60-жылдары туған буын өткен ғасырды да, мына ғасырды да, соғыстың да бүкіл қиыншылығының шет-жағасын көріп өсті. Ол кезде елдің танымы да, тәрбиесі де бөлек еді ғой, несін жасырайық?!
Біздің буын мен қазіргі буынның арасындағы айырмашылықтың туындауына тәрбие себеп болып отыр. Үкіметті кінәлап жатамыз. Әйтсе де, таяқтың екі басы бар. Ұрпақ тәрбиесінде Үкімет өз алдына, ата-анадан да кемшілік бар.
Кеңес уақытында отаншылдықпен жастарды тәрбиелеген жақсы әдістер болды. Бірінші сыныптан бастап кеудесіне Лениннің суретін тағып, октябрятқа өткізді. Үшінші-төртіншіге көшкенде мойнына қызыл галстук тақты. Содан кейін мектеп бағдарламасына батыр пионер, батыр комсомолдардың өмір тарихын енгізді. Бұл дегеніңіз – тәрбие. Сол арқылы жастар жігерленді, алға ұмтылды. Ол кезде Отан алдындағы әскери борышымызды өтеуге өзіміз сұранып баратынбыз.
Ал қазіргі ата-аналар балаларын әскерден алып қалуға жанын салады. Бүгінде мені әке ретінде, ата ретінде қатты уайымдататын, толғандыратын нәрсе – еліміздің болашағы, немерелеріміздің келешекте жағдайы қандай болады деген ойлар. Әскерге барғандар бір-бірін ұрып, табытпен қайтып кеп жатыр. Бұл енді қандай ақылға сыяды? Біздің аталарымыз қанша қанмен, қанша термен осындай күнге жеткізді. Ал енді ұрпақтың тәрбиесіне келсек, ол балабақшадан басталуы тиіс. Оған әке-шеше қатысу керек. Баланы тәрбиелеу үшін жан-жақтан, Үкімет тарапынан да қам-қарекет жасалғаны жөн.
Тағы бір қарын аштыратын жайт – қазіргі ата-аналарда қате түсінік бар. «Баламды бақшаға өткіздім, мектепке бердім, болды» деген. Осындай ұғымның салдарынан қазіргі таңда не мектепте, не мұғалімде, не ата-ананың өзінде еш абырой-бедел қалмады. Барлығы өздерінікін дұрыс дейді. Одан қалды, анау министрлік те шетелдің тәжірибесі дей ме, бірдеңені көлденең тартып, өте бір келеңсіз заң шығарып қойыпты. Ау, әр елдің өз ұғым-пайымы, ұстанған бағыты, тәрбие жолдары бар емес пе? Қит етсе, өзгенің қаңсығын елге таңсық дүниедей етіп таныстырып, тықпалаудан не ұтамыз?
Осындай ойлар кейде шырт ұйқыдан оятады, оның несін жасырамыз? Міне, бұл күнде ата болып, немере ойнатып жүрміз. Өзімнің шағын шаруашылығым бар. Қартайдым деп қарап отырмай, бойда күш-қуат барда қимылдай берейін, аз да болса нәпақа ғой деп жүріп жатырмыз. «Артымызда із қалсын, тастап кетер жол қалсын» деген ой ғой біздікі.
Ел аман, жұрт тыныш болсын! Бейбіт күндегі көлденең кесапаттан сақтасын халқымызды!
Амантай БОЛАТБАЕВ
Жалғамыс ауылы,
Талғар ауданы