Жер қойнауында кездесетін табиғи минералдық заттар, халық шаруашылығында табиғи күйінде не болмаса, байытқаннан кейін қолданылады, бір сөзбен айтқанда бұлар пайдалы қазбалар деп аталды. Жердің асты алтын, үсті күміс болуы ел экономикасының жанған шынары. Расында, әр мемлекеттің қазынасындағы қаржының еселенуіне елеулі әсер ететін, пайдалы қазбадан түсетін, пайда екені мәлім.
Елімізде өндірілетін қатты минералды шикізаттардың 75 пайыздан астамы ашық тау-кен жұмытарынан алынады. Мамандар пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіргенде еңбек өнімділігі 10 есеге дейін артатынын растайды. Тәжірбие жүзінде де ашық тау-кен кәсіпорындарын салу мерзімі әлдеқайда қысқа екені дәлелденген. Ашық тау-кен жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру үшін карьерлерді қуатты заманауи техникамен жабдықтау, инновациялық технологияларды өндіріске енгізу аса маңызды.
Жалпы, карьер дегеніміз – ашық кеніш. Ол пайдалы қазбаларды ашық әдіспен өндіру кезінде жер қыртысында пайда болатын ойық. Мұндай қазба орындары еліміздің әр өңірінде көптеп кезедеседі. Мәселен, Алматы облысының өзінде жекелеген аудандардың аумағында орналасқан десек артық айтқандық емес. Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетін өңірде ашық кеніштің болуы экономикалық тұрғыдан тиімді екені ақиқат.
Тарқатып айтсақ, Алматы облысына қарасты Талғар ауданы, Белбұлақ ауылында үш карьер бар. Оның екеуі әлі күнге жұмысын жалғастыруда. Бір ашық кеніш «Билдинг Строй Групп» серіктестігінің иелігінде болса, келесісі «Жеті тас» деп аталатын серіктестікке тиесілі. Аумағы 11,1 гектар жерді алып жатыр. Қос компанияның аталмыш карьерде жұмыс жасауға заң жүзінде рұқсаты бар. Дәл осындай карьер Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының маңында да бар. Одан қазып алатын құм мен қиыршық тас қоспасынан бетон дайындауға арналған ірі және ұсақ агрегат шығаруға мүмкіндік береді. Ал құм ерітінді дайындауға қолданылады. Жер қойнауын пайдалану заңдастырылғанын атап өткен абзал. Кен орнының орналасқан аумағы мен ондағы шикізаттың сапасы пайдалы қазбаны игеруде негіз бола алады. Мұнан шығатын шикізатты Батыс Еуропа – Батыс Қытай автомагистралі мен Жетіген – Қорғас темір жолының құрылысына қолданады. Дәл осы аудандағы Балтабай ауылында да карьер бар. Ол Шелектегі карьерден 45 шақырым жерде орналасқан. Мұнда шығатын қиыршық тас, құм кез келген деңгейдегі нысанның құрылысына қолданылады. Сәйкесінше, аймақ қазынасының еселенуіне өзіндік үлесін қосады.
Тау-кен саласын дамыту, карьердегі жұмысты ілгерілету еңбек өніміділігі мен өндірістің экономикалық тиімділігін арттырады, әрі өнімнің сапасын жақсартады.
Бұл бағытқа мемлекеттік деңгейде ден қою, облыстарда энергетика мен құрылыс саласын жетілдіруге ықпал етеді.