Облыстық әкімдікте өңірлік кадр резервіне іріктеудің соңғы кезеңдерінің бірі – құрылымдық сұхбат комиссиясы өткізілді. Жиынды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысы Арсен Жақыпов жүргізіп отырды. Іріктеуден өтуге 237 адам өтініш беріп, оның 35-і құрылымдық сұхбат кезеңіне өткен. Онда кандидаттар өзі ұсынған жобаның идеясы, мақсат-міндеттері, іске асыру кезеңдері, мүмкіндіктері мен мәселелері жайында баяндама жасады.
Өңірлік кадр резерві мемлекеттік қызметке жаңашыл жас мамандарды тарту, жауапты лауазымдарға білікті азаматтарды тағайындау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Жобаға 19 бен 35 жас аралығындағы, жоғары білімді және 3 жылдан кем емес еңбек өтілі бар азаматтар қатыса алады. Іріктеу 4 бағыт бойынша жүргізіледі. Олар – агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, экономика және қаржы, цифрландыру және әлеуметтік сала. Резервке мүше болу үшін үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Әуелі құжаттарды қабылдау кезеңінен, одан кейін заңнамалық білімі мен жеке қасиеттерін бағалау тестінен өтеді. Бұдан соң құзыреттерді бағалау мен өңірлік комиссияда сұхбат болады, соңғы кезеңде резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады. Резервте болу мерзімі – 2 жыл. Іріктеуден өткен азаматтар сайланатын лауазымдарды қоспағанда, жергілікті атқарушы органдарда «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.
Құрылымдық сұхбат барысында агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары бағыты бойынша өз жобасын ұсынғандардың бірі – Ақсүйген Тұрағұлқызы. Ол жер қатынастары саласындағы автоматтандырылған жүйедегі нормативтік-құқықтық актілерді интеграциялау жайында өз жобасын баяндады. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында кездесетін қиындықтар туралы айтып, бұл мәселені шешудің жолдарын ұсынды. Тағы бір үміткер Сандуғаш Оразбайқызы бюжеттік жобаларға бөлінетін қаржының тиімді игерілуі жайында жобасын ортаға салды. Оның айтуынша, бөлінген инвестицияның қайда жұмсалғаны жайында кезең-кезеңімен түсіндірілетін заңды құжаттарды енгізіп, оның электронды жүйесін де жасау керек. «Бұл қаражаттың тиімді әрі үнемді түрде жұмсалуына мүмкіндік береді және басы артық шығындарға жол бермейді», – деді ол. Ал Айжан Нұрмұхамбетова әлеуметтік аз қамтылған жандарға баспана беру мәселесінде туындайтын қиындықтарға тоқталып, осы мәселені шешуге қатысты өз тұжырымын жеткізді. Осылайша үміткерлер аталған төрт бағыт бойынша өз жобаларын алға тартса, ал комиссия мүшелері ұсыныстардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне тоқталып, бағыт-бағдар берді. Алдағы уақытта кандидаттардың жобалары сараланып, 25 үміткер кадрлық резервке қабылданып, түрлі лауазымдарға байқаусыз тағайындау мүмкіншілігіне ие болады.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА