Қонаев қалалық Мәдениет үйінде Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіліп, үздік деп танылған жүргізушілер түрлі сыйлықтармен марапатталды. Естеріңізге сала кетейік, Президенттің Жарлығы бойынша, 1998 жылдан бастап тамыз айының алғашқы жексенбісі Көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып саналады.
Мерекелік салтанатты жиынның шымылдығы түрілген сәтте жас биші қыздар өнер көрсетіп, жиналғандарды қуанышқа бөледі.
Алғашқы болып сөз алған Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов мереке иелерін құттықтады.
– Құрметті көлік саласының қызметкерлері мен ардагерлері, Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің ұйымшылдық пен кәсібилігіңіз – жылдың кез келген уақытында көліктің сенімді және үздіксіз жұмыс істеуінің кепілі. Еңбегіңіз бен таңдаған мамандығыңызға адалдығыңыз үшін алғыс білдіремін. Істеріңізге табыс, кәсіби өрлеу және жоспарларыңыздың жүзеге асуын тілеймін!
Келесі кезекте сөз тізгінін алған облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ермек Баймұхамбетов сала мамандарын кәсіби мерекемен құттықтап, қала әкімі Асхат Ермекұлы сахнаға шақырылған үздік жүргізушілерге тиесілі марапаттарды табыстады. Сондай-ақ, облыс көлемінде халыққа қызмет көрсетіп, тасымалдаумен айналысып жүрген «Қапшагай АТО», «Тұлпар-Экспресс А», «Д-Автобус транс», «Алматы облысының жолаушыларды тасымалдаушы компаниясы», «Шелек Тұлпар», «Алматы облысының автобус паркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің үздік қызметкерлері Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің және Қонаев қаласы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Аталған серіктестіктер облыстың елдімекендерін өзара және Алматы қаласымен және облыс орталығымен байланыстырып, жолаушылардың күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне қолайлы қызмет көрсетіп келеді.
Әрине, аталып отырған мереке тек көлік басқарып жүрген ғана емес, сонымен қатар олардың еңбегін бағалап, тиісті бағыттарда жөн сілтеп, еңбекақыларын есептеп, басқа да кеңсеішілік шаруаларын реттеп отыратын әралуан лауазым мен сала бойынша еңбек ететін жандарға да ортақ.
Марапаттау салтанаты әрбір саладан, яғни министрліктен, облыс және қала әкімінің құттықтауларының арасында музыкалық үзілістермен көмкеріліп, қуаныш иелеріне арнап, жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып отырғаны жиналған қауымға өзгеше бір мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Төл мерекелеріңіз құтты болсын! Көліктеріңіз тоқтамасын, тынымсыз еңбек иелері!
Бейбіт МЕКЕЕВ