Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы Мәдениет үйінде танымал айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Даубай Әбдісайдың «Қара өлеңнің киесі қонған ақын» атты шығармашылық кеші өтті.
Кешке Шымкент, Алматы қалаларынан, Алматы облысына қарасты Талғар, қазіргі кезде ақын тұратын Еңбекшіқазақ, өзі туған Райымбек, Кеген аудандарынан арнайы өкілдер, ақынның шығармашылықтағы достары әрі замандастары, әкімшілік және Мәдениет үйінің қызметкерлері қатысты.
Кеш тізгінін ақын Камнұр Тәлімұлы қолына алды. Ең әуелі белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Жазушылар одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз Биғайша Медеу Хантәңірінің баурайында туып, Қарасаздың қойнауында түлеген Даубай ақынның Алматы өңіріндегі жыр жүйріктерінің жалғасы екендігін тіліне тиек етіп, оның өңірлік айтыс мектебінің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
«Даубай ақын – кешегі Құланаян Құлмамбет, Көдек Байшығанұлы сынды жыр жүйріктерінің заңды жалғасы. Ол сол бір ақындық мектептің өзіндік ерекшелігі мен мақамын сақтады. Құлынында құнаннан озған Оразалы Досбосыновқа ұстаз бола білді. Бүгінде бала шәкірттерін айтысқа баулып жүр. Айтыс өнерінде Даубай ақынның алар орны айрықша», – деді Биғайша Бесірқызы.
Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қанат Әбілқайыр, аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің бас редакторы Хайролла Ахметжанов кеш иесіне жүрекжарды тілектерін білдіріп, Даубай Мамытұлына шығармашылық табыс тіледі. Осыдан кейін сөз алған ақынның бір топ замандастары мен өнер қайраткерлері өз естеліктері мен арнауларын оқып, жырдан шашу шашты. Атап айтқанда, Шеризат Мекебаев, Елеусіз Ахметкерім, Мұхтархан Қалиұлы, Камнұр Тәлімұлы, Шаяхмет Құсайын сынды ақын-жазушылар кеш көрігін қыздыра түсті. Сонымен қатар қонақтармен бірге ақынның «Тамырымда көк түркінің қаны бар» атты су жаңа жыр жинағының тұсауын кесті. Ақынның шәкірттері киелі қара домбырамен жыр тарту етті. Бәйдібек би ауылдық округінің әкімі Есбол Рысбаев ақынға арнайы сый көрсетіп, Алғыс хат табыстады.
Жалпы, айтыссүйер қауым үшін Даубай Әбдісайдың есімі таныс. Ол – өзінің жалынды жырларымен, өткір тілімен, байыпты болмысымен, салмақты сөз саптауымен көпшіліктің жүрегіне жол таба білген ақын. Ізденімпаздығының, еңбекқорлығының, табиғи дарынының арқасында талай шыңды бағындырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Даубай ақын бүгінде Бәйдібек би ауылдық Мәдениет үйіндегі Тоқтасын Білезов атындағы айтыс, жыр-терме орталығына жетекшілік етеді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы