ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың жұмысы бүгін Ақтөбе облысында жалғасты. Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бастаған депутаттар, сарапшылар және қоғам қайраткерлері “Aqbobek International School” мектебінде ұстаздармен кездесіп, атом энергетикасының еліміздің экономикасы мен энергетикалық қауіпсіздігіне тигізер ықпалын талқылады.
ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев АЭС экологиялық таза энергияның сенімді көзі ретінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның көміртекті энергия көздеріне тәуелділікті азайту арқылы қоршаған ортаға тигізетін оң әсерін егжей-тегжейлі түсіндірді.
– Біздің энергетикамыздың 70 пайызы көмір стансасының негізінде жұмыс істеп тұр. Олардың барлығы тозған. Оның үстіне көмір электр стансасының экологияға зияны бар. Мысалы, 1 ГБ энергия шығаратын көмір стансасы 3-7 миллион тонна көмірқышқыл газын, 300 мың тонна күл шығарады. Бұның ішінде зиянды қосындылар да бар. Енді біз қандай жағдайда өмір сүріп жатырғанымызды ойланып көрейік. Енді әрбір мемлекет осындай көмір стансаларын жабады. Ал АЭС-тан көмірқышқыл газы, күл шықпайды. Сондықтан жасыл энергияға жатады,-деді ол.
Мектепте физика пәнінің оқытушысы Аманжол Бақтығұлов еліміздегі ғылыми-техникалық прогрес мәселесін атом электр станциясының құрылысымен байланыстырды. Сондай-ақ ол АЭС-тың тиімділігіне тоқталды.
– Мен – радиоактивтілік және атом құрылысы жөніндегі ілімнің негізін салушы Эрнест Резерфордтың теорияларын жата-жастана оқыған мамандардың бірімін. Атом саласының маманы болмасам да, физик ретінде елімізде АЭС салудың тиімді тұстарын біліп отырмын. АЭС құрылысы түрлі ғылыми саладағы зерттеулерді жетілдіруге серпін береді. Жастардың жаңа бағытта ізденуіне, тың мамандықты игеруге құлшынысын оянатыны анық,-деді ол. Өзге де ұстаздар тың бастамаға бірауыздан қолдау білдіріп, энергия ел экономикасын қозғаушы күш деген ортақ пікірге келді.
aikyn.kz сайтынан алынды