«Алатау арайы» газеті жаңа жоба бастады. Редакция жанынан «Сарасөз» медиаклубы ашылды. Онда баспасөз саласының айтулы тұлғаларымен кездесу ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырмақ ниеттеміз. Аға буын өкілдері өзінің бай тәжірибесін бүгінгі ізбасарларына өнегелеп, сол арқылы газет қызметкерлері біліктілігін арттырып, ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылығын шыңдайды. Міне, осындай мақсатпен сәрсенбінің сәтті күні медиаклубтың алғашқы қонағы ретінде көрнекті журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаевты шақырдық.
Жанболат Әлиханұлының өмірбаянына қысқаша тоқталсақ, Нарынқол ауылында өсіп, ержетті. ҚазМУ-дың (қазіргі Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолы «Лениншіл жастан» басталып, «Егемен Қазақстанда» бас редакторлық қызметпен түйінделді. Осы екі аралықта «Қазақстан коммунисі», «Халық кеңесі», «Ақиқат» секілді республикалық басылымдарда жемісті еңбек етті. Бірқатар мемлекеттік марапат иеленді. Қазақстан Журналистер одағы, ҚР Президенті және Қазақстан Жазушылар одағы сыйлықтарының лауреаты. Ондаған танымдық кітап авторы. Шығармаларына арқау болған таңғажайып тағдырлар, табиғат құпиялары ерекшелігімен назар аударып, оқырман жүрегін жаулады.
Жанболат аға еңбек демалысына шықса да, қол қусырып отырған жоқ. «Ашылмаған аралдарын» аралауды жалғастырып келеді. Сонымен қатар тәлімгер ретінде көрген-түйгенін жас буынға үйретуден жалықпайды.
Астанадан ат арылтып келген құрметті қонақтың ғибратты әңгімесін, өнеге-тәлімін тыңдауға «Алатау арайының» ұжымы ғана емес, Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының басшысы Гүлжан Қызайбай, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің жетекшісі Қанат Әбілқайыр, «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Дайранқызы, сондай-ақ «Алатауньюс» ақпараттық порталының қызметкерлері де жиналды. Кіріспе сөзді «Өлке тынысы» ЖШС директоры Кәдірбек Құныпияұлы алып, жаңа жобаға сәттілік тілеп, қайраткер журналистің облыстық газетке деген құрметін айрықша атап өтті.
Бұдан кейін сөз кезегі кездесудің спикері Жанболат Аупбаевқа берілді. Баспасөз ардагері журналистиканың өткені мен бүгінін саралай отырып сөз тиегін ағытты. Ең алдымен заманауи журналистиканың мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды. Оны бұрынғы кезеңмен салыстыра отырып ой безбенінен өткізді. Аға буын өкілдерінің газет шығару үдерісіндегі бастан кешкен қызықтар мен қиындықтарды көз алдымызға елестетті.
«Біз 60-жылдардың аяғында оқып, 70-жылдары газетке келдік. Ол кезде қолымызда блокнот пен қаламнан басқа түк болмады. Осылай жүріп-ақ жиналыстарда айтылған сөздерді қағазға түсірдік. Түрлі шараларға да қатысып қойын дәптерді деректерге толтырдық. Диктофонсыз сұхбат алдық. Редакцияға оралған соң отыра қалып материалдарды қолмен жаздық. Содан кейін оны «машбюро» дейтін бөлімге апарып, оқып беру арқылы бастырушы едік. Қалай әуреге түсетінімізді сезіп отырған шығарсыздар.
Келе-келе өркениет белгілері біздің саладан да байқалды. Журналистердің әрқайсысына «Ятран» деген жазу мәшінкесі беріле бастады. Қолымызға диктофон тиді. Еліміз тәуелсіздік алған соң бөлмелерімізге компьютер келді. Ұялы телефондар пайда болды. Мұны айтып отырған себебім – осының арқасында жұмыс өнімділігі артты. Оперативтілік күшейді. Бұрын Парламентте, Үкіметте, сосын Президент аппаратында өтетін жиналыстарды жазатын журналистер түске дейін сонда жүретін. Шара аяқталған соң редакцияға жеткенше біраз уақыты кететін. Содан кейін материал жазуға отыратын. Мақала дайын болғанша қас қарайып, жұлдыз шығатын.
Қазір олай емес. Технология жетілу үстінде. Журналистер сол жерде отырып-ақ ноутбукпен хабар, сұхбаттар дайындап редакцияға жөнелтеді. Жеке адамдардың пікірін ұйымдастырғанда автордың суретін түсіру үшін фототілшіні шақырып әуре болмайды. Бұл істі қалта телефонындағы камера атқарады.
Қазіргі журналистердің тағы бір артықшылығы – екі немесе үш тіл білетіндігі. Оған дәлел жеткілікті. Мәселен, «Егемен Қазақстанда» да ағылшын тілінде еркін сөйлейтін тілшілер аз емес. Ал «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телеарналарының қызметкерлері қамшы салдырмайды. Халықаралық жиындарда қазақ журналистерінің шетелдік қонақтармен ағылшын, қытай және басқа тілдерде көсіле сөйлеп тұрғанын көргенде қуанасың.
Бұрын журналистердің шетелге шығуы сирек оқиға болатын. «Социалистік Қазақстанның» бас редакторы Ұзақ Бағаев Венгрияға, Сапар Байжанов Моңғолияға барыпты. Сейдахмет Бердіқұлов Лондон чемпионатына қатысыпты, Жазушылар одағының басшысы Әнуар Әлімжанов Таяу Шығыста жүр екен, осылай кете береді. Ол кезде шетелге тек басылым басшылары ғана сапарға шығатын. Оның өзінде делегация құрамында ғана еді.
Бүгін шетелден қарапайым журналистердің өзі хабар тарататын дәрежеге жеттік. «Егемен Қазақстанның» 95 жылдығында қанша журналист шетелге шықты деген статистика жүргіздік. Сонда газет шолушысы Әлисұлтан Құланбай алдыңғы қатардан көрінді. Ол 24 рет іссапарда болыпты.
Енді журналистердің жеке тақырыпқа мамандануына келейік. Біз «Лениншіл жастың» «полк баласы» болып өстік. Түске дейін ҚазМУ-да оқимыз, түстен кейін газет редакциясына барып тапсырма аламыз. Сөйтіп, «Лениншіл жас» 4-5 жылдың ішінде осындай әдістермен өзіне кадр дайындап үлгеретін. 1973 жылы 4-курстан мені жұмысқа қабылдады. 1976 жылы Мәскеудегі «Комсомольская правда» газетінің редакциясына бардым. Олар сол кездің өзінде маманданған екен. Мәселен, космонавтика тақырыбын Голованов, мораль тақырыбын Инна Рубенко, кездейсоқ оқиғаларды Бочаров деген журналист жазады. Табиғат тақырыбына Песков төселген. Солар газеттің абыройын көтеріп, оқырманның көбеюіне үлес қосты.
Қазақ журналистикасында жекелеген энтузиастар болмаса, белгілі бір тақырыпқа жазатын мамандар жоқтың қасы еді. Мысалы, Ақселеу Сейдімбек «Күмбір, күмбір, күмбездер» айдарымен этнография мен ежелгі ескерткіштерді жазып, елді қызықтырды. Ал Сейдахмет Бердіқұлов спорт тақырыбына қалам сілтеді. Жарылғап Бейсамбаевтың «Аққу» деген клубы болды. Ол шедевр суреттердің тарихына үңіліп, солардың ерекшелігіне тоқталып, жастарға эстетикалық тәрбие берді.
Бізде жекелеген тақырыпқа мамандану тәуелсіздіктен кейін басталды. Оған тоқталмай-ақ қояйын. Өйткені оны өздеріңіз білесіздер», – деп Жанболат аға журналистиканың қазіргі таңдағы жетістіктерін бір қайырды. Бұдан кейін спикер баспасөз саласындағы кейбір әттеген-айларға тоқталды.
«Кемшілігіміз – кадр сапасыздығында. Оны адамның жеке басынан емес, ұйымдастыру мәселесінен қарау керек. Бұрын журналистерді бір-ақ жер дайындайтын. Ол – атақты, өзіміздің ҚазМУ. 1934 жылы құрылған. Биыл 90 жылдығы аталып өтіп жатыр. Университетте алдымен 50-жылдары 10 адамдық топ болды. Ұзақ Бағаевтар сол кезде бітірді. 60-жылдары 25 адам оқыды. 1966 жылдан бастап 50 адам қабылдайтын факультетке айналды. 1969 жылы мен оқуға түскенде 200-ден астам талапкер тапсырды. Бір орынға таласатын бәсеке өте күшті. Сөреге жүйріктер ғана жететін. Ол кезде студенттерге мықты ұстаздар дәріс берді. Кейін Қарағанды университеті журналист мамандарын дайындауға көшті. 1990 жылдан бастап бүкіл институттар өздерін университет деп мәртебелеп, журналистер факультеті ашыла бастады. Ешқандай база, ешқандай оқытушысы жоқ бола тұра осындай қадамдарға барды.
Екіншісі, журналистер – тіл мәселесімен, өзіміздің ана тілімізбен жұмыс істейтін қауым. Бақытжан Жұмағұлов ректор болған тұста ҚазҰУ-ға «Болон» деген дұрыс емес жүйені тықпалады. Кейін оған Еуразия университеті де кірді. Осы жүйенің кесірінен журналистика факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні алынып тасталды. Сонда журфакта қазақ тілін оқымаса, мамандықта не қасиет қалады?
Біздің кезімізде университетте қазақ тілі мен әдебиеті оқулығын құрастырған білікті авторлар сабақ берді. Бұдан кейін сауатты болмауға хақың жоқ. Ал қазір қазақ тілінің керегі жоқтай күй кешіп жатыр. Оны мектептен оқып келді дегенді сылтау етіп сипай қамшылаймыз. Бұл – барып тұрған қиянат. Жоғарғы оқу орындарында журфактың жаппай ашылуы, студенттерге қазақ тілін оқытпауы – кадр сапасын төмендететін факторлар», – деді Жанболат Әлиханұлы.
Кездесуде баспасөз ардагері газеттің жанрларына да тоқталды. Бүгінгі таңда қай жанр ескірді, қайсысы оқырманды қызықтарады деген сұрақтарға нақты мысалдармен жауап қайтарды.
«Қайсы жанр өзінің мүмкіндігін тауысты, бет-бейнесін жоғалтты дегенде, мен фельетонды айтар едім. Бұл жанр Кеңес уақытында дәуірледі. Фельетон шықты деген сөз – не трестің басшысы, не ұжымшар директоры орнынан кетті деген сөз. Сондай ықпалға ие болды. Фельетон жазғыштар еркін қимылдады. Бүкілодақ бойынша «Крокодил» деген сатиралық журнал жұмыс істеді. Соның «інілері» ретінде бізде «Ара-Шмель» журналы көздеген нысанасын аямай шағатын. Басылымға шыққан адам не сөгіс алады, не жұмыстан шығарылады. Ол кезде «Менің арыма тиді, абыройыма нұқсан келтірді» деген сөз айтылмайтын. Өйткені адам құқығы деген конвенцияға Кеңес одағы қосылмаған. Біреуді мазақтап жазасың ба, тіл тигізіп жазасың ба, оған ешкім үндей алмайтын.
Қалай тәуелсіздік орнады, адам құқығы деген мәселе шықты. Соған байланысты фельетон өзінің күшін жоғалтты. 1994 жылы баспасөз туралы Заң қабылданды. Сол заңда БАҚ-қа шыққан сын материалға жауап беру немесе бермеу өзінің мәселесі деген былқ-сылқ еткен бір бап пайда болды. Баспасөздің пәрмені төмендеді. Сөйтіп, фельетонның дәуірі аяқталды. Фельетоннан сабақ берген Темірбек Қожекеев ағамыз осы сөзді тыңдаса, мені біраз жерге апарар еді. Бірақ шындық осылай.
Енді бүгін оның орнына фотоайыптау жанры шықты. Мысалы, зауыт құбырынан лас су ағып, көлге құйылып, қанатты құстар қырылып жатыр. Құбыр мен қырылған құстардың суретін түсіріп, пәленбай деген зауыттан тәулігіне мына мөлшерде улы су төгіледі деп Экология министріне жібере қойса, олар бірден шара қолданып, кәсіпорын иесіне айыппұл салады. Бұл фельетоннан әлдеқайда өтімді.
Енді қай жанр алға шықты дегенде, ол, әрине – интервью, дөңгелек үстел. Нағыз жүрдек жанр осы болды», – деді құрметті қонағымыз.
Жанболат аға басқа жоғары оқу орындарын бітіріп, бірақ журналистика саласында жұмыс істеп жүрген азаматтарға қатысты да өз ойын ортаға салды. Келе-келе олардың арасынан да мықты қаламгерлер шыққанын сөз етті.
«Мәселен, 60-жылдары бүкілодаққа тарайтын «Известия» газетінің бас редакторы Алексей Аджубей болды. Хрущевтің күйеубаласы. Аджубейдің тұсында «Известия» «Правда» газетінен озып кетті. Өте тартымды боп шыққан. Сол Аджубейдің мамандығы – геолог. Мен 1986 жылы «Қазақстан коммунисінде» істеп жүргенде ТАСС-қа тағылымдамадан өтуге бардым. Сонда арнайы аудитория бар екен. Онда танымал тұлғалардың тәжірибесіне құлақ түреді. Кездесуге Алексей Аджубейді шақырыпты. Небір қызық әңгімелер айтылды. Бәрі ұйып отырып тыңдады. Үзіліс кезінде Аджубейге сәлем беріп, өзімізді таныстырдық. Біздің Қазақстаннан келгенімізді естіп риза болды. Өйткені ол кезінде қазақ даласында геолог боп жұмыс істеген екен.
Кеңес заманында «Клуб кинопутешественников» деген хабар кеңінен тарады. Соны Юрий Сенкевич жүргізді. Ол кісінің мамандығы – дәрігер. Бармаған жері, таппаған қызығы жоқ. Бүкіл ел сол хабарды көруге ынтық еді. Өзіміздің Медеу Сәрсеке ағамыз да Политехникалық институтта кенші-инженер мамандығын оқыған. Мақаланы өте сауатты жазатын. Медеу ағамызды «Социалистік Қазақстан» бірден меншікті тілшілікке шақырып алған. Содан кейін-ақ даңқы дүрілдеп кетті», – деді кейіпкеріміз.
Кеш барысында спикер нағыз журналист шығармашылығын дамытуға күш салу қажеттігін баса айтты. Ол үшін ынта, жігер, төзімділік, мақсаткерлік керек. Бүгінгі өркениетті қоғамның тілімен айтқанда, энтузиазм, романтика, оптимизм және гуманизм. Осы қасиеттер арқылы ел қызығып оқитын керемет мақалалар туады. Журналистерді ерекшелейтін сирек оқиғалар, қызық тағдырлар, сенсациялық тақырыптар.
«Бұл қасиеттер аға ұрпақтың бойында болған. 1975 жылы «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезім. Сонда Бағдат Момбеков деген ағамыз ретушер еді. Отан соғысының ардагері, бір аяғы жоқ, протез. Бір күні ол кісі маған өзіне қатысты әңгіменің тиегін ағытты. 1959 жылы Семейдегі Ақтоғайда «Достық» теміржолы ашылады. Соны баспасөз бетіне жақсылап көрсету керек болған. Республикалық басылымдардың барлық тілшілері артынып-тартынып Ақтоғайға жетеді. Сол кезде аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы орталықтан жаңадан бұйрық түскенін, теміржолдың ашылуына тек «Известия», «Правда» газеттері мен «Огонек» журналы және ТАСС қатысып, жазатынын айтады. Қалған басылым тілшілері фактілерді солардан алады деген.
Жолдасхан аға ғана райынан қайтпайды. Вокзалда ары-бері жүріп алады. Бір уақытта қараса, машинистердің темекі тартып тұрғанын көреді. Солардың қасына барып, теміржолдың ашылуы туралы сұрап, өзінің жолдан кешігіп қалғанын айтып, көмектесуін сұрайды. Ақыры оларды көндіріп, ашық-шашық вагонмен шара өтіп жатқан орынға да жетеді. Күздің қара суығы аңырап тұрған кез екен. Жеткенше аяқ-қолы қалтырап кетеді. Жолдасхан аға вагоннан еңбектеп әрең түседі. Сол жерде өзіне керекті деректерді молынан жинап алып, келген вагонымен Ақтоғайға қайтады. Пойыз ішінде репортаж жазып, таңертең Алматыға түседі. Редакцияға кірген кезде есінен танып құлайды. Жарты өкпесі қарайып кеткен. Бірақ есесіне «Социалистік Қазақстан», «Казправда», Қазтагтың тілшісі бермеген кездесуді «Лениншіл жас» газеті жариялаған. Газеттің абыройы үшін тілшілер небір жанкешті қадамдарға барған. Ынта, жігер, энтузиазм деген осындай болу керек. Мен де ел қызығып оқитын тақырып жазуды 26 жасымда бастадым», – деп өткен күндердің өнегесін емірене еске алды.
Аға буын өкілінің әсерлі әңгімесін тыңдап отырып екі сағаттың қалай өтіп кеткенін де аңғармай қалдық. Кездесу тәтті күйінде аяқталды. «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар ардагерге алғыс айтып, сый-сияпат көрсетті. Иә, Жанболат аға өмірде үш адамды өзіне ұстаз тұтты. Олар – Сейдахмет Бердіқұлов, Кәкімжан Қазыбаев және Сарбас Ақтаев. Сол кісілердің өнеге-тәлімін көрген қаламгер бүгін өзі де тәлімгерге айналды. Қазақ журналистикасында Аупбаев мектебі қалыптасты десек, артық айтқандық емес шығар. Кездесуден біз осыны анық аңғардық.
Болат Мәжит