Конституция күніне орай Қонаев қаласындағы 4-ықшамауданда бой көтерген «Sun city» тұрғын үй кешеніндегі 85 пәтерді Қонаев қаласы әкімдігі сатып алып, кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы отбасыларға тарту етті. Шараға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, пәтер иелерін құттықтап, кілтін табыстады.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қазақстандықтардың баспаналы болуына үлкен мән береді. Сондықтан да бұл шара үлкен мәнге ие. Пәтер иесі болған 85 отбасының ішінде көпбалалы аналар, асыраушысынан айырылған жандар, жетім балалар, соғыс ардагерлері де бар. Үйлеріңіз береке мен ырысқа толып, отбасыларыңыз шаттық пен бақытқа кенеле берсін, – деді Марат Елеусізұлы.
Жаңа пәтердің иесі атанған зейнеткер-ұстаз Гүлнар Түсіпбекқызы қуанышына себепкер болған жандарға шексіз алғысын айтып, ақжарма тілегін жеткізді.
– Қонаев қаласында ұзақ уақыт бойы ұстаздық қызмет атқардым. Қазіргі таңда зейнеткер-ұстазбын. Осы уақытқа дейін әкімдіктің қолдауымен баспаналы боламын деген үмітімді үзбедім. Бүгін сол асыл арманым орындалып, пәтер иесі атандым. Біздің балаларымыз жаңа оқу жылын жаңа пәтерден бастайын деп тұр. Мен өте қуаныштымын. Алдағы уақытта дәл осындай бақыт кезекте тұрған барлық отбасыларға бұйырсын, – деді ол.
Баспаналы болғандардың бірі – Светлана Кизилова. Кезекте тұрғанына 10 жылға жуық уақыт болған. Қонаев қалалық ауруханасында қызмет ететін көпбалалы ана. «Пәтер иесі атанатынымды бір апта бұрын ғана білдім. Басында хабарласып бұл жақсы жаңалықты айтқанда сенбедім, әлдебіреулердің әзілі ме деп те ойладым. Бағыма орай қанша уақыт бойы күткен пәтерге ие болдым. Осыған дейін 25 шаршы метр болатын кішкене ғана саяжайда тұрып келдім. Қазіргі алған пәтерім одан екі есе үлкен. Қуанышымда шек жоқ», – деп жылы лебізін білдірді Светлана Кизилова.
Шараға қатысушылар баспаналы болған отбасылардың пәтерін аралап көріп, шашу шашып, қуанышына көзайым болып қайтты.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы