Өткен жылдың тамыз айында Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында үлкен бір әлеуметтік нысанның құрылысы басталған еді. Аз уақыттың ішінде үш қабатты, бірнеше корпустан тұратын еңселі мектеп ғимараты тұрғызылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 900 орынды білім ұясын жаңа оқу жылына пайдалануға тапсыру үшін құрылысшылар жұмыс қарқынын үдете түскен.
Қазір ішкі бөлмелерін бөлу, сылау, әрлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Ішкі электр қуаты, су, кәріз жүйесі, жылыту, желдеткіш жүйелері тартылуда. Құрылыс алаңында жұмыс басындағы жауаптылармен тілдестік. Жоба жетекшісі Әли Нұрболдың айтуынша, 900 орынға арналған үш қабатты типтік мектеп заманауи үлгіде жобаланған. Құрылысқа тапсырыс беруші – «Самұрық-Қазына Construction» акционерлік қоғамы. Мердігер мекеме – «Еламан фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жергілікті әкімдік мектеп үшін 4 гектардан астам жер телімін бөлген. Оқу орны жалпы 10 блоктан тұрады, оның көбі үш қабатты. Төбесіне жұмсақ шатырлы жабынды төселді. Ғимарат ішінде әртүрлі 330 бөлме болады. Үш спорт залы салынады, оның біреуі үлкен, екеуі шағын. Сыртқы қабырғалары суық өткізбейтін блоктан қаланып, бірінші, екінші және үшінші қабаттардағы ішкі қабырғалар мен бөлмелердің арасы қызыл кірпішпен бөлініп жатыр.
Құрылыс учаскесінің бастығы Бағдат Теміров бізге ғимарат ішін көрсетіп, жұмыс барысымен, әріптестерімен таныстырды. Айтуынша, бұдан бір ай бұрын мұнда 120 адам еңбек етсе, қазір жұмысшылар саны айтарлықтай көбейген. Себебі жаңа оқу жылында ауыл балалары сабақты заманауи мектепте оқулары тиіс. Құрылысқа тапсырыс берушілердің талабы осындай. Жергілікті атқарушы органдар да мұны жүйелі қадағалауда. Сол үшін құрыш қолды құрылысшылар ортақ іске біркісідей жұмылып, жұмыс қарқынын үдете түскен. Тәжірибелі мамандар барынша молынан тартылыпты. Әрқайсының атқаратын міндеті нақты белгіленіп, жұмыстың сапалы орындалуына баса мән беріледі.
Прораб Бәйдібек өз ісінің білгірі. Монолит-бетоншы Теңізбай, кірпіш қалаушы Босбек есімді азаматтар өзгелерге ісімен үлгі көрсетуде. Сондай-ақ там соғуда ата-бабасынан бері алдына жан салмайтын ала шапанды ағайындар да араларында өнімді еңбектенуде. Олардың ішінде Хасан Тұрсынов, Хошед Хидаров, Юнус Рузакуловтың кірпіш қалаудағы шеберліктері мақтауға лайық. Ортақ іске нәзік жандылар да үлес қосуда. Мәселен диспетчер Нұргүл Тұрлыбекова жүк көліктері мен арнайы техникалардың нысан аумағына кіріп-шығуын, құрылыс материалдарын тасымалдау жиілігін үйлестіреді.
Қарғалылықтар көптен күткен мектеп көп ұзамай ел игілігіне беріледі деп сенеміз.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы