Халық арасында «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тәмсіл тегін айтылмаса керек. Мұны көпшілік арасында жүргендіктен бе, жиі естіп жатамыз. Осы орайда құрыш қолды құрылысшыларға халық тарапынан айтылып жататын ақ ниетті алғыс пен мақтауға толы марапаттардың шеті мен шегі болмаса керек. Оның арғы жағына үңіле білсек, себебі де жоқ емес.
Бір күні дәйім жақсылық атаулының жаршысы болып жүретін Іргелі ауылының қадірменді қариялары, осы өңірдің ардагерлері мен әжелер ұйымына жетекшілік ететін Егінбек Егеубеков пен Райса Сығаева екеуі бізге өзара ақылдасып қойғандай қосарлана: «Біздің Көксай ауылында ұлты түрік, өмірі құрылысшылықпен өткен Хайруддин Кәрімұлы Тутадзе деген бір тамаша адам бар. Жасы 83-те. Бар сырға ол кісімен бетпе-бет әңгімелескеннен кейін қаныға жатарсыз. Құрылысшылар мерекесі де келді. Нағыз газетке жазуға тұрарлық адам», – деумен болды. «Уәде – Құдай аты» деген ұйғарыммен екеуіне ілесіп, айтқан адамның мекенжайына келдік. Олардың айтқанындай-ақ бар екен. Кейіпкеріміз үйінде отыр. Оның үйінің сыртқы келбеті мен ішкі әрлеуі ажарлы айшықтарымен көздің жауын алады. Нағыз шебердің қолынан шыққаны көрініп-ақ тұр. Мін таппайсыз. Хайруддин Кәрімұлы біз кіргенде телеарнадан қазақша беріліп жатқан хабарды тамашалап отыр екен. Отырған орнынан саптағы сарбаздай сымдай тартылған ширақ қимылмен атып тұрып, амандасып жатыр. Қазақшаға судай. Елпең қаққан елгезек қимылына қарап, бұл кісіні 83 жастағы қариялар қатарында деп ойламайсыз.
– Хайруддин ақсақал қазақшамен қатар қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, танымы мен тағылымдарын көп біледі. Бұл жағынан әңгіме тиегін ағытып жіберсе, жеріне жеткізіп, нүктесін қояды. Тоқ етерін айтқанда, өмірі өнеге, – деп әңгімені Егінбек бастап жіберді.
– «Халық айтса, қалт айтпайды» деген емес пе, Хайрекеңнің шаңырағын халық біраз жылдардан бері құрылысшылар әулеті деп атап кеткен. Олары бекер емес. Ақсақалдың туған ұлы Әли мен немересі Фариз да білдей білікті құрылыс мамандары. Екеуіне де ықпалын тигізген осы ақсақал, – деп Райса әңгімені одан әрі тұздықтап қойды.
Ол кісінің әңгіме барысына қарасақ, артында қалған ауыр тағдыры, қияметтің қыл көпіріне және бір үміт пен мың күдікке толы аласапыран жылдары мен күндері алдыңнан шығып тұрғандай болады. Бәріне де өткен ғасырдың қырқыншы жылдарындағы сұрапыл жазылмас жара салып кетті. Онда Тутадзе отбасының қонысы Грузия елінде болған. Сонда сол бір тар жол, тайғақ кешу кезінде басқа ұлт өкілдері сияқты бұлардың отбасы да Қазақстанға жер аударылады. Хайруддин болса, астан-кестен дүниеден қаннен қаперсіз 3-ақ жаста екен. Әкесі 1941 жылы соғыста қаза тапқан. Жапа шеккен жарлы отбасының құрамында апасы Ажар, анасы Инжи, ағасы Нәтіп, әпкесі Билор ғана жүрді.
Сол бір ұмытылмас жылдар тарихын Хайруддин есі кіре бастаған шақтан айналасындағылардан естіп, біліп санасына сіңіре құйып алады. Сондағы Қазақстан аумағына, соның ішіндегі осынау Көксайға (бұрынғы «Путь Ильича») ұжымшарына келіп қоныстанған уақыттарын апасынан, анасынан, ағасынан, әпкесінен естігендерін ой елегінен өткізгенінде жарғақ құлағы жастыққа тимей мазасы кететін. Ол да бір өмір сабағы екен. Сол әңгімелер қазақ халқының қандай бауырмал екеніне келе-келе анық та қанық көз жеткізгені бар. Оған қазір де алдымызға көлденең тартар тірі куәлері де жоқ емес.
Тірі куәлер демекші, бүгінде жасы 90-ға келіп отырған Мәлібек Атшабаров соның анық айғағы болып табылады. Ол Тутадзе әулетіне туған ауылына қоныстануға келгенде құшағын айқара ашып, қандай қолғабыс жасап, қанатты қамқорлығын көрсеткенін қазір де тайға таңба басқандай етіп айтып бере алады. Соны есіне алғанда, Хайруддинің ет жүрегі елжіреп, жанарынан жас моншақтары еріксізден мөлтілдеп төгіліп-ақ кетеді. Сондықтан да болар ол Мәлібекті туған әкесіндей көріп, оның балаларын туған бауырларындай бағалап, жақын тартып жүреді.
– Қазақтағы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қанатты сөзді мен жақсы білемін. Әрі қатты қадірлеймін. Өйткені, осы сөз маған қаратылып айтылғандай әсер қалдырып тұрады. Бастан кешкен ақиқатты айтып жүрмесем, ар алдында, Мәлібек ақсақалдың алдында өзімді күнәһар жандай сезінемін. Міне, 80 жылдан бері осы ауылда қазақ ағайындарыммен бірге тату-тәтті, бірлікпен, ынтымақпен жарасымды өмір сүріп келеміз, – деп Хайрекең толқып барып әрең басылды.
Олай болатын жөні де бар еді. Оған осыны айтқызып отырған адамдық ары мен ұяты екені сөзсіз. Бастарына келген тағдыр тауқыметі солай болған соң не істерсің? Оның бастан кешкен балалық шағы да мәз бола қоймапты. Ол жағдай сол бір жылдары екінің бірінің пешенесіне жазылған арқаны қажаған ауыртпашылық екені де жасырын емес. Оны тарихтан да жақсы білеміз. Хайруддин мектеп табалдырығын 1957 жылы осы ауылдан аттаған еді.
Бар болғаны жетіжылдық қана мектеп болатын. Одан арғысын көршілес Абай ауылындағы орта мектепте оқуға тура келді. Оның басқа түскен азабы да аз болған жоқ. Арасы 8 шақырым болатын мектепке жаяу барып, жаяу келіп қатынау қайдан оңай бола қойсын?! Қыс мезгілі уақытындағы мектепті елестету тіптен қиын. «Басқа түссе, баспақшыл» демекші, оған да көндігіп кетті. Мұқағали ақын «Сол бір жылдар бәрімізден бір-бір батыр жасапты» деп тегін жырламапты.
Ат жалын тартып мінер азаматтық шаққа жеткенде ол өзінің көптен аңсары ауып жүретін Алматы құрылыс техникумына түсуге тәуекел жасады. Жолы болып, түсіп кетті. Оны ойдағыдай бітіргеннен кейін бар есіл-дерті Мәскеудегі Бүкілодақтық құрылыс институтының құрылысшы-инжинер факультетіне ауа береді. Ол арманы да орындалады. Осыдан кейін-ақ ол өзін таза құрылыс маманы екенін еркін сезініп, осы бағытта құлашын көсіле сермеуге бекем бел буады. Ол енді теориялық жағынан толысқан білімін енді тәжірибелік жағынан ұштастырып, күш салды. Осы жағын жүзеге асырса, алдында тұрған асуларды алатынына сенімі берік. Бұл жағынан іздегенге сұраған дегендей жолы ашылды. Бастапқыда Алматыдағы құрылыс нысандарында шебер, прораб, инжинер болып жұмыс істей бастады. Әрине, бұл жұмыстардың да жауапкершілігі оңай емес. Бұл оның осы жұмыстардың қай-қайсысына болсын жан-тәнімен беріле кірісті.
«Сабақты ине сәтімен» деген сөздің де жаны бар-ау. Көп уақыт өтпей сол кездегі Құрылыс министрлігінің назарына іскерлігімен, шеберлігімен ерте ілінген Хайруддинге үлкен құрылыс фирмасының жауапкершілігі жүктеліп беріледі. Сонда абыржып қалған сәттері аз емес. Ол алғаш рет Ұлттық ғылым академиясының 4 үйін және қазіргі Д.Қонаев ескерткішінің артындағы және қарама қарсысындағы тұрғын үйлерді қолға алды. Бұл үйлердің жөн-жобалары басқаша сымбатпен салынуы керек. Өйткені, бұл үйлерде лауазымы жоғары зиялы қауым өкілдері тұратыны айтылған. «Ізденген жетер мұратқа» демекші, ол сенімнен шыға білді. Арқалағаны Алатаудай алғыс болды. Бұл сыннан сүрінбей өту одан әрі берік қадамдар жасауына жанына қанат бітірді. Ол басқаратын фирма үшін сол кезде атағы алысқа кеткен «Арасан» моншасын салу да үлкен сынақтың бірі болды. Одан да сүрінбей өтіп, артылған сенімді абыроймен ақтап шықты. Осыдан кейін Алматы облысы мен Алматы қаласының аумағынан басқа фирмалармен бірлесе салып, 50 мектепті пайдалануға беруі Қазақстандағы есте қаларлықтай кұрылыстағы қарқынды жұмыс еді. Сонда Хайруддин Кәрімұлы басқаратын фирманың көңіл толтырарлық көп-көрім көрнекі жұмыстары айырықша аталып өтіп, лайықты бағаларын еншілейді. Одан соң да ойдағыдай қолтаңбаларын қалдырған құрылыс нысандары көптеп саналады. Соның бірі – өзі атамекенім деп санайтын Қаскелең өңірінен осы жердегі марқұм Серік Донбаев басшылық жасайтын «Дәулет-Серпін» құрылыс колоннасымен бірлесе отырып, жаңа жобадағы үш мектептің құрылысын салып бергені. Осы жерде оның өз фирмасы салған үйлерден Алматы қаласы мен Алматы облысында тұратын құрылысшыларын тегіс тұрғын үймен тегін қамтамасыз етуі ерлікпен пара-пар іс болғанынан күллі Қазақстан халқы хабардар болып үлгерді. Сонда халық Хайруддин Кәрімұлын мақтанышпен төбелеріне көтерді.
Алматыдағы «Арасан» моншасының құрылысы жүріп жатқан кезде Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев осы құрылысқа жиі келіп тұрыпты. Сол уақытта одан құрылыс жұмысының барысы жайлы сұрайтын. Бірінші хатшы оны бірнеше мәрте шақырып, қабылдау жасапты. Үлгілі әрі мәдениетті құрылысшы кейіндеп қана осы жайтты әріптестері мен ел-жұрттың арасында тілге тиек ете бастайды. Осының өзі-ақ оның парасаттылық пайымы мен асқақ адамгершілік қасиеттерін айшықтап бере алады.
Өмірде өзара сыйластық пен адамгершілік қарым-қатынастардың қашан да орны бөлек қой. Бұл жағынан да Хайрекеңнің аты қамшы салдырмайды. Оған көлденең тартар мысалдар өте көп. Оның бәрін газет көлемі көтермейді. Бір ғана мысал жетерлік. Сол кезеңде Алматыдағы «Триада» фирмасының директоры Шәріп Каримов деген қызметтес әріптесі болыпты. Ныспысы күрд ұлтынан екен. Екеуінің фирмасы бірлесіп, біраз мектептер мен ауруханалар құрылысын жүргізген. Сол Шәріптің фирмасы №1, №7 қалалық ауруханаларын, республика мұражайын салуы мен Астанадағы Ұлттық банкті реконструкция жасағанын әлі күнге дейін мақтаныш етіп айтуды өзіне зор мәртебе санайды. Өзінен гөрі соның жұмыстарын насихаттағанды жақсы көреді. Мұндай қасиет екенің бірінде бола бермес. Бұл оған жаратылысынан дарыпты.
Бұл отбасын қарасайлықтар құрылысшылар әулеті деп тегін атамаса керек. Расында да солай. Хайруддиннің үщ баласының ішінен Әлиі әке жолын қуған. Құрылыс фирмасы бар. Өмір талабына сай құрылысшы-инжинер ретінде жұмыс жүргізіп келеді. Ал немересі Фариздің тірлігі де осындай. Ол да құрылыс инжинері. Қазір ол Сарыөзекте фирмасымен төрт қабатты емхана құрылысын қызу қолға алып жатыр.
Хайрекең ұлы мен немересінің аяқ алыстарына аса риза. Кей сәттерде көрнекі жерде тұрған «Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» медалі мен «Құрмет белгісі» орденін және тағы басқа марапаттарын алақанымен аялап сипап қойып, құрылыстағы өзінің қолтаңбасы қалған арнайы альбомындағы суреттерге бір көз жүгіртіп алмаса көңілі көншімейді. Содан рахат алатын сияқты. Құрылысшылар әулетінің бүгінгі тіршілігі бәрімізді қызықтырды.
Қанат Тәкебаев,
Қарасай ауданы