-13 °c
Qonaev
Monday, May 19, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Ерліктің даңқы өшпейді

    03.07.2024
    in Барлық жаңалықтар, Тарих
    Ерліктің даңқы өшпейді

    Фото: egemen.kz

    0
    SHARES
    5
    VIEWS

    Тарихымызда қара дақтармен жазылған Екінші дүниежүзілік соғыстың зұлматы талай шаңырақтың шаттығын бұзды. Қанды қырғынға аттанған қаншама азамат жат жерде жастанды. Қару асынуға жасы жеткен еркек кіндіктілердің бәрі Отан қорғауға аттанды. Ел басына бұлт үйірілгенде көздерін жасқа толтыра отырып ұлдарын соғысқа шығарып салған ата-аналар олардың жеңіс туын желбіретіп, туған топырағына аман-есен оралуын тіледі.  

    Соғыс өрті Балқаш ауданындағы Көккөл ауылында мамыражай күн кешкен Шоқан Тортайұлының шаңырағын да шарпып, қанқұйлы зұлмат жүректеріне зілдей жара салды. Бес ұлды өмірге әкелген ардақты ана Айкүн әжеміз жауға қарсы аттанған балаларын зарыға күтумен болды. 1941 жылдың басында үйдің үлкені Қалибек қару асынса, араға үш-төрт ай салып екінші ұлы Шалабай да қанға бөккен майдан даласына бет алды. Екі ағасының соңынан ерген, енді ғана жиырма жасқа толған Мейірбек пен Еркебек те ағаларының артынан кетті.

    Төрт ұлын қанды қырғынға жіберіп, көкіректері қайғыдан қан жұтып жүргенде, 1944 жылдың күзінде үйдің атұстары Кәрібек де әскер қатарына қабылданып, көкіректерін қарс айырады. Міне, осылай бес ағайынды дүйім елді діңкелеткен сұрапылдың отын өшіріп, Отан үшін отқа түсті.

    Қалибек Сталинградта соғысса, Шалабай дұшпанмен Ленинградта кескілеседі. Қос ағайынды кескілескен шайқаста ерлік көрсетіп, фашистерді жер жастандырып, батырлығын танытады. Өкінішке орай,  екеуі де жау қаруынан жапа шегіп, ауыр жараланады. Дегенмен, тәніне тиген ауырлықтан айыққан соң туған жерге оралып, ата-анасының қуанышын арттырып, ел ісіне араласады. Бірақ уақыт өткен сайын зұлматтың салған зілі ауырлап, дерттері дендеп бірі 64, ал екіншісі 41 жасында бақилық болады.

    Ал соғыста көзсіз ерлік көрсеткен Мейірбек пен Еркебектен еш хабар болмай, сол кеткеннен еліне оралмады. Бозбала қалпында майдан даласына аттандырған боздақтарын бір көре алмаған Шоқан ата мен Айкүн әженің жүрегін күн санап мұң торлай берді. Жат топырақты жастанған ұлдарының жерленген жеріне жету орындалмаған арман күйі қалды. «Еркебек ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хабар жеткенімен оның жүрек оты қайда сөнгені, бір уыс топырақтың қайдан бұйырғаны жұмбақ күйі қалды.

    Араға біраз жыл салғаннан кейін қыршыннан қиылған боздақ жайлы ақпарат табылып, оның жерленген жері мен соғыстағы ерлігі белгілі болды. Балаларынан бір хабар алсам деген ата-ананың тілеуін жалғап, олар жайлы хабар-ошар білсем деген үмітін сөндірмеген кейінгі ұрпақ сұрапылда жоғалған аталары жайлы деректерді іздеуден жалықпаған. Дамыған заманда, ғаламтордың ғаламаты арқылы Еркебектің бауырының ұлы Қасен Шалабаевтың немересі Айзат Болатқызы үлкен ақпаратқа қол жеткізді. Ол Ресейдегі орталық қорғаныс архивінің арнаулы сайтынан үлкен атасының бауыры Еркебектің Германияда бауырластар зиратында жерленгені жайлы мәлімет тапты. Онда 1945 жылы генерал-майор Аркадий Снегуров Еркебектің ерлігін жазып, өз қолтаңбасымен баяндау хат қалдырған. Онда «Польша жерінде, Висла өзенінің батыс жаға­лауындағы неміс басқын­шыларының қорғанысын бұзып өту кезінде (19 қаңтар 1945 жыл) пулемет оқтарының қардай бо­рап тұрғанына қарамастан, біз­дің әскерилерге бөгет жасап тұр­ған миномет батареясын, 3 пулеметті анықтап, оларды тас-талқан етті. Сержант Еркебек Шоқанов жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру кезінде жеке өзі немістің 8 солдаты мен бір офицерінің көзін жойды. Берлин маңында болған шайқаста сержант Шоқанов зенит бригадасын анықтап, нәтижесінде, дивизия ша­буылымен ол позициялар жойылып, жау орнын тастап кетуге мәжбүр болды. Осы айқаста сержант Шоқанов жеке өз басы не­міст­ің 6 автоматшысы мен 2 «фауст­никтің» көзін құртты» деп жазылған. 1945 жылдың 18 мамыр күні әске­ри кеңестің мүшесі генерал-лей­тенант Телегин қол қойып, қазақ сарбазына көзсіз ерлігі үшін Қызыл Ту орде­ні беріліпті. Одан бөлек Еркебек Шоқановтың «Даңқ» орденіне ұсынылғаны жөнінде де айтылған. Аталары төсенген топырақты табуды аңсап,  туыстарын іздеуден жалықпағандар Еркебек жайлы қуанышты хабар алғанымен, Мейірбек туралы бірде-бір мәлімет таба алмай келеді. Сарбаздың сүйегі қайда жатқаны әлі күнге дейін белгісіз. Тіпті, ұлдарының бірінен соң бірінен айырылып, қайғыдан қан жұтқан шаңыраққа «Кебенек киген оралар» деген үмітті сөндірер қаралы хабар да айтылып, бір тілім қара қағаз да келмеген.

    Үйдің кенжесі Кәрібек Алматы маңындағы атты әскер дайындайтын полкте алты айлық сынақтан өтіп, алдыңғы шепке аттануға дайындалғанда Ұлы Жеңістің сүйінші хабары жетіп, үйге оралған. Жеңіс туын желбірету үшін жандарын пида етіп, тағдыр жолы таразыға салынған шаңырақтың тарихы осындай. Сұрапыл соғыстың кесірінен отбасының оты сөніп, ұрпағы жалғаспай қалған қазақ қаншама?! Міне, осы орайда әкесінің бауыры Мейірбектің атын өшірмеуді  аталарының алдындағы азаматтық борышы санайтын  Қасен Шалабаев Мейірбек атасының есімі кейінгі ұрпақтың жадында қалмай ма деп қынжылады. Майдангердің әулетінен шыққанын үнемі мақтанышпен айтатын Қасен ата ата-апасы Мейірбек пен Еркебекті аузынан тастамайтынын, олардың басынан топырақ алуды күн-түні армандағанын тілге тиек етті. Мейірбек атасынан ұшты-күйлі ақпарат табылмағанына қамыққанымен, ол кісі жайлы бір хабар болар деген үміт жібін үзіп көрмеген. Ал жастайынан майдан даласына аттанып, жау күшіне төтеп беріп, ерлікпен қаза тапқан Еркебек атасының артында бір ұрпақ қалмағаны батыр азаматтың атын өшіріп ала ма деп алаңдайды. Жалған дүниенің қызығын көре алмай, ұрыс алаңында о дүниеге абыроймен аттанған атасына қандай құрмет көрсетілсе де лайық деп біледі. Отан үшін отқа түскен жауынгерге Балқаш ауданының орталығынан бір көшеге аты берілсе деп армандайды.

    Құралбек Сәбитов,

    Балқаш ауданы

    Ұсынымдар

    Телефонға тыйым қажет

    Телефонға тыйым қажет

    6 months ago
    Шарындағы түйткілдер қашан шешіледі?

    Шарындағы түйткілдер қашан шешіледі?

    1 year ago
    Жаңа нысандар бой көтеруде

    Жаңа нысандар бой көтеруде

    4 months ago
    Күй қыраны

    Күй қыраны

    4 months ago
    2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды

    2025 жыл жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды

    5 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.