Еліміздің сүт өнеркәсібінде «Адал», «Данон», «Фуд Мастер» сияқты жетекші өндіріс орындарының қатарында балаларға арналған таза сүт өнімдерін шығаратын «Амиран» фирмасы да бар.
Талғар ауданы Қызыл Қайрат ауылында орналасқан сүт зауытының негізін қалаған Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Төрегелді Шарманов болатын. Көпжылдық тәжірибеге ие өндіріс меңгерушісі Асхат Түкеновтің айтуынша, заманауи технология және жоғары сапа стандарттарына басымдық жасау зауыттың өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік берген. Мұндағы ең басты ерекшелік – зауыт шикізатты шетелден әкелмейді. Өйткені табиғи сүт Нұра ауылдық округіне қарасты Қаратоған ауылында орналасқан өздерінің тауарлы сүт фермасынан алынады. Зауытқа күн сайын 16 тонна сүт жеткізіліп, өндірістік өңдеу барысында одан айран, сүзбе, қаймақ, қатық, йогурт сияқты 19 түрлі сүт өнімі өндіріледі.
– Сүт өнімдерін өндіру технологиясы мен үдерісінде сүттің майлылығы үлкен рөл атқарады. Жаздыгүні ол төмен, ал қысқа қарай жоғары болып, 30 пайызға дейін жетеді. Ашытылған сүт резервуарлық және термостаттық деп аталатын екі түрлі әдіспен өндіріледі. Зауытта жетекші еуропалық фирмалардың соңғы үлгідегі жабдықтары орнатылған. Мұнда 70-тен аса адам жұмыс істейді және олардың үштен бірін өнімнің сапалы болуын қадағалауды қамтамасыз ететін технологтар мен шеберлер құрайды. «Амиран» зауытының басты мақсаты – балалардың салауатты өсуі мен дамуы үшін қажетті барлық азықтық заттармен байытылған жоғары сапалы өнім алу. Ол үшін зауыттың өз зертханасы бар. Шикізат тек қана өзіміздің «Амиран Агро» фермасынан алынады. Сапаны бақылау басты назарда, – дейді Асхат Түкенов.
«Амиран» зауытында балаларға және ересектерге арналған өнім өндіретін екі желі бар. Балалар желісінде сүзбе пастасы, түйіршіктелген паста, ашытылған сүт өнімі, йогурт және сүт өндіріледі. Бұл өнімдер 6 айлықтан бастап, мектеп оқушысына дейінгі әртүрлі жастағы балаларға арналған. Ал ересектер желісінде сүт, сүзбе, айран, қатық, қаймақ, сарысу өндіріледі. 2019 жылы зауыт Алматы қаласы мен облысының тұрғындарына бірден ұнаған екі жаңа өнім – «Вологод» сары майы мен «Fitline» йогуртын шығарды. Ал 2021 жылы Микробиология және вирусология институтымен бірге тұтынушыларға тағы бір ерекше өнім – «Лакто-АС» сүт сарысуы сусынын ұсынды. Сүт сарысуы адам ағзасы үшін өте пайдалы. Қазіргі кезде бұл өнімдер Алматы қаласы мен облысының сүт сөрелерінде жетекші орынды иеленіп тұр.
«Амиран Агро» фермасында сауын сиырлар үшін жемшөп қорын дайындауда егістік жерлер GPS навигатордың көмегімен бағдарламалық қамту арқылы жыртылса, сиырларды сауатын залда американдық «Baumatic» жүйесі жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ тазалау жүйесімен де қамтылған. Ферма қызметкерлері жердің өнімділігін арттырып, топырақтың құнарлылығын жақсарту және байыту жұмыстарын жүргізіп келеді. Мұнда барлық үдерістер автоматтандырылған.
Компания өндірістегі тұрақтылық пен әлеуметтік жауапкершілікке де ерекше мән береді. Бұл бағытта заманауи экологиялық технологиялар енгізілуде, шыны ыдыстарды қайта қолдану бойынша жоба дайындалған. Сүт өнімдерін құю үшін нарықтан тек қауіпсіз және келешекте қайта өңдеуге болатын пластиктерді таңдайды. Сонымен бірге тұрғындар арасында күнкөрісі төмен, көмекке мұқтаж топтағы адамдарды қолдауға бағытталған қайырымдылық шараларға белсенді қатысып келеді. Өз қызметкерлері үшін де қолайлы жағдай жасап, адамдарды қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуде. Компанияның басты ұстанымы – экологиялық тұрғыдан таза, тиімді және өміршең кәсіпорын болу. Өнім түрлері мен сату көлемін ұлғайту да алдағы жоспардың негізгі мақсаттарының бірі.
«Ас – адамның арқауы», «Бірінші байлық – денсаулық» дейді халық даналығы. Қазір табиғи таза өнімдер тұтынып, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Осы тұрғыда өзінің ірі қара мал басы, дамыған жемшөп базасына ие заманауи фермасы бар және сүттен бастап, балалардың денсаулығы, өсуі мен дамуы үшін аса пайдалы өнімдер өндіретін, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті жақсы сезінетін отандық сүт өндірісінің озаты – «Амиран» зауыты келешекте де табысты жұмыс істейтіндігіне күмән жоқ.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы