Биыл қыркүйектен бастап облыстағы барлық балабақшада «Qazyna face» бақылау жүйесі іске қосылды. Бірақ қоғам тарапынан аталған жүйеге деген күдік пен күмән арылар емес. Жақында Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Күленова кәсіпкерлер мен балабақша тәрбиешілерінің атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, еліміздің бірқатар облысында жүзеге асып жатқан пилоттық жобаның кемшін тұстарын айтып, оған тосқауыл қоюды өтінді. Балабақшадағы бар іске бақылау жүргізудің басты жолы саналған атаулы жоба облысымыздағы балабақша құрылтайшылары мен қарапайым ата-аналарды да әбігерге сала бастаған көрінеді.
Алматы облысында халық саны көп болғандықтан, мектепке дейінгі тәрбие жасындағы бала саны да басым. Бүгінде аймақта 1150 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Соның ішінде 84,4 пайызы жекеменшік балабақша болып тұр. Жалпы 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші – 93,7 пайыз. Сандар сөйлегенімен, әлі күнге балабақшада кезекте тұрған бүлдіршіндер жетерлік. Осыған қарап, мектепке дейінгі білім мекемелерінде орын тапшылығы барын аңғаруға болады.
Кез келген саланы дамытудың басты факторы – қаржы. Балаларға сапалы білім беру жолында қаражат бөлу шешуші рөл атқаратыны айқын. Сол себепті, бюджет қаржысын оңтайлы пайдалану үшін арнайы тетік ойластырылыпты. Осылайша, аймақтағы балабақшаларда интеллектуалды биометриялық сәйкестендіру деп аталатын «Qazyna face» қосымшасы жүзеге аса бастайды. Қосымшаға балалар жайлы барлық дерек тіркеліп, балғындардың бөбекжайға келіп-кетуі күнделікті тексерілетін болады. Яғни, балабақшаға кіргенде телефон камерасы арқылы тәрбиеленушінің бет-жүзі сканерленіп, ақпараты жүктеледі. Облыстық білім басқармасының ақпаратына негізделер болсақ, бұл жоба тиісті құзырлы органдардан рұқсат алып, жүзеге асырылған. Ол арқылы жергілікті бюджеттің мақсатты жұмсалуын қадағалап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алмақ. Себебі бұған дейінгі мониторинг жүргізгенде балаларды балабақшаға жалған тіркеп қойып, мемлекеттен қаржы алып отырғандар кездескен. Сол үшін білім басқармасы цифрлық жүйелерді енгізу арқылы мемлекеттік тапсырыс алып отырған балаға қаражаттың нысаналы жеткізілуін жетілдірмек болған.
Енді сол қаржы айналымын бақылауға басымдық беретін жоба қатардағы кәсіпкерлер мен қарапайым ата-аналардың бас ауруына айнала бастады. Біз тілдескен балабақша иелерінің бірі аталған жобада ұсынылған механизмнің ыңғайсыз тұстары бар екендігін жасырмады. Оның сөзінше, бұл жоба қабылданудан бұрын жан-жақты сараланбаған. Өйткені әр баланы «Qazyna face»-тен өткізу үшін телефонмен суретке түсіріп отыру керек. Оның үстіне кей бала суретке түскісі келмей жылап, қарсылық білдіреді екен. Сол үшін балабақша тәрбиешілері сағаттап сарсаңға түседі. Сонымен қоса, кейде интернет желісі мен кейбір техникалық ақауларға байланысты балабақшаға келген балдырғандар электронды базаға тіркелмей қалады. Егер мұндай қателіктер жиі қайталанатын болса, бөбекжайлар қаржыдан қағылады екен. Ал мемлекет тарапынан берілетін қаражат азайса, балабақшалар түрлі коммуналдық шығындар мен қызметкерлердің еңбекақысын төлеуде қиындыққа тап болмақ. Ал бұл келеңсіз жағдай өз кезегінде жекеменшік балабақшалардың жаппай жабылуына әкелуі мүмкін. Онсыз да өңірімізде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің жетіспейтіндігі тағы бар. Жеке балабақша иелерінің кесіпкерлер екендігін ескерсек, жобаның кейбір кемшін тұстары кәсіпкерлікке де кері әсерін тигізбек. Пилоттық жоба жайлы жекеменшік балабақша иелері шағымдарын айтып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына да арнайы барыпты. Ондағы мамандар жоба жайлы алдағы уақытта талдау жүргізіп, бизнес иелеріне жауап берілетіндігін айтыпты.
Біз сөз етіп отырған пилоттық жобаға кейбір ата-аналардың да наразы екендігін аңғардық. Өйткені олар балаларының жеке бастарына қатысты деректердің ашық ақпарат көздеріне тарап кетуінен алаңдайды. Оның да өз қисыны бар сияқты. Себебі қазір алаяқтар көп. Тиісті мәліметтері мен құжаттары жабық ересек адамдардың өзі алаяқтардың түрлі айласына тап болып жатыр. Оның қасында балалардың жеке мәліметтері тіптен тез қолды болуы әбден мүмкін. Десе де, облыстық білім басқармасы «Qazyna face» қосымшасына енгізілетін деректерге толығымен жауапкершілік алынатындығын алға тартып, барлық мәліметтер тиісінше Ұлттық базалық деректер қорында сақталады деп сендіріп отыр.
Әрине, мемлекет қаржысы оңды жұмсалғаны дұрыс. Алайда адам капиталының дамуына, оның ішінде болашақ ұрпақтың білім алып, алаңсыз ержетуіне ешқандай қиянат жасалмауға тиіс. Шындығы сол, миллиондаған балдырғанның тағдыры кез келген тәжірибенің сынақ алаңына айналмаса екен дейміз.
Ермұрат МҰҚЫРБАЙ