Әлемдік ақыл айналымына тұңғыш рет «халықтық рух» ұғымын енгізген әйгілі неміс философы Гегель «Әр халықтың өзіне тиесілі еншісі бар» екенін пайымдайды. Оның айтуынша, халықтық рухтың арқасында тарихи үдеріс жүзеге асады. Бүгінгі таңда аксиомаға айналған ойға сүйенсек, күні кеше ғана тәуелсіз ел атанып, азаттыққа қол жеткізген бақытымыздың әлдекімдер айтып жүргендей оңайлықпен бұйыра салған олжа емес, отарлық тепкіге де, шапқыншылыққа да, тоталитарлық қыспаққа да шыдай жүріп, келешектен күдерін үзбей күресіп, ұлпа жүрегі шерге толған халқымыздың тарихтан алған еншісі екеніне шүбә жоқ. Сол еркіндік болып тиген еншімізде сан мыңдаған тағдыр иелерінің алар үлесі бары ақиқат. Ақын, жазушы, журналист Қуат Қайранбаевтың «Аға» кітабы бізді осындай ойға жетеледі.
Романды қолға алған оқырман әуелі ақын жаратылысына тән мың бояулы әлемнің әсемдігінен туар әсері мен сары даланы өбіп өткен самал жел сыбырлайтын сағыныштың сарынын іздеуге ынтығады. Бірақ кітап бетін парақтаған жан ұлтымыздың «ұстараның жүзіндей» аударылып-төңкерілген өмірі мен тарихын кестелеген кеңістікке тап болады. Онда ұрпағына, адам баласына деген борышты сезім, ұлағатты мейірім жатыр. Ақын ағамыздың деректі романында ел мен жердің қадір-қасиеті, келер ұрпағының кер заманға тап болмауын аңсаған ата-бабаларының жанкешті ғұмыр кешулері, сан құбылған замана бейнесі мен жылжымалы жылдар керуені арқау етілген.
Автор алмағайып замандар мен жаугершілік дәуірлерде біртұтас отырған елінен жырақта, ата-бабаларының жұрты саналатын Алтай-Сауырда күн кешуге мәжбүр болған Керей елінің сан қилы тағдыр соқпағына тереңінен үңіледі. Жоңғар хандығы 1757 жылы жойылғаннан кейін Абақ Керей мен Найман рулары олардан бос қалған алқапқа Абылай ханның пәрменімен көшіп барып, қоныстана бастағаны айтылады. Шығармада аударылып-төңкерілген заманның, алмағайып жағдайдың, асау арпалыстың лебін танытады. Онда өмір үшін күрескен, әділет жолында басын бәйгеге тіккен боздақтар аз емес. Соның бәрін «Аға» романын парақтап отырып көзге елестетесің. Әсіресе ақиқаттың ақ семсері тәрізді Жобалай бидің тарихи бет-бейнесі, өнегелі ісі романда ерекше көрініс тапқан. Жобалай бидің соғысқа дейінгі қоғамдағы әділетсіздік, зорлық пен зомбылық, әлдінің әлсізді езіп, жаншып өз айтқанына жүргізуге тырысқандарға қарсы күресі оның әділ билігі емес пе?
«Атыма тай бер,
Қойыма қозы бер.
Қой болар, қозы болар,
Келер жылы өзі болар», – деген талабы. Абай айтқандай: «Күшті зорлығын қойған ба? Әлсізді әлімжеттікпен жеп, есе бермегеннен кейін, Жобалай бидің ойлап тапқан билігі ғой», – деп турасынан жол салып орындатқан үкімі болды. Міне, осының өзі сол кездегі өмір үшін күрес, байлық үшін талас, билік үшін тартыс заманында, Жобалай би билігінің қажеттілігін, оның өмір сүру кезеңінде тарихи орнын белгілеп, айқындап отыр. Жобалай би бастаған ел жүгін арқалаған саңлақтар мен тарихи тұлғалар романның негізгі арқауына айналған. Сондай-ақ Жаманбай батырдың ұрпағы Нұрпейіс, оның жалғыз ұлы Қайранбай ақсақалдың өмірі, одан тараған Әбуғали, Адамбай, Серікбай, Байбол деген төрт ұлының кешегі қанды ғасырдағы тірлігі, тартқан мехнаты оқырманды бейжай қалдырмайды.
Кеңес өкіметі жергілікті халыққа күн көрсетпей, қызыл қырғынға ұшыратқан тұста жат жерді сауғалауға ары бармаған Қайранбай қарияның төрт ұлы – Әбуғали, Адамбай, Серікбай, Байбол турасында айтылады. Осы арада Қайранбай қарттың бейнесі айрықша дараланады. Ол бейне тұнып тұрған тарихтың тұтас бір дәуірі, еш уақытта ортаймайтын, заман өткен сайын толыға түсетін ақыл-кеңес қазынасы іспетті. Шынымен де, адам ғұмырының түйінді бөлігі, бір ұрпақ өмірімен шектелмейтін, жалғасы үзілмейтін, ғасырдан ғасырға асып, асыл қасиеттері жетіле, кемелдене, киелене түсер феномен. Дана қарттардың бағзы заманнан қалыптасқан, ұрпақтан ұрпаққа ұштасқан өмірлік мақсаты – ел бірлігіне, жер тұтастығына бас-көз болу, халықтың бірлігі мен ынтымақтастығын берік дәнекерлеу, ұлттық бай рухани қазынаны шашау шығармай сақтау және молайта түсуге қарекет ету. Олар қай кезде де осы міндетті жүзеге асыруда көсемдік танытты, бекзаттық пен мәрттіктің үлгісі бола білді. Дөңгеленген дүние бір орында тұрмақ емес, әрдайым уақытқа тың тыныс және бағыт берді. Сол үшін де Қайранбай ақсақалды ел ішіндегі, ағайын-туыс арасындағы дау-дамай, өкпе-ренішке мәмілегерлік жасап, тыныштық орнатуға ықпал еткен дала данагөйлерінің жалғасы ретінде қабылдайсыз.
Романда Қазан төңкерісі, «Түркістан – Сібір» теміржолының салынуы, аждаһадай аранын ашқан ашаршылық, сұрапыл соғыс кезең-кезеңімен бір әулеттің басынан аунайды. Сол бір тағдыркешті сынақтарда адамдық болмысына кір келтірмеген кейіпкерлердің кескін-келбеті мен адами қасиетін автор уақыт тезінен өткізіп, өшпестей етіп көңілге ұялатады. Деректі романның тұтас желісінде әсіре бояулар, артық әрекет кездеспейді. Бәрі тиянақты һәм дәлелді. Автордың айтқанына нанбасқа, ондағы шындыққа шүбә келтіруге хақың жоқ. Қайранбаев қаламынан өнген образдардың ойдағыдай шығуы автордың эпикалық шығармаларда сом бейне сомдауында жатқан шығар. Романда кітапты қалыңдату үшін алынған басы артық сюжеттерге жолықпадық. Тек саралап, тиянақты өлшеп-пішілген, сұрыпталған суреттерден тұратын сөйлемдерге тап болдық. Әрине, өзгелер үшін бұл бір рудың, не бір отбасының өмір шежіресі сынды көрінуі мүмкін. Бірақ біз шығармаға тереңінен үңіліп, жан-жақты ойланып қараңыз деген өтініш айтар едік. Автор әкесі Әбуғали арқылы сол дәуірдегі қазақтың ауыр тағдырына сана биігінен қарап, көңіл көкжиегінен көз салады. Ол тұтас дәуірдің толық картинасын суреттемегенімен, шынайы һәм шытырман оқиғалардың астарында қаншама пайдалы деректер жатыр. Ол деректер, ең алдымен, оқырманның сол уақытқа деген танымын қалыптастырып, ұлттың жан әлеміне түскен жараның жайын ұқтырады.
«Аға» романын парақтаған оқушы сурет көрмесінде жүріп картина қарағандай, сол дәуірді ашық таспалаған деректі фильм көргендей күй кешері анық. Өйткені шығарма нақтылы, жанды суреттерге толы. Сондықтан да оқырман зердесінде әсерлі оқиға, көңілінен өшпес көркем көріністердің қаларына ешбір күмән тумасына сенеміз. Автор баяндаған оқиғалардың қызықты, қайшылыққа толы болғаны соншалық, оқырманын бірден өзіне баурап әкетеді, әрі дала халқының тұрмыс-тіршілігі баяндалады. Онда ұлттық дәстүр, салт-санаға қатысты ырым-тыйым, шешендік-шеберлік үлгісін көптеп ұшыратуға болады. Романның тілі жатық әрі қарапайым. Ділмарсудан, сөзуарлықтан ада. Сарай қабырғасына қаланған кірпіштей өз орнымен қолданылып, автордың тіл ұстарту өнеріне жетіле түскендігіне бас шұлғытып, ақынның өзіне тән тобышақтай жұтынған ойнақы тілдік стильді байқатады. Әдебиеттің басты құралы есептелетін тіл қолдану бейіміне қарағанда, поэзиялық лепке, поэтикалық қуатқа толы болуы оқушысын ынтықтырып отырады. Әсіресе Адамбай мен Серікбайдың сұрапыл соғыс өтінде шейіт кетіп, қаралы қағаз келгені жан ауыртса, Әбуғали мен кенже інісі Байболдың арасындағы аға-бауырлық махаббаттың кесек-кесек көрінісі жан тебірентерлік.
Қуат Қайранбаев – проза жанрына тосын келген жан емес, баспасөз саласында көркем дүниелер жазып, өз оқырманын тәнті еткен қаламгер. Бұған дейін қара өлеңнен қаймақ қалқыған ақын енді қара сөздің қазыналы ордасына атбасын бұрды. Дерегі мен дәйегі мол, оқырман дәргейіне олжа салатын шығармалар жаза бастады. Анығын айтсақ, аталған кітапта ақын өзінің өскен ортасы мен ұшқан ұясы, өмірде көрген-білгенін, көкейге түйгенін ұсынады. Сондықтан да оның шығармаларынан ұлттық белгілер көбірек сезіледі. Бізде де қаламгердің халық жадын жаңғыртатын шығармалары молынан болсын деген ізгі тілектеміз.
Ерзат АСЫЛ