Қазақ әдебиеті мен руханияты туралы сөз қозғағанда ең алдымен еске оралатын ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлы. Ақынның туындыларын оқып, түсініп, көңіліне берік қып бекіткен жан ешқашан рухани құлдыққа душар болмайды. Әлихан Бөкейханның Абай туралы «Бұралаң заманның тағдыр тудырған сом алтыны» деуі бекер емес.
Ақын өмір сүрген тұста қоғамда түрлі өзгерістер орын алды. Бұл Абайдың ойлау санасына да үлкен серпіліс алып келді. Бір кездері сол аласапыранның арасында өзі де жүріп, ел басқару ісіне араласты. Халық басына түскен зауалды көрді, түсінді, оны шешуге тырысты. Бірақ оған кедергілер аз болмады. Сөйтіп жанына әсер еткен жайттардан жаңа тақырыптар ашылды. Осылайша ақын поэзиясында жаңа ойларды бейнелейтін өрнектер қалыптасты. Ақын толғауларындағы ащы мысқыл мен өткір сынның көп болуына да осы жағдайлар себеп болуы мүмкін. Болыс, билердің әділетсіздіктері мен қысымын, оларға жағынам деп аяғына бас ұрған, өз қамын күйттеген «пысықтардың», елді тура жолдан адастырған дүмше молдалардың ұнамсыз қылықтарын ашық түрде әшкерелейді. Халықтың надандығы мен ескірген түсініктің шырмауынан шыға алмаған халіне налиды. Одан шығудың жалғыз жолы ілім-білім, өнер екенін айтып, оны өз шығармаларында кеңінен насихаттайды.
Абай – лирик ақын. Бұл туралы З. Қабдолов «Абайдың ақындығы» атты мақаласында: «Абай лирикасы – кең көлемді мол қазына, биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Ал сол Абай поэзиясының дені – лирика. Абай лирикасы – сала-сала. Жалпы лирика деген ұғымға қандай қасиеттер тән болса, Абай өлеңдерінде соның бәрі бар», – деп баға берген. Ақын лирикасының даму ерекшеліктерін де сараптайды. Махаббат лирикасына жататын алғашқы жазылған «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» сынды өлеңдерінде көбіне сыртқы көріністі суреттеу басым. «Бұл түрлі-түсті бояумен келістіріп салған жансыз сурет сияқты: үнсіз, тілсіз. Бұл толыққанды адам образына айнала қоймаған», – дейді зерттеуші. Ал кейінгі жазылған «Қызарып, сұрланып», «Жарқ етпес қара көңілім» атты өлеңдерінде адамға тән шынайы асыл қасиеттер мен кейіпкердің ішкі жай-күйін сипаттай отырып шығармаға жан бітіреді.
Табиғат лирикасы да асқан шеберлікпен, терең астарымен жан-жақты бейнеленген. Ақын тек қана табиғат көрінісін суреттеп қоймайды. Дүниенің сан түрлі құбылыстары қоғамдық-саяси жағдаймен, әлеуметтік теңсіздік мәселесімен, адамның ішкі психологиялық күйімен астастырыла көмкеріледі.
Абайтанудың негізін салушы Мұхтар Әуезов ақын шығармашылығының қалыптасуына әсер еткен негізгі үш арнаны бөліп көрсеткен. Олар – халық ауыз әдебиеті, Шығыс және Батыс әдебиеті. Бірақ ақын аталған арналардың ешқайсысына жұтылып кетпейді. Оларды керемет үйлесіммен ұштастыра келе, оған дейін таптаурын болған үлгіден өзгеше өлең түрін дүниеге әкелді.
Ақынның аударма саласында да еңбегі ерен. Бірақ тек «аударма» деп айту қиын. Мұны қос автордың сана биігіндегі сұхбаты, тең дәрежедегі диалогі десек болады. Мысалы, неміс ақыны Гетенің өлеңін Лермонтовтан тәржімалаған Абайдың «Қараңғы түнде тау қалқып» атты өлеңінде орыстың немесе неміс халқы дүниетанымының ұшқыны да көрінбейді. Көзіңе бірден қазақ даласы, оның биік таулары мен мүлгіген тымық түні елестейді. Немесе «Татьянаның хатын» алып қараңыз. Бұл қазақ қызының көңіл түкпіріндегі нәзік сезімдері мен жүрек сыры шертілген туынды деуге келеді.
Абай Құнанбайұлының бізге жеткен үш поэмасы бар. Олар – «Ескендір», «Масғұт» және «Әзім әңгімелері». Бұл туралы ғалым, әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов «Лирикасында жеткен көркемдік биіктерге Абай поэма жанрында жеткен жоқ. Үздік үлгі ретінде танылатыны да, өз талантынан аласарақ тұрғаны да бар. Сөйтсе де сол кездегі қазақ поэзиясы үшін соны сөз, тың құбылыс еді», – дейді және поэмалардың ортақ сипатын да баяндайды. Біріншіден, барлығы өткен өмір оқиғаларына арналған. Екіншіден, сюжеттік желілері Шығыс тарихынан алынған. Үшіншіден, кейіпкерлердің өмір сүрген кезеңі мен тұрақ-мекендері нақты көрсетіледі. Төртіншіден, поэмалар кейіпкер өмірінің белгілі бір эпизодтары төңірегінде өрбиді. Тәкен Әлімқұлов Абай поэмалары Шығыс дәстүрінің шеңберінен шырқау шықпайтынын айтады. Дегенмен сол замандағы жазылған дастандармен салыстырғанда Абай поэмаларының идеясы мен мазмұны өзгеше. Мұнда реалистік сарын басым. Мысалы, «Ескендір» поэмасын алып қарайық. Ескендір туралы оған дейін де талай ақын жырлаған. Бірақ Абай ол сүрлеуге түспейді. Ескендердің асқан дәулеті мен дүниені дүр сілкіндірген атағын әспеттейтін романтикалық сарыннан өзге жолды таңдайды. Бұл дүниеде патша бол, құл бол, бәрібір барар жерің қара жердің қойнауы деген философияны алға тартады.
Абай қара сөздері туралы қайшылықты пікірлер көп. Бірі бұл өлеңдерінің түсіндірмесі десе, бірі керісінше поэзиясынан да терең, ондағы тұжырымдарын одан әрі жетілдіре түскен дейді. Кей ғалымдар қарапайым халыққа түсінікті болу үшін өлеңнен қара сөзге көшті деген ой айтады. Қалай болғанда да бұл пікірлердің ешқайсысын жоққа шығаруға болмайды. Абайдың қара сөздері – кең көлемді ірі жанр. Оны бір ғана тұжырымның аясына сыйғыза алмайсың және ол жоғарыда аталған ойлардың барлығын қамтиды. Онда қозғалған тақырыптардың ауқымы да кең. Қоғам құрылысынан бастап, өнер-білім, тәрбие туралы, адамгершілік құндылықтар, еңбек, шаруа жайы сондай-ақ өмірдің мәні мен дін мәселелері де терең философиялық пайыммен баяндалады.
Абай қалыптастырған дәстүр мен жаңашылдық өзінен кейінгі ақындарға шамшырақ болып, қазақ өлең өнерінің өзгеше сипатта даму үстінде. «Абайдың ақындық мектебі» деген атаумен бөлек зерттеу объектісі қалыптасты. Абаймен бір заманда өмір сүрген Көкбай ақыннан бастап, өзінің перзенттері Ақылбай мен Мағауия, ақиқат жолын жырлаған Шәкәрім Құдайбердіұлы, кешегі Алаш арыстарының қай-қайсысында да Абайдың әсері айқын көрініп тұрады және ол үрдіс бүгінге дейін жалғасып келеді.
Заман өзгеріп, қоғам сәт сайын дамып келеді. Осыған орай Абай шығармашылығы да жаңа қырынан, тың көзқараспен зерттелуі тиіс, Бұл туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнол-Ғабден Қабиұлы былай дейді: «Абай поэтикасына қажетті жаңалықтардың көріністері Қ. Жұмалиев диссертациясында жан-жақты баяндалады. Бірақ бүгінгі күн талабына сай методикаға сай келмейтіні де бар. Бұл туралы 1960 жылы жарық көрген монографиясында Сәбит Мұқанов та айтқан болатын. Содан бері 70 жыл өтті. Бірақ біз әлі күнге дейін Абай поэтикасын зерттеуде жаңа ізденістер қоса алмай отырмыз. М.Әуезов кезінде абайтануға байланысты талай мәселелерді айтып, қозғап көрсетті. Аса талантты зерттеуші Айқын Нұрқатов «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясында М. Әуезов көрсеткен мәселелерді қолға алды, бірақ аяқтай алмады. С. Қирабаев пен М. Мырзахметов зерттеулерін де ерекше атап өткен жөн. Ал бүгінгі абайтанушыларға қойылатын талаптар өзгеше. Олар заман талабына сай ақпараттық технологияларға сүйене отырып, Абай поэтикалық әлеміндегі мәселелерді жаңартуы керек».
«Абайдың өлген күнінен алыстаған сайын ол бізге жақындай береді» дейді Алаш арысы Міржақып Дулатұлы. Мәңгілік тақырыпты сөз еткен ұлы ақын мұрасы ешқашан түбіне жетпес терең мұхит сияқты. Заман ауысар, адам өзгерер. Әр ұрпақ данышпан шығармаларын өз дәуіріне сай жаңа қырынан сөз етер. Бірақ қай заманда да оның құндылығы кемімейді. Адамзат қауымы Жер бетін қанша мың ғасыр мекен етсе, Абай мұрасы да бұл көштен қалмай, бірге жасай бермек.
Гүлзат Байқонысова