Қонаев қаласында Алматы облыстық мәслихатының кезекті ХХV сессиясы өтті. Сессия отырысына облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов, ардагерлер ұйымының, қоғамдық кеңестің төрағалары, құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарманың басшылары, онлайн режимде қала, аудан әкімдері мен мәслихат төрағалары қатысты.
Күн тәртібіне енгізілген бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мұхамедғаріп Құрманғалиев Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында және Қонаев қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 53 мектептің құрылысы жайын әңгіме арқауына айналдырды. Айтуынша, «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының нысандар құрылысын аяқтау кестесіне сәйкес, мектептерді пайдалануға беру 5 кезеңге бөлінген. Атап айтқанда, 31 тамызға дейін 1, 30 қыркүйекке дейін 1, 30 қазанға дейін 6, 15 желтоқсанға дейін 13 нысанның құрылысы аяқталады. Бесеуінің құрылысы 2025 жылға ауысады. Бақылау шоттарында қаражаттың жеткіліксіздігі себебінен бекітілген қаржыландыру жоспарына сәйкес нысаналы трансферттер түспейтінін атап өткен басқарма басшысы 2024-2025 жылдары екінші кезеңмен 27 мектептің құрылысын бастау жоспарланғанын, жер телімдері «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-на рәсімделгенін хабардар етті. 25 нысанды салатын мердігер мекеме анықталып, құрылыс-монтаж жұмысы басталғанын, 1 жоба бойынша учаскенің тектоникалық жарылым шекарасында орналасуына байланысты Үкімет қаулысына өзгеріс енгізіліп, елдімекенді ауыстыру жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді.
Халық қалаулылары мектеп салынуға бөлінген жер телімдерінің көпшілігі сазды жер екенін, іргетас үшін қазылған жердің суға толып жатқанын, ол судың келешекте мектептің ішіне кіріп, ғимараттың батпаққа батып кету қаупін жоққа шығармай, алаңдаушылық білдірді. Мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев бір мектеп салу үшін миллиардтаған қаражат кететінін, әлгіндей жағдай болса, «Жайлы мектеп» үшін бөлінген мемлекеттің қаржысы ысырап болатынын алға тартты. Ондай жағдай 53 нысан құрылысының 70 пайызында кездесетініне қынжылысын жасырмай, осы мәселеге қадағалаушы мекеме өкілдерінің назарын аударды. Сонымен бірге, салуға жоспарланып отырған 27 мектептің қаражаты шешімін таппағанын, осы және құрылысқа қолбайлау болатын өзге де мәселелердің түйінін тарқату жайлы депутаттар ұсынысын хаттамаға енгізіп, Үкіметке хат жолдап, алдағы уақытта осы бағытта құзырлы орындармен бірлескен жұмыс қолға алынатынын жеткізді. Депутаттар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде жаңадан салынған білім ошақтарының, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының құрылыс барысы туралы басқарма басшысы баяндамасының назарға алынуын бірауыздан мақұлдады.
Сессия барысында облыста жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары бекітілді. Бұл құжат ҚР Азаматтық кодексіне, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Электр энергетикасы туралы» Заңдарына және Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес әзірленген. Сонымен қатар Алатау қалалық мәслихатының және Алатау қаласы әкімдігінің бірлескен ұсынысы негізінде Қонаев қаласының, Іле және Талғар аудандарының бірқатар жерін қоса отырып, жалпы аумағы 88267,0086 гектарды құрайтын Алатау қаласының шекарасы белгіленді.
Келесі кезекте облыстық тiлдердi дамыту жөнiндегi басқарманың бөлім басшысы Гүлбану Әбіләжімова Қонаев қаласы №19, №20 шағынаудандардағы «Центральная» көшесіне Бердібек Соқпақбаевтың, №18 шағынаудандағы Фрунзе көшесіне Сағадат Нұрмағамбетовтың атын беру туралы ұсыныс білдірді. Ұсынысты дауысқа салған халық қалаулылары аталған көшелерді қазақ балалар әдебиетінің классигі мен еліміздің тұңғыш қорғаныс министрінің есімімен қайта атауды толықтай қолдады. Сондай-ақ облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 15 желтоқсандағы «Алматы облысы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың қағидаларын бекіту туралы» № 64-340 шешімнің күшін жою жөнінде шешім қабылданды.
Облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Орал Нүсіпова сөз алып, облыстың Құрметті азаматы атағына ұсынылған үміткерлерді таныстырды. Олар – Талғар ауданының еңбек ардагері Райхан Садықова, Балқаш ауданы «Бірлік» кәсіподақ ұйымының төрағасы Сайран Смағұлов, Жамбыл ауданы «Сәт» мешітінің имамы Сейітқали Ыбытаев, Ұйғыр ауданынан ұсынылған Қазақ академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыс, Іле ауданы «Дәулет-Бекет» ЖШС бас директоры Сыдық Дәулетов. Ұсынылған үміткерлердің барлығы көпшіліктің қолдауына ие болды.
Биыл 6 маусымда өткен облыстық мәслихаттың XXІІ сессиясында Алматы облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі атқарып отырған лауазымынан босатылғандықтан, депутаттар осы бос тұрған лауазымға ұсынылған Ерік Бақытовтың кандидатурасын лайық деп таныды.
Әрі қарай жалғасқан сессия отырысында облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағаларының баяндамалары тыңдалып, оның барлығы назарға алынды. Сондай-ақ, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамына өзгеріс енгізіліп, 1 тамызда Алатау қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы лауазымына тағайындалған депутат Гүлжан Ерубаеваның өкiлеттік мерзімі тоқтатылуы туралы шешім қабылданды.
Сессия отырысын облыс әкімінің орынбасары Алмас Батанов қорытындылады. Сессияның күн тәртібіне енгізілген мәселе толық қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы