Шын мәнінде ақсақалсыз қоғамды, ортаны елестетіп көрелікші. Қаншама көркем, сұлу болса да бір нәрсе жетіспей тұрады. Төріміз бос, айналамыз қуаң тартып, аталық, ағалық қасиеттен айырылып қалғандай күй кешеріміз сөзсіз. Біз – «Төріңнен қарт кетпесін» деп дұға тілеген халықпыз. Қай кезең, қай заманда болмасын үлкендерді сыйлағаннан кенде болған жоқпыз. Сол үрдістен әлі күнге айнымай келеміз. Үлкеннің алдын кесіп өтпей, олардың айтқан ақылын тыңдаудан жаңылған емеспіз. Даналықтың кілті – қарттарда екенін терең сезініп, ұғынған халықпыз. Қария деген сөздің өзі елдің басы, ақыл айтар данасы болу, құрметке бөлену дегенді білдіреді.
Ұйғыр ауданы Ақтам ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекет ата Әжібаев – міне, осындай қариялардың бірі. «Зейнетақымды алып, үйде тыныш жатайын» деген түсініктен мүлдем алыс жан. Ақыл сұрағанға ақылын, көмек сұрағанға көмегін аямаған қазыналы қария. Жастарға өнеге көрсетіп, тәрбие беруден қашпайды.
«Жастарға ақыл айтып, патриот ете алмайсың. Оларға біздің аталарымыздың, аналарымыздың жолын, істеген ерлік істерін, еткен еңбектерін көрсету керек. Сол арқылы жастардың рухын ояту керек», – деп қашанда ұрпақ қамын ойлап жүргені. Сол себепті де ауылдық әкімдіктен ардагерлерге арналған шағын кабинет ашқан. Ол бөлмеге ауылдың абыройлы қарияларының өмір жолынан мағлұмат беретін көрнекілік жасап, іліп қойған. Ар, ұят туралы нақыл сөздер де бөлменің ажарын аша түскен.
Сөзі қандай мығым болса, ісі де сондай жинақы атамыздың алғырлығы мен белсенділігі таңғалдырды. Өмірден өз несібесіне тек еңбекпен жеткені әр қимылынан байқалады. Бір тыным тауып, демалайын демейді. Бүкіл бір ауылдың жастарының тәрбиесіне құдды өзі жауапты жандай шапқылап жүргені. Бекет ата десе ауылдағы әр жан да тік тұрып, құрмет көрсетеді.
Бекет атамен аз-кем болған әңгіме арасында оның ес жия бастаған сәтінен бастап еңбекке араласып, ауылдық кеңесте хатшы, ұжымшарда есепші, кадр бөлімінің басшысы болғанын ұқтық. Жан жары Айшархан екеуі бес баланы дүниеге әкеліп, олардың барлығына жоғары білім беріп, өмірден өз жолдарын адаспай табулары үшін тер төккен. Кез келген ата-ана балаларының жақсы азамат болып өсуін қалайды. Бекет атаның бұл бағытта жолы болған екен. Бір баласы барлау басқармасында полковник болса, екіншісі Қарулы Күштер құрамында қызметте, қызы Алматы қаласында ағылшын тілінің маманы болса, кенжесі Ұйғыр аудандық жол жөндеу мекемесінде басшы. Бұл да болса, шынайы тәрбие мен әкелік ақылдың жемісі болар.
Әңгіме арасында қазіргі ұл балалардың әскерден қашып, әскери борыштарын өтеуден бас тартып жатқанына қынжылысын білдірді. Әскерге баруды зор құрмет санайтынын, баяғыда ауылдан әскерге аттанарда әр үйде қазан қайнап, ауылдың игі жақсылары жиналып, баталарын беретін жақсы дәстүр бар еді, қазір ол келмеске кеткендей болғанына өкінішін де жасырмады. Заманға лайықты қалыптасып қалған дәстүрлерден қол үзбеу керектігін де жеткізді.
Қазіргі заманды техниканың, ақпараттың кезеңі деп жатамыз. Дей тұрғанмен ақсақалдың айтар ақылы мен көрсетер нұсқауы нағыз бағдаршам іспетті. Олардың батасының өзі көңілге медеу. Бұзықтық жасаған жастарға тыйым салып, жұмыссыз сенделгендерге жол көрсетіп, бір ауылдың ұйытқысы болып отырған Бекет атадай шаршамайтын, қажымайтын, жігерлі қарияларымыздан алар үлгі-өнегеміз де мол.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы