Туған жерін қадір тұтып, құрметтеу – әр адамның перзенттік парызы. Сондықтан дана халқымыз «Туған жерге туыңды тік!» деген өсиет сөзді бекерге айтпаған. Жуырда кіндік қаны тамған қасиетті өңірін «Мысыр шаҺарына» балайтын азаматтардың бар екендігіне тағы бір мәрте куә болып, көз жеткіздік.
1985 жылы Балқаш ауданындағы білім ордаларынан түлеп ұшқан жастар ауызбірлікпен қолға алған игі істерін аяқтап, жерлестерін қуанышқа бөледі. «Қонаев – Бақанас» тас жолының бойындағы Тасмұрын асуына жолаушылардың бір сәтке тыныстап, демалуына арналған аялдама құрылысын аяқтап, ел игілігіне берді.
Аялдаманың ашылу салтанатында алғашқы сөз кезегін алған Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов: «Соңғы жылдары аудан азаматтары бірігіп, өңірдің көркіне көрік қосатын ізгі бастамаларды қолға алып келеді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» дегендей, атқарған абыройлы істеріне елдің айтар алғысы шексіз.
1983 жылы мектеп бітірген түлектер аудан орталығына кіреберіс жол бойына алыстан ат терлетіп келген қонақтарды күтіп алып, жолаушыларды құрметпен шығарып салатын демалыс орнын салып берсе, 1984 жылғы түлектер Малайсары асуына жолбарыс мүсіні кескінделген мұнаралы қақпа орнатты.
Енді міне, сол үрдіс сәтімен жалғасын тапты. 1968 жылғы азаматтар Тасмұрын асуына жолаушылар аялдайтын шаңырақ сипатты демалыс аялдамасын салып берді», – деп көпшілікті қуанышты сәттерімен құттықтап, 1985 жылы мектеп бітірген түлектерге ризашылығын білдірді.
Келесі кезекте Алматы облысының Құрметті азаматы, жерлесіміз Тынышбай Досымбеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған азаматтарға ақ батасын арнады.
Түлектер атынан сөз алған Бақытжан Өксікбаев жұмыла атқарған істің басы-қасында жүргендердің есімдерін атап, Тасмұрын асуына шаңырақ кескінді аялдама орнатудың негізгі мақсатына тоқталып, өңіріміздің өткен тарихы жайында әңгіме өрбітті.
Тасмұрын асуы бұған дейін де ары-бері өткен жолаушылардың ат байлайтын алтын қазығы, жас жұбайлардың серуен құрып, көңіл көтеретін орны болды. Енді міне, одан әрмен жаңғырып, сәні мен салтанаты жарасып тұр. Аялдаманың түнгі жарықтары мен бейнебақылаулары күн нұрымен қуат алатын құрылғыға жалғанған. Сонымен қатар ол жерде жолаушылардың бір сәтке жүрек жалғап алуларына дастарқан жаятын үстел-орындықтар арнайы шатырлардың астында орналасқан.
Аялдама дизайнын ойлап тапқан Ерланбек Исахановты әңгімеге тартқан едік. «Халқымызда «Шаңырағың биік, керегең кең болсын!» деген сөз бар емес пе?! Өздеріңіз көріп тұрғандай, шаңырақ сипатында бой көтерген аялдаманың жалпы аумағы 500 шаршы метрді құраса, биіктігі – 6 метр. Мәрмәр тастармен көмкерілген 6 тағанды қазақ үйдің аумағы 10 метр болса, шаңырақтың жалпы аумағы 4 метрді құрайды. Киіз үйдің төрінде қақпағы айқара ашылған сандық бейнеленсе, ол жерден Малайсарыдан айдынды Балқаш көліне дейінгі аумақты картадан көруге болады. Қасиетті өңірге табан тіреген жолаушының осы жерден бағыт-бағдар алуына мол мүмкіндік жасалған», – деді.
Салтанатты шарада аудан өнерпаздары әуелете ән шырқап, күмбірлете күй шертіп, жиылған көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жерге келбет, елге көрік беріп тұрған жол бойынан бой көтерген жаңа нысанның лентасы кесілгеннен кейін жиылған көпшілік аялдаманың сәулетіне тамсанып, естелік суреттерге түсіп жатты.
Текті халықтың ұрпақтары екенін тағы бір мәрте дәлелдеген қыз-жігіттер өздеріне 1967 жылғы аға-әпкелері табыстаған аманатты мүлтіксіз орындады. Шараға арнайы келген 1969 жылы туған аудан азаматтары ағалары берген эстафетаны қабыл алып, алдағы уақытта ел сүйсініп айтарлықтай игі істі қолға алуға дүйім жұрттың алдында уәде берді.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ
Балқаш ауданы