Қарасай аудандық Мәдениет үйінде «Жылылық күннің көзінде – тәрбие әженің сөзінде» атты әжелер байқауы өтті. «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылған шараға облыстың барлық ауданы мен Қонаев қаласынан өз өңірлерінде үздік атанған дарынды да өнегесі мол, парасатты аналар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрахметова ең алдымен аналар кеңестерінің атқарып отырған істеріне тоқталды. Аймақта 146 ұйым тіркелген болса, оның біреуі облыстық, біреуі қалалық, тоғызы аудандық және 135-і өңірлік дәрежеде. Отбасының татулығы мен ұлттық құндылықтарды сақтауға атсалысып, жас ұрпақтың тәрбиесіне мейлінше үлес қосып келе жатқан аналардың еңбегі айтуға тұрарлық.
Аталған шараға Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, айтыс өнерінің ардагері, ақын Надежда Лушникова арнайы келіп, жиналған қауымға жырдан шашу шашып, қатысушыларға өрнекті өлеңімен сәттілік тіледі. Байқауға қатысуға ниет білдірген әжелеріміздің әрқайсысы – өмірлік тәжірибесі мол, мемлекетіміздің өркендеуі жолында еңбек сіңірген, дәрежесі мен марапаттары жетерлік жандар. Дегенмен, олар үшін немере мен шөбере ең басты байлық екеніне күмән келтіруге болмайды. Мысалы, Кеген ауданынан келген Майра Оразбаева өзінің 29 немересі мен 15 шөбересін мақтан етеді. Ал Ұйғыр ауданының өкілі Клара Рахымберлиновада 22 немере мен бір шөбере болса, Еңбекшіқазақ ауданынан келген Нұрилә Мұсаевада 15 немере мен 11 шөбере бар екен.
Байқауға келер болсақ, ол үш номинация бойынша өтті. Оның алғашқысы «Сәлем берсең – саулық аласың» деп аталды. Мұнда қатысушы өзін таныстырып, отбасы мен әулеті жайлы айтып беруге тиіс. Үміткерлердің басым көпшілігі ардагер-ұстаздар мен өнер саласының мамандары болғандықтан, бұл белес олар үшін онша қиынға соға қоймағаны белгілі. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының өкілі Нұрилә Мұсаева, жамбылдық Кәмшат Шөшікбаева және өзгелері таныстыруларын әнмен жеткізсе, қарасайлық Балапан Нағманова баянмен, райымбектік Советхан Мекебаева домбырамен сүйемелдеп, дарындарын ашып үлгерді. Ал Қонаев қаласынан келген Халипа Рахметова ұйғыр биін мың бұрала билеп, жиналған жұртшылықтың қошеметіне бөленді.
Байқаудың бұл ширегіне аспаздық өнер де енгізілген. Оның шарты бойынша әжелер үйлерінен бүгіндері ұмыт бола бастаған дәмді де денсаулыққа аса пайдалы ұлттық тағамдарды даярлап әкелуге міндетті болатын. Асты дайындау сәті бейнежазбаға түсіріліп, экраннан көрсетіліп отырғаны да қызықты әрі ұтымды болды. Мұнда тары мен бидайдан жасалған мәзірлер мен ұлттық сусындар да кең көлемде көрініс тапты.
Байқаудың «Бесік жыры – басты жыр» атты екінші кезеңінде әжелер бесік жырын шырқап, жас сәбидің азамат болып өсуіне арналған өсиет сөздерін нақышына келтіре жеткізуге бар өнерін салды. Кейбірі тіпті театрландырылған қойылым әзірлеп әкелген екен. Бұл жерде қарасайлық Балапан Нағыманованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Талғар ауданынан келген Гаухар Қасымбекова да осындай көріністі көрермен назарына ұсынды.
Байқаудың үшінші кезеңі «Ұлылықты танытқан салт-дәстүрім» деп аталды. Оның шарты бойынша қатысушылар қазақ халқының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай дәстүрін паш етті. Атауының өзі айтып тұрғандай, мұнда ұлтымыздың бірегейлігін сақтап келген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптар көрініс тапты.
Байқауға ұсынылған көріністердің барлығын Салтанат Орынбекқызы мен Надежда Лушникова және Қонаев қаласының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Дәметкен Нүсіпбекова бастаған әділқазылар қалт жібермей бақылап отырғанын айта кету керек. Тартысты өткен жарыстың қорытындысы бойынша бас жүлде – Гран приді Райымбек ауданының әжесі Советхан Мекебаева жеңіп алды. Бірінші орын мінберіне балқаштық Зәуреш Демеуқұлова мен ілелік Баян Топарова көтерілді. Екінші орын Жамбыл ауданының өкілі Кәмшат Шөшікбаева мен Ұйғыр ауданынан келген Клара Рахымберлинованың үлесіне бұйырса, үшінші орынды кегендік Майра Оразбаева, қарасайлық Балапан Нағыманова және еңбекшіқазақтық Нұрилә Мұсаева мен Қонаев қаласының үміткері Халипа Рахметова иеленді. Жеңімпаздардың барлығы арнайы сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы