Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Жиында алғашқы сөзді аудан әкімі Талғат Байеділов алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен әлеуетіне жан-жақты тоқталды.
Ауданда жеміс-жидек өсіру, егін шаруашылығы, мал шаруашылығы жолға қойылған. Соның нәтижесінде биыл ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 48 млрд 430 млн теңгені құрап, 105 пайызға артығымен орындалған. Былтырғы көрсеткіштен 1 млрд теңгеге артық. Сондай-ақ ауданда мал басы да едәуір өскен. Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында ірі қара саны 101,1 мың бас болса, қой мен ешкі саны 152 пайыз өсім көрсетіп, 297,6 мыңға жетті. Әкім сөзінен құстың саны ауданда біршама азайғанын аңғардық. Десе де, жеті айда 2 млн 645 мың дана жұмыртқа алынып, мал мен құс еті 11 мың 500 тонна болыпты. Сонымен қатар 41 мың 300 тонна сиыр сүті өндірілген. Осы орайда жақында ғана Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құрудың маңызы жайында айтқаны ойға оралады.
Ауданда ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптары 77 мың 500 гектарды құрайды. Аймақ басшысы Марат Елеусізұлы агроөнеркәсіптік кешен облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері екенін атап көрсетті. Бүгінде бұл салада өндірілген жалпы өнім көлемі бойынша Алматы облысы республикада Түркістаннан кейін екінші орында тұр.
Қай салада болсын, жұмыс қарқын алып, алға жылжуы үшін озық технология мен сапалы техника қажет. Саладағы өзекті мәселенің бірі – машина-трактор паркінің тозуы. Мәселен, аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 41,3 пайызы ескірген. Өз сөзінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, техника паркін жаңарту көрсеткішін 4,4 пайыздан 9,5 пайызға дейін арттыру қажеттігін және осы мақсатта ағымдағы жылы облыстық бюджеттен көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1,7 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл қаражаттың 1,1 млрд теңгесі субсидиялауға қарастырылған.
Күзгі дала жұмыстарына дайындалған шаруалардың алдынан шығар келесі мәселе – жанар-жағар май. Бұл сұрақтың шешімін табу үшін бүгінде шаруалардан 514 тонна арзандатылған жанар-жағармайға өтінім беріліп, оның 230 тоннасы алынған. Қалған жанар-жағармай көлемі қыркүйек айында толығады. Қазіргі уақытта жеңілдетілген жанармай бағасы 1 литріне – 250 теңге, ал жанар-жағармай бекетінде 1 литрі 295 теңгеге сатылып жатыр.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы шаруалардың біраз қиындығын жеңілдеткені рас. Бүгінде Еңбекшіқазақ ауданында бағдарламаның бірінші кезеңінде 417 өтінім түсіп, оның ішінде 277 жоба 2 млрд 25 млн теңгеге қаржыландырылды. Нәтижесінде 450 жаңа жұмыс орны құрылды. Ал екінші кезеңде 182 жоба бойынша 1,7 млрд теңгеге құжаттар жинақталып, комиссия қарауына ұсынылған.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екенін айтып, пайдаланылмай жатқан жер телімдерін қайтару мәселесін тағы көтерді. Сондай-ақ «Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс» деп нақты тапсырма жүктеді. Осы орайда ауданда жыл басынан пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлері бойынша мониторинг нәтижесінде 56 мың 640 гектар жер анықталған. Оның ішінде 11 мың 600 гектар мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал 24 мың 800 гектар жерді шаруа қожалықтары қайта қолдана бастаса, 4 мың 600 гектар бойынша Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне өз құзыреті шегінде шара қолдану үшін материалдар жолданған.
Халықтың әл-ауқаты ел экономикасының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан өңірде экономикаға оң әсерін тигізетін инвестор тарта білудің маңызы мол. Бұл ретте облыста өткен жылдан бері бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және серіктестікті дамыту туралы 28 меморандумға қол қойылды. Жалпы, 2030 жылға дейінгі инвестициялық портфельге 6,1 трлн теңгеге 211 жоба енгізілді. Олар жүзеге асса, аймақта 36,4 мың жұмыс орны ашылады. Биыл 7 айда инвестиция көлемі 27,7пайызға артып, 423,8 млрд теңгемен облыс республика бойынша 5-орынға табан тіреді. Ал жыл соңына дейін инвестиция көлемін бір триллионға жеткізу жоспарлануда. Еңбекшіқазақ ауданына келер болсақ, есепті кезеңде 45,7 млрд теңгеге инвестиция тартылып, облыста 4-орында тұр. Жыл басынан бері 2,7 млрд теңгеге 4 жоба жүзеге асырылды. Олар – жылдық қуаттылығы 10 мың тонна темір бұйымдарын шығару өндірісін іске қосып, 10 адамды жұмыспен қамтыған «Централ Азия Фуджоу Металл» серіктестігі, Есік өзенінің бойында жылдық қуаттылығы 400 тонна болатын балық шаруашылығын іске қосып, 10 адамды жұмыспен қамтыған – «ТМТ Group» серіктестігі, Түрген ауылында жылдық қуаттылығы 3 мың тонна болатын балық шаруашылығын іске қосып, 50 адамды жұмыспен қамтып отырған «Фреш Фиш КЗ» серіктестігі және Ават ауылындағы «Шелек Болашақ» серіктестігі. Бұл 700 орынға арналған қоғамдық тамақтану орны 20 адамды жұмыспен қамтыды. Бұдан бөлек, аудандағы ең ірі инвестициялық жоба – «Жетісу Вольфрамы» серіктестігінің вольфрам кендерін өндіру және қайта өңдеу зауытының құрылысы аяқталып, іске қосылады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны – 135 млрд теңге. Толық іске қосылғанда 350 адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ ауданның 2024-2028 жылдар аралығындағы инвестициялық портфеліне жалпы құны 677 млрд теңге болатын 6 жоба енгізілген.
Экономиканың бір тетігі – шағын және орта бизнес. Еңбекшіқазақ ауданы кәсіпорындардың саны бойынша Қарасай ауданынан кейін облыста екінші орында тұр. Кәсіпкерлік дамыса, жұмыссыздар саны да азаятыны анық. Жыл басынан ауданда 3 млрд 700 млн теңгеге 28 жаңа шағын және орта бизнес нысандары ашылып, 186 адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 17 азамат 25 млн теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Кәсібін адал жүргізіп, мемлекет қоржынына уақытылы салықтарын төлеп отыр.
Маңызды мәселенің бірі – баспана өңірде оң шешімін тауып келеді. Соңғы жылдары құрылыс қарқын алып, Еңбекшіқазақ ауданында 35,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл Есік қаласында 1,5 млрд теңгеге үш 30 пәтерлік және бір 40 пәтерлік 4 үйдің, Шелек ауылында 1,1 млрд теңгеге 60 пәтерлік 2 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Тіршілік нәрі – ауызсу мәселесі де өткір. Аудан елдімекендерінде орталықтандырылған ауызсумен қамту деңгейі 89 пайызды құрайды. Биыл халықты таза сумен қамту үшін 13 елдімекенде ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Олар – Қызылжар, Нұра, Шелек, Қазақстан, Ащыбұлақ, Рахат, Түрген, Бәйдібек би, Бөлек, Өрікті, Қарасай, Әймен ауылдары мен Есік қаласы. Сондай-ақ 8 ауылдың су құбырларын жаңадан салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Ел мен елді байланыстырып жатқан жолдардың жай-күйі де басты назарда. 2024 жылы облыс көлемінде 194 шақырым жол құрылысы аяқталды. Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автожолдардың үлесі – 90,5пайыз, ішкі көшелердің үлесі – 71,8 пайыз. Биыл облыстық маңызы бар «Алматы – Көкпек», «Саймасай – Ташкенсаз», «Шелек-Сарыбұлақ-Ақтоған» және Қаражота ауылына кіреберіс жолдарына орташа жөндеу жұмыстары аяқталып, қолданысқа берілді. Сонымен қатар ауданның 2 көпіріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі – 2025 жыл.
Демографиялық өсім жер-жерде балабақша мен мектептер санын арттыру қажеттігін аңғартады. Биылғы оқу жылында Еңбекшіқазақ ауданында екі мектеп есігін ашса, енді біреуі әне-міне қолданысқа берілмек. Бұдан бөлек, Төле би ауылында 450 орынды орта мектептің және Есік қаласындағы гуманитарлық колледж үшін 200 орынды жатақхана құрылысы қарқын алуда.
Еңбекшіқазақ ауданында 83 денсаулық сақтау мекемесі бар. Өкініштісі, тозығы жетіп, жаңартуды қажет ететін ғимараттар жоқ емес.
«Шелек ауылында жаңа көпсалалы ауруханаға және 4 ауылға жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысына ЖСҚ әзірлеуге 124 млн теңге, тағы 4 ауылдың дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жүргізуге ЖСҚ дайындауға 48 млн теңге керек», – деген аудан әкімі Талғат Ескендірұлы облыс басшысынан осы жобаларға қажетті қаражатты бөлуге ықпал етуін сұрады.
Еңбекшіқазақ ауданында көздің жауын алар Есік көлінің мәселесі көпті толғандыратыны белгілі. Өткен жылға дейін «КазЭлектроЭнергия» ЖШС-ның сенімгерлік басқаруында болып, кәсіпорын міндеттерін дұрыс атқармағаннан кейін Алматы облысы әкімдігінің теңгеріміне қайтарылған көл аумағында туристік инфрақұрылымды неге дамытпасқа деген сұрақ көптің көкейінде жүр. Кездесу барысында облыс әкімі Марат Елеусізұлы бұған да жауап берді. «Есік көлін туристік аймаққа айналдыру ұсынысымен келген инвесторлар аз болмады. Десе де, көлдің қазіргі сұлулығы мен табиғи көркін жоғалтып алмау үшін бұл сұрақты жан-жақты қарастырып барып, шешім қабылдаған жөн. Сондықтан дәл қазір көлдің жанына ешқандай инфрақұрылым салынбайды. Демалушылар бергі жақта көліктерін қалдырып, көлге тек жаяу барады», – деген облыс әкімі Еңбекшіқазақ ауданы жоғары туристік әлеуетке ие және Қазақстан Республикасының туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының «ТОП-10» басым аумақтарының тізіміне енгізілген Алматы тау кластеріне кіретінін де атап өтті.
Кездесу соңында тұрғындар ойында жүрген сұрақтарын қойды. Олардың басым бөлігі баспана, жайылымдық жер, ғимараты ескірген дәрігерлік амбулатория, ауылдарға Мәдениет үйін салу, газ тарту, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік санын арттыруға қатысты болды. Басқарма басшылары әр тұрғынның сұрағына тікелей жауап берді. Кездесу барысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев: «Жыл сайын әр ауылда кемінде бір оң өзгеріс орын алуы керек. Ол жаңа салынған немесе жөндеуден өткен әлеуметтік нысандар, жаңа төселген жолдар, жаңа ашылған жұмыс орындары болсын, бастысы, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарта түсетін іс болуы керек», – деп мамандарға тапсырма берді.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы