерін жұмсап келе жатқанын айтқан орынды.
Сонымен күн сәскеде тармаса басталған ойын екінтіні аударып барып, өз мәресіне жетті. Жарыстың қорытындысы бойынша 8 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы бәсекеде Талғар ауданынан келген Тәуекел Қасымхан, Дәулет Дәрменияр, Нұрғазы Елдар 1, 2, 3-орындарды жеңіп алды. 10 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жарыстың жеңісі тағы бір талғарлық Нұрия Бұланбаеваның қанжығасына байланды. 12 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы жарыста талғарлық Әлихан Өміртай 1-орынды иеленсе, Іле ауданының шахматшысы Нұрдәулет Айдынұлы жүлделі 2-орынды, талғарлық Нұрбек Биет 3-орынды иеленді. 12 жасқа дейінгі қыздар арасындағы жарыста талғарлық Айшуақ Ерлікқызы, Амина Газиева, Дария Бұланбаева үздік шықты. 14 жасқа дейінгі ұлдар арасынан талғарлық Нұржан Тілеубай, Іле ауданынан Жүрсін Нұрболат, Қайрат Құбылайдың мерейлері үстем болды. 14 жасқа дейінгі қыздардан талғарлық Әмина Назар, Көгершін Нұрғазы, ілелік Айзере Иса жеңіс тұғырына көтерілсе, 16 жасқа дейінгі ұлдардан талғарлық Мұқан Асылқан мен Ұйғыр ауданының ойыншысы Ярлин Якупов, қыздардан талғарлық Мәдина Қадыр мен Ұйғыр ауданынан келген Лашын Мақсұтова жеңімпаз деп танылды. Ересектер арасынан өнегелі ойын өрнегін көрсеткен Іле ауданының шахматшысы Қарлығаш Сейітов 1-орынды айқын басымдықпен жеңіп алды. Талғар ауданының ойыншысы Ерлан Нұрмұханбетов 2-орынды иеленді. Ілелік Нұрболат Қашабай 3-орынды қанағат тұтты. Сондай-ақ, әйелдер арасынан Райымбек ауданының Эльмира Тұрсынбай, Құндыз Қорабай сынды саңлақ шахматшылары жеңіс тұғырына көтерілді. Жеңімпаздарға шахмат федерациясының арнайы медальдары мен дипломдары табыс етілді. Сондай-ақ, дүбірлі бәсекеде белсенділік танытқан Райымбек ауданының Ерболат Несіпбаев пен Мұшан Қоқымбаев сынды қарт ойыншыларына да лайықты сый-сияпат жасалды. Осылайша Райымбек аудандық спорт кешеніндегі жылдам шахматтан Алматы облысының кубогын сарапқа салған дүбірлі бәсекенің 3-кезеңі ой спорты шеберлерін шыңдауда өз мақсатына жетті.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы