Отбасылық құндылықтарды дәріптеп, адамгершілік пен мейірімділікті, жанашырлықты насихаттайтын, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өз мәресіне жетті. Байқау нәтижесі бойынша бірінші орынды Райымбек ауданынан келген Жанбаевтар отбасы иеленсе, екінші орынды Ұйғыр ауданынан қатысқан Аликеевтар отбасы еншіледі, ал балқаштық Ысқақовтар әулетіне үшінші орын бұйырды. Оларды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әбитов марапаттады.
Жүлдегерлерге 500000-нан 1000000 теңгеге дейін, сондай-ақ басқа да қатысушыларға 100000 теңге көлемінде сыйақы берілді.
– Облысымызда ұрпақтар сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып келеді. Ел ішінде құрметке бөлеген, ардақты, өнегелі отбасылар көп. Сондықтан да жыл сайын «Мерейлі отбасы» байқауының да мәні артуда. Бұл жобаға қатысқан әр отбасыға алғысымды білдіремін. Халық даналығында атаны асқар тауға, ананы мөлдір бұлаққа, баланы жасыл құраққа теңеген. Бабаларымыз отбасы тәрбиесіне ерекше мән берген. Бұл байқаудың басты мақсаты – қоғамдағы отбасы институтын нығайту, құндылығын дәріптеу, қазыналы қарттарды құрметтеу, отбасы мен некенің жағымды бейнесін санаға сіңіру. Сондықтан жыл сайын аталған жобаға әр сала бойынша көпбалалы отбасылар қатысуда. Олардың арасында топ жарып, алға шыққан үздік 11 отбасы марапатталды, – деді Ерік Әбитов.
Жеңімпаз атанған Жанбаевтар отбасы ғылым саласы бойынша өз бақтарын сынаған. Отбасының үлкені Әбдіқадыр Жанбаев Шалкөде, Талас өңірлерінде қырық жыл мал дәрігері болып қызмет атқарған. Жұбайы Гүлшаһар Тұрбекова екеуі бес баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың төртеуі әр түрлі ғылым саласы бойынша білікті ғалым атанып, көптің жүрегі бара бермейтін, өресе жете бермейтін қиын да қызықты мамандық бойынша қызмет етуде, ал бір баласы кәсіпкерлікпен айналысады. «Кез келген қоғамның немесе сол қоғамдағы ұлы тұлғалардың қалыптасуының негізгі тірегі ¬ отбасы және сол отбасындағы ата-ананың тәрбиесі мен қолдауы. Мектеп кезінен ата-анам адамды жетістікке жеткізетін тәртіп пен білім екенін айтып отыратын. Жоғары оқу орнына тапсыруыма, ғылым жолын таңдауыма да сол кісілер себепкер болды. Үшінші курстан бастап ғалым боламын деген шешімге келіп, дайындығымды бастап кеттім. Университеттегі ұстаздарыммен ақылдаса отырып экономика саласында ғылымды дамыту бойынша жұмысымды бастадым. Әрине мұның бәріне ықпал еткен әуелі отбасындағы сенім мен қолдау», – дейді жеңімпаз отбасының мүшесі Ринат Жанбаев. Бүгінде ол сандық және жасыл экономика саласы бойынша жас ғалым атанған.
Тағы бір жүлдені иеленген Ысқақовтар әулеті 2005 жылы құрылған. Қазіргі таңда бұл отбасыдан алты қыз, бір ұл тәрбиеленіп, бойжетіп келеді. Үлкен қызы Жүргенов атындағы Қазақ үлттық Өнер академиясында актриса мамандығында оқиды. Болашақта өнер саласында еліміздің мәртебесін асқақтатуды қалайды. Ал екінші перзенттері биыл Сәтбаев университетіне үлкен сұранысқа ие IT саласы бойынша оқуға түскен. Ал қалған балалары мектепте білім алуда. Берекесі мен ынтымағы жарасқан жанұя бұл байқауда жүлдегер атанғандары үлкен мақтаныш екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. «Өмірдегі ең құнды нәрсе, біздің бар байлығымыз – отбасымыз. Бүгін оған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Бұл тек қана байқау емес, «Мерейлі отбасы» жанұядағы ауызбіршілік пен жанашырлықты арттыруға ықпал етеді, бір-бірімізге деген махаббатымыз бен құрметімізді күшейте түседі», – дейді Ысқақовтар әулеті.
Марапаттау рәсімінен кейін шара концерттік бағдарламамен жалғасып, қатысушылардың көңілін серпілтіп, қуаныштарын еселей түсті.
Гүлзат Байқонысова