Бүгін – Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні. Осыған орай Талғар қаласындағы Қонаев көшесінің бойында орналасқан ірі сауда үйінің алдында аудан әкімдігі, прокуратура, ішкі істер басқармасы және «Жанұя» отбасын қолдау орталығының өкілдері қатысқан түсіндіру, үгіт-насихат шарасы өтті.
Биыл Талғар ауданында жеті бала жоғалған. Үлкен қуанышқа қарай, барлығы да аман-есен табылып, жақындарына табысталыпты. Олардың көпшілігі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленген. «Ең бір өкініштісі, қазір көптеген ата-ана жұмыс істеп, табыс табуды басты мақсат санап, бала тәрбиесіне, олармен күнделікті әңгімелесуге, мұқтаждықтарына тиісті көңіл бөле бермейді. Егер әлгі жоғалған балалар жаман ниетті адамдардың қолына түскенде не болар еді? Олар адам саудасының құрбаны болып кетуі де мүмкін ғой», – дейді мамандар.
Аудан орталығындағы адамдар ең көп келетін «Талғар» сауда үйінің алдындағы полиция бекетінің қасында өткен шара кезінде аудан әкімдігінің мемлекеттік-құқық бөлімінің бас маманы, кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі комиссияның хатшысы Райгүл Дүйсенқызы, Талғар аудандық прокуратурасының прокуроры Алтай Есжанов, аудандық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметіне қарасты ювеналды полиция тобының аға инспекторы Салтанат Жанболатова, «Жанұя» отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Мәншүк Айтмұхамбетовалар өтіп бара жатқан жұртты шақырып, оларға балаларды қорғау, адам саудасы жөнінде жөнінде жан-жақты мәліметтер берді.
Халықаралық сарапшылардың бағамдаулары бойынша жыл сайын әлемде мыңдаған адам – ерлер, әйелдер мен балалар өз елдерінде және шет елдерде адам саудалаушылардың құрбанына айналады екен. Соңғы деректерге сүйенсек, дүниежүзінде 2,5 миллиондай адам еркіндігінен айырылып, өзгелерге бағынышты болып жүр.
Шараға қатысқан құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, адам саудасы дегеніміз тек тура мағынасында бір адамды өзгенің иелігіне немесе пайдалануына сату ғана емес, БҰҰ Палермо хаттамасына сәйкес, бұл заңсыз әрекетке – адамдарды алдау, қорқыту, күш қолдану арқылы өміріне қауіп-қатер төндіру немесе мәжбүрлеудің басқа түрлері, алаяқтық, жағдайды, әлсіздікті пайдалану жатады. Ал эксплуатация жезөкшелікке тарту, зорлық, мәжбүрлі еңбек, құлдық, адам ағзаларын пайдаланумен сипатталады.
Адам саудасының ең кең тараған тәсілдері – заңсыз делдал фирмалардың жұмыс ұсынуы, мерзімді басылымдар мен ғаламторда орналастырылған оқу және жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынатын хабарландырулар, ғаламтордағы чат клубтарындағы ұсыныстар, жастармен алмасу бағдарламалары, модельдерге жұмыс ұсынатын агенттіктер, танысу бюролары мен жеке байланыстар. Бұдан қорғану үшін фирмалар туралы ақпаратты ғаламтордан тексеріп, олар жайлы қалдырылған пікірлерді іздеу қажет. Сондай-ақ келісімшартты мұқият оқып, сенімді агенттіктердің қызметін ғана пайдаланған жөн. Барлық байланыс телефонын жақындарыңызға беруді естен шығармаған абзал.
Адам саудасының құрбаны болмас үшін мына нәрселерді жақсы білген жөн. Қылмыстық іспен айналысатын жандар әдетте тасымалдауға және тұруға кететін барлық шығынды төлеп, қажетті құжатты рәсімдейді. Кейін әртүрлі себептермен ұсынылған жұмысқа орналасу мүмкін еместігі анықталады. Осылайша өздеріне қарыз етіп қояды. Әдетте адам саудасымен айналысатын жандар физикалық зорлық-зомбылықтан басқа, өз құрбандарына психологиялық қысым жасайды. Олардың жасайтын қулық әдістерінің ең кең тараған түрлеріне төлқұжатын тартып алу, құрбанды оқшаулау және қозғалысын қадағалау, адамның өзін-өзі бағалауын төмендету және ерік-жігерін басу үшін қорлау және физикалық зорлық-зомбылық қолдану, қашуға тырысса, билік ұйымдарына жүгінсе, елден шығарып немесе түрмеге отырғызып, туыстары мен достарына күш қолданып, жезөкшелік туралы хабарлайтындарын айтып, қорқыту жатады.
Шетелге шығатын жағдайда төлқұжатты ешкімге беруге болмайды. Сондай-ақ оның бірнеше фотокөшірмесін жасап, әртүрлі жерге жасырып қою керек және ол туралы ешкімге айтпаған жөн. Ал қиын жағдайға тап болғанда адамдардың аты-жөнін, автокөлік нөмірі мен нысандардың атауын есте сақтау қажет. Қашып шыққан жағдайда дүкен сатушысынан, форма киген кез келген адамнан, полицейден көмек сұрау міндетті. Бірден арыз жазып, не болғанын, кімнің, қашан, қай жерде және қандай жағдайда құжатынан айрылғаны туралы толық ақпарат беруі керек. Бұл жағдай туралы 11616 шұғыл желі немесе 102 жедел қызмет нөміріне, ал шетелде болғанда сол аймақтағы дипломатиялық өкілдіктерге, үкіметтік емес ұйымдарға хабарласқан абзал.
Шара кезінде сөз алған мамандар жиналғандарға осы жайттар туралы кең түрде әңгімелеп, оларды балаларын әрқашан бақылауда ұстауға, адам саудасынан сақ болуға шақырды. Өтіп бара жатқан жұрт қанша асығыс болса да, бірнеше минутын бөліп, бұл іске бей-жай қарамайтындықтарын көрсетті.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы