Республика бойынша биыл сәуірдің 8-і күні «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы басталды. Акция бес аптаға созылды және олардың әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналды.
Атап айтқанда, 13 сәуірге дейін созылған бірінші аптаның атауы «Таза өлке» делініп, осы жеті күн ішінде елдімекен тұрғындары, қоғамдық қызметкерлер, ұйымдар мен кәсіпорын мамандары іргелес аумақтар мен аулаларды тазартып отырды. 20 сәуірге дейінгі апта «Киелі мекен» деп аталып, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. 27 сәуірге дейін «Жасыл аймақ» тақырыбында көшеттер отырғызылып, ағаштар әктелді. 4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, бұл күндері ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын жинау және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ал қорытынды бесінші аптада «Мөлдір бұлақ» атауымен су қоймалары – өзендер мен көл айналасы қоқыстан тазартылды.
Облыс көлеміндегі елдімекендерде де көрсетілген бағыттар бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Десек те, облыстық және ауданаралық жолдардың бойындағы дәретхана немесе аялдама төңірегіндегі жиналып, толып қалған яки шашылып жатқан қоқыстарды көргенде не ойларыңды білмейді екенсің. Бұл жерде, әрине, ең алдымен, жолаушылап ары-бері жосылған жұртты кінәлау орынды. Неге дегенде, ішкен-жеген ас-ауқаттарының қалдықтарын жинап, ыдысқа яки қапқа, ықтияттап қоқыс жәшігіне салып кетсе, нелері кетеді деген ойдың бүйірден түртпектейтінін қалай жасырамыз? Әр адамның ішкі мәдениетінің құзырындағы шаруа ғой. Бұл – мәселенің бір қыры.
«Алматы – Өскемен» автодәлізінен Бақанасқа бағыт алған қара жолдың бойындағы мына аялдаманың (суретте) маңынан сыйымдылығы үлкен жәшік түгілі, қоқыс шелегін де, тіпті, орнын да көрмей тұрмыз. Жиналған қоқысын ерінбегендер целлофан қапшыққа салып, шарбаққа іліпті. Қалғандары үйілген қоқысқа тастай бергені көрінеді. Халықтың әрекетін айттық. Бәрін бірдей тәрбиелей алмайтын шығармыз. Алайда қоқыс жәшігі тұрса, қолындағысын далаға тастамас еді ғой деп ойлап қоямыз ғой, баяғы. Сіз не дейсіз?
Бейбіт МЕКЕЕВ