Облысымызда бүгін еліміздегі тұңғыш атом электр станциясын салуға қатысты қоғамдық талқылау өтті. Бұған дейін де, тура бір жыл бұрын ауданымызда Үлкен ауылының маңында АЭС салу туралы алғашқы талқылау өтіп, ол кезде де аудан халқы АЭС салуды қолдаған еді. Себебі, еліміз үшін АЭС электр қуаты тапшылығы мәселесінің шешілуіне ықпал етсе, халық, оның ішінде жастар үшін жаңа жұмыс орындары ашылатыны сөзсіз. Таза энергия көздеріне жататын атом энергиясы еліміз экологиясының жақсаруына да үлес қосады деп ойлаймын.
Ел арасында АЭС-ке қатысты екіұдай пікір бар екені жасырын емес. АЭС салуға қарсылар кезіндегі Семей ядролық полигонының зардаптарын, Чернобыль апатын, Жапонияның Фукусима АЭС-інде болған апатты алға тартады. Ол түсінікті шығар. Алайда, атом энергетикасының мамандары елімізде салынатын АЭС құрылысында замануи, қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін технологиялар қолданылатынын, сондықтан одан келер қауіп жоққа тән екенін айтады. Сонымен қатар, АЭС салу талай жылға созылатын, энергетикалық, экономикалық қауіпсіздікпен тікелей байланысты елдік мәселе болғандықтан мемлекет оның құрылысын жүргізетін мердігерді әлемде атом энергиясын игеруде озық үлгі көрсетіп отырған елдердің арасынан таңдап алмақшы. Мұндай мәселеде бүгінгідей жария талқылау өте қажет деп ойлаймын. Себебі, талқылауда көпшілік көкейінде жүрген сұрақтарға жауабын алады әрі ол халықтың мемлекет саясатына қатысуының бір көрінісі саналады.
Үкімет мамандармен кеңесіп, АЭС салатын қолайлы орын ретінде Алматы облысының Жамбыл ауданын таңдағанымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ол мәселе күзде өтетін референдумда жалпыхалықтық дауыс беруде шешілетінін айтты. Референдум өтсе, халық елімізде АЭС салуды қолдайды деп үміттенем.
Батырхан Мендебаев,
Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы,
Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы