Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінің мәжіліс залында облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім және даму орталығының» ұйымдастыруымен «Бақытты ана – бақытты бала» тақырыбында аналар конференциясы өтті. Республикалық «Салауатты сана» жобасы аясындағы жиын барысында қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аналар және ақсақалдар кеңестерінің жетекшілері мен мүшелері, ауыл тұрғындары қатысты. Аталған іс-шараның мақсаты – қоғамда әйел мен ананың рөлін, отбасы құндылықтары мен отбасы институтының маңыздылығын, сондай-ақ жастар мен болашақ ұрпақты рухани-адамгершілік пен патриоттық тәрбиелеудегі ата-аналардың рөлін арттыру. Танымал спикерлер осы тақырыпта көптің көкейінде жүрген біраз өзекті жайларды қозғады. Бала тәрбиесі күрделі де жауапты міндет, қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына алаңдаушылықпен қараған. «Отан отбасынан басталады» демекші, ата-ана үшін ұрпақ өсіріп, оны қоғамның лайықты мүшесі етіп тәрбиелеудің өмірлік мән-маңызы айырықша. Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңгі болашағы. Бәріміздің алға қойған мақсатымыз – қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру екені кеңінен сөз болды.
Жиынды қоғамдық келісім және даму орталығының қоғамдық институттармен байланыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі Ақжарқын Дүйсенғали ашып, жүргізді. Алғашқы сөзді алған аталған орталық басшысының орынбасары Арнұр Ғұмаров қазіргі қоғамда әйелдердің алар орны өте маңызды екенін атап өтті. Айтуынша, облыста аналар кеңестері отбасы құндылықтарын насихаттауда белсенді жұмыс жүргізеді. Ең өзекті деген мәселелерді шешуге атсалысуда. Буллингке, ажырасуға, басқа да келеңсіздіктерге қарсы әрекеттенуде, осылайша отбасы институтын сақтауға үлес қосып келеді. Облыста бүгінде 146 аналар кеңесі бар, оның біреуі Қонаев қаласында, 9-ы аудан орталықтарында болса, қалған 135-і ауылдық деңгейде жұмыс істейтінін жеткізді. Осы кеңестерге 1081 адам мүше. Жыл басынан бері 230 шара ұйымдастырылып, 8696 адам қамтылған. Кеңес мүшелері жас буын мен ата-аналарын ұлттың тілі мен дәстүрін, тарихын бойына сіңірген мәдениетті тұлға етіп тәрбиелеуге үлес қосып келеді.
ҚХА жанындағы облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнара Жошыбаева өңір бойынша атқарылған жұмысты баяндады. Белсенді жұмыс жүргізіп жатқандар қатарында Райымбек, Кеген, Талғар, Жамбыл, Балқаш аудандарындағы аналар кеңестерін атады. Бұларда облыстық және республикалық деңгейде маңызды іс-шаралар ұйымдастырылған.
Атай кетсек, Райымбек, Кеген аудандарында ұлттық салт-дәстүрге негізделген тәрбиелік мәні зор шаралар өткізілсе, Қарасай ауданы Шамалған ауылында «Өмірі ұрпаққа өнеге» тақырыбында ата, әке, бала, немере, шөбере сабақтастығын паш ететін «60 жыл біргеміз» іс-шарасы көптің көңілінен шыққан. Еңбекшіқазақ ауданындағы «Бірлігі мықты отбасы – болашақтың іргетасы» тақырыбындағы дөңгелек үстел, «Сырласайық, жеңеше» атты сайыс қызықты ұйымдастырылған. Талғар ауданында «Ана – бақ, ана – бақыт, ана – пана, әлемді тербететін ана ғана» мерекелік кеші, Тұздыбастау ауылында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы бойынша облыстық форум жоғары деңгейде өтті. Іле ауданында республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Кенен Әзербаевтың қызы Төрткен Кененқызымен «Бақыт құшағында» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырылды. Жамбыл ауданында «Ел қариясы – ел қазынасы» ән кеші мен қөлөнер көрмесі, «Өзекті өртер шындық» тақырыбындағы кеш әсерлі өткен.
Аналардың ақыл-кеңесі ажырасу санын азайтуға ықпал етуде. Мәселен, ажыраспақ болған 76 отбасының 47-сі асыл жандардың араласуымен жанұяларын сақтап қалған. Жамбыл ауданында мектеп театрларының дайындаған қойылымдарын көрсете отырып, адамгершілікке, татулыққа, бауырмалдық пен туыстыққа шақыру жұмыстарының арқасында оқушылар арасындағы құқық бұзушылық 2-есе азайды. Талғар ауданында ерте жүктіліктің алдын алу жұмысы өзінің оң нәтижесін беруде, сонымен қатар тұрмыстағы зорлық-зомбылық кемігені байқалды.
«Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының атқарушы директоры, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан бойынша Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы жанындағы нашақорлықтың алдын алу жөніндегі Орталық Азия желісінің төрағасы Жандос Ақтаев «Жастар арасында тәуелділіктің алдын алудағы ата-ананың рөлі» тақырыбында тартымды әңгімеледі. Астанадан арнайы келген спикер ана еңбегінің қаншалықты ауыр екенін атап өтті. Баланы тоғыз ай көтеріп, өмірге әкеліп, өсірудің қаншама күш-жігер мен төзімді қажет ететіні айтуға ғана оңай. Баланың болашағы әкесі мен шешесінің оны қалай өсіргеніне, отбасында алған тәрбиесіне байланысты. Қазақ мұны «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп бір ауыз сөзбен қайырған. Осы орайда спикер ұлттық болмысымыздың негізінде сананы сәулелендіруді тілге тиек етті.
Сөз арасында Жандос Берікұлы жаға ұстатарлық дерек келтірді. Біздің ел есірткі қылмысы бойынша әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттің ішінде 8-орында! 4 мыңнан астам қазақстандық жастар есірткіні тарату мен дайындағаны үшін түрмеде отыр. Орташа жастары 18-20 аралығында. Жазасы 8-10 жылға кесілген. Бұл сұмдық жағдай, ұлт қасіреті демеске лаж жоқ! Көңіл құлазытар статистика отбасы, мектеп, қоғамдық институттар тарапынан кеткен олқылықты білдіреді. Есірткі – қоғам дерті. Дабыл қағарлық кеселге қоғам болып қарсы тұрмаса, ертең кеш қалуымыз мүмкін. Халықаралық ұйым өкілі соны жою үшін қандай әрекет керектігі зерттеліп жатқанын жеткізді.
Жетісу облыстық аналар кеңесінің төрағасы, Талдықорған қалалық мәслихатының депутаты, қаланың Құрметті азаматы, «Құрмет» ордерінің иегері Несіпжамал Баймадиева «Үшінші мыңжылдықтың әйелдері – аналар» тақырыбында баяндама жасады. Оның сөзінше, шетелдік зерттеушілер әйелдердің төрт түрлі болатынын анықтаған. Бірінші түрі материалдық игілікке ұмтылатындар, яғни тек қана баюды көздейтіндер. Екіншілері – қуыршақ-әйелдер, олар зәулім үй, қымбат тон, автокөліктерге қызығады, тек өзі үшін өмір сүреді. Үшінші топтағылар – феминистер, барлық істе ерлермен тең болуға талпынады. Олар өзінің ана, әйел, нәзік жанды екенін ұмытады. Осы үш топтағы әйелдер бала тәрбиесіне жете мән бермеуден, рухани жұтаңдықтан қартайғанда өмірінің соңын жалғыздықта өткізеді, қарттар үйіне түсетіндердің дені солар. Әйелдердің төртінші түрі – жасампаз әйел. Олар жан-жақты дамыған, тамаша ана, сүйікті жар, шаңырақтың берекесі. Баланы да тауып, тәрбиелеп өсіреді, жұмысты да істеп, білім алып, отбасына да, қоғамға да пайда әкеледі. Бұлар қартайған шағында бейнетінің жемісін көріп, уақытын бала-шағасының ортасында өткізеді. Өкінішке орай, олар аз. Алдыңғы үш топтағылар жалпы әйелдің 80 пайызын құраса, соңғы топтағылардың үлес салмағы 20 пайыз ғана. Бірақ нақ осылар әлемге ізгіліктің нұрын молынан шашатынын айтты Несіпжамал Қасымбекқызы.
Сондай-ақ жоғары білікті ұстаз, Қонаев қаласы бойынша «Үлгілі отбасы» иегері Шолпан Сәдуақасова «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» тақырыбында тәрбиелік мәні үлкен әңгіме сабақтады. «Баланы сөзбен емес, өзіңнің іс-әрекетіңмен тәрбиелеу керек. Бала айтқанды емес, ата анасынан көргенін істейді. Сондықтан оны тәрбиелеймін десең, ісіңмен үлгі болуың керек» деген сыңайдағы тағылымға толы сөздерінің мәні бөлек. Шолпан Сайдахметқызы «Іс-әрекеттегі тәжірибені жинақтау және тарату» атты оқушылардың білімін дамыту бағдарламасының авторы.
Басқосуда сондай-ақ Ұйғыр аудандық келісім кеңесінің мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Ноғайбек Дәуренбеков, Талғар ауданынан ақсақалдар алқасының төрағасы Меркібай Молдамұратов ой-пікірлерін ортаға салды. Соңында Қонаев қалалық аналар кеңесінің төрағасы, алда 80 жасқа толатын Дәметкен Нүсіпбекованың қоғамдық іске қосқан үлесі арнайы аталып өтіп, көпшілік алдында сый-құрмет көрсетілді.
Конференция қорытындысында жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу үрдісінде халқымыздың мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан озық дәстүрлеріне сүйену, ұлттың мәдениеті мен болмысын бойына сіңіру, елдік мүдде сияқты құндылықтарды ұстану маңызды екені айтылды. Ел болашағының жарқын болуына мұның барлығы берік іргетас болмақ.
Серік Сатыбалдиев,
Қарасай ауданы