Қазақстандық стенд атушылар Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко Алматы облысында өткен Азия Кубогында аралас жұпта жарысқа түсіп, алтын медаль иеленді. Іле ауданындағы А.Асанов атындағы стенд ату клубында 20 қыркүйекте басталған құрлық чемпионаты 10 күнге ұласты. “Скит” бағдарламасында финалда қазақстандықтар Қатардан келген қарсыластарынан басым түсті. Үшінші орындарды Бахрейн мен Жапония спортшылары иеленді. Әсем мен Эдуард Қазақстан құрамасында Алматы облысының атынан сынға түсті.
Бұл Әсем Орынбайдың Азия біріншілігінде алған жалғыз жүлдесі емес. Сұрмерген қыз осы жарыста әйелдер арасында “скит” бағдарламасында чемпион атанып, алтын жүлдеге ие болды. Күміс пен қола жүлделерді Кувейт пен Қатар спортшылары өзара бөлісті. Бұдан бөлек, Әссем Орындай әйелдер арасындағы командалық жарыста Зоя Кравченко және Адель Садақбаевамен бірге алтыннан алқа тақты.
Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко былтыр да Азия ойындарында топ жарып, аралас жұптық стенд атудан чемпион атанған.