Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады.
Жолдауда еліміздегі заң мен тәртіптің үстемдігі, экономикалық өсім мен қоғамдық оптимизмді қалыптастыруда атқарылатын жұмыстар туралы сөз қозғалды.
9 тараудан тұратын бұл Жолдауда Мемлекет басшысы ақша-несие саясаты, инвестициялық ахуал, өнеркәсіп әлеуетін арттыру, ұлт саулығын нығайту, кадр әлеуетін арттыру, экономикалық ахуалды жақсарту сынды бірнеше мәселеге тоқталып өтті.
Бұл Жолдауда да Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына басты назар аудара отырып: Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет.
Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз»,-дей отырып, білім ордаларына қабілетті жастарды тарту жұмысын одан әрі жалғастыруды, бала тәрбиесінде мұғаліммен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі мол екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамда шын мұқтаж жандарға көмек қолын созуды қолға алу керектігін де басты назарға алу керек екенін қадап айтты.
Президенттің бұл Жолдауына барша қазақстандықтар қолдау көрсетіп, еліміздің хал-ахуалының артуына барынша күш-жігерін жұмсау керек деп ойлаймын.
Нұрсұлтан Мұхтарұлы Ділдәбаев,
«Қарғалы №3 орта мектебі» КММ-сі
директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары,
Жамбыл ауданы