Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Ұйғыр ауданына арнайы сапармен келіп, тұрғындармен кездесу өткізді. Шараға ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев келді. Аймақ басшысы ең алдымен аудандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел штаб отырысына қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы ауданда Сібір жарасы ауруын жұқтырған азаматтардың қал-ахуалы туралы баяндады. Науқастардың алып жатқан емдері, сонымен қатар ауру ошақтарымен байланыста болған адамдардың денсаулығы бақылауда екенін мәлімдеді. Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы атқарған жұмыстарын баяндады. Ауру ошағын табу үшін барлық мамандар жұмыла іске кіріскенін, ауылдағы малдың жаппай дәріленіп жатқанын жеткізді. Полиция басқармасы мамандары да малды тасымалдауға шектеу қойылғандығын, блокпостар тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанынан хабардар етті. Ұйғыр ауданының әкімі Бота Серікқызы да аудандағы штаб жұмысымен таныстырып, жағдай күнделікті бақылауда екенін айтты. Марат Елеусізұлы жиын соңында әрбір мекемеге нақты жұмыстар жүктеп, ауру ошағын тауып, залалсыздандыруды тездетуді тапсырды.
Мұнан соң облыс басшысы аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен аудан тұрғындары жиналған жүздесуде Қазақстан Республикасы Қаржы министрі Мәди Такиев те болды.
Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев жүргізіп, алғашқы сөзді Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізоваға берді. Бота Серікқызы есепті кезеңде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші туралы баяндады. Өнеркәсіп өнімдерін өңдеу, ауданға тартылған инвестиция көлемі, аграрлық сектордағы нақты көлем индексі, ирригациялық желілер, жерді тиімді пайдалану мақсатындағы жұмыстар, мал шаруашылығы сынды ауданның басты бағыттарымен таныстырып, ондағы орындалған бірқатар шаруаны тілге тиек етті. Денсаулық, білім, құқық қорғау саласындағы жұмыстар да жіпке тізілді. Сонымен қатар аудан әкімі өңірде шешімін таппай отырған мәселелерді де ортаға салды.
Бүгінгі күнде аудан бойынша барлығы 14 ветеринарлық пункттің тек Шонжы ауылдық округінің ветеринарлық пункті өз ғимаратында, қалған 13 елдімекенде жеке ғимарат жоқ. Ветеринарлық пункт құрылысы үшін 8 ауылдық округте жер телімдері бөлінген. Осыған орай, адамдар мен жануарлар арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралмауына және облыс аумағында эпизоотиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында округтегі ветеринария мамандарына қызметтік ғимараттар салып беруге ықпал етуін сұрады.
Қарадала – туризмнің тұма бұлағындай жер. Мұнда әлемнің екі ғана мемлекетінде кездесетін шатқал бар, жер астынан табиғаттың байлығы саналатын шипалы ыстық су толассыз шығып жатыр. Бірақ осы аумаққа туристер тартуда жол мәселесі ұятты болып тұрғанын жасырмады. Мәселен, Шарын шатқалына кіреберіс жолды күрделі жөндеуге 3 млрд 871 млн теңгеге жоба әзірленді, бұл жол ауданға келетін туристер санының көбеюі мен туризм саласының әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік берері сөзсіз. Бірақ жол құрылысы қаржыға байланысты қолбайлау болып тұрғанын айтты. Сонымен қатар арасан учаскесіндегі демалыс орындарында күнделікті бақылау жасайтын медициналық қызметкерлер мен туристік полицияның қарастырылмауы және электр қуатына қатысты мәселелер туризмнің дамуына кедергі келтіруде. Сондай-ақ аудан әкімі Шонжы ауылының сумен қамту желілерін күрделі жөндеу, Қырғызсай ауылына су объектісін салу және қайта жөндеу жұмыстары, Тасқарасу ауылының коллекторлық-дренаждық желісінің құрылысы сынды өзекті проблемаларды қаузады. Осы жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлінсе, халық игілін көрер еді.
Шонжы ауылындағы тұрғындар сұранысына сәйкес, 30 көпқабатты үйге газ тарту үшін 6 блокты-модульды қазандықтарды орнату әлі күнге шешімін таппады. Бұл – әрбір кездесуде көтерілетін мәселе. Білім, денсаулық саласындағы кедергілер де сөз болды. Осылайша Бота Серікқызы аудан тұрғындарының көкейінде жүрген көп сауалды облыс басшысына жолдады. Бұл жұмыстың бәрі аудан тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін екендігін де екшеп айтты.
Мінбеге көтерілген аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиев Алматы облысы қаңтар-шілде айларында әлеуметтік және экономикалық тұрғыда алға қойылған межелерді орындап, күтілген нәтижелерден артық көрсеткіштерге қол жеткізгенін айтып, аудан тұрғындарын атқарылған жұмыстармен және алдағы міндеттермен таныстырды. Әр сала бойынша жеке-жеке тоқталып, облыстың жоғары көрсеткішке жетуіне Ұйғыр ауданының үлесі зор екенін айтты. Мәселен, өрік, алмұрт өсіруде облыс бойынша Қарадаланың еңбекқор халқы бірінші орында тұр. Сондай-ақ ет өнімдерін өндіруде де алдыңғы қатарда.
Үш ауысымды мектептер санын азайту бағытында Ұйғыр ауданындағы №3 орта мектепке 1,4 млрд теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс көлемінде жер сілкінісі салдарынан 7,5 мың бала оқитын 8 мектеп зардап шеккен. Бұл мәселе қомақты ақша талап ететін болғандықтан, Премьер-Министрдің атына Үкімет резерві немесе арнайы мемлекеттік қоры есебінен қаржыландыру бойынша сұраныс хат дайындалған. Марат Сұлтанғазиев осы мәселе бойынша Қаржы министрі Мәди Төкешұлынан қолдау көрсетуін сұрады.
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін Қаржы министрі Мәди Такиев сөз алып, Үкіметте болып жатқан оң өзгерістер мен алдағы жоспарлар жайында қысқаша ақпар берді. Мұнан соң тұрғындар тарапынан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қаржы министрі Мәди Такиевке бірқатар сауалдар жолданды. Атап айтар болсақ, Сүмбе ауылындағы аурухананың жабылуы, әрбір ауылдағы қаңырап бос тұрған, пайдалануға жарамсыз Мәдениет үйлері, бірнеше жылдан бері құрылысы тоқтап, халықтың наразылығын тудырып отырған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жағдайы, көпқабатты үйлерді көгілдір отынға қосудағы кедергілер, интернет мәселесі, өрт сөндіру орталығы ғимаратының ескіргендігі туралы мәселелер көтерілді. Өңір басшысы әр сауал бойынша нақты жауап берді. Тиісті басқармаларға тапсырмалар жүктеді. Дәл осы айтылған проблемалардың шешілу жолы қарастырылып, тұрғындарға нақты жауап берілуі қажеттігін ескертті.
Жиын аяқталған соң облыс әкімі Марат Елеусізұлы аудан орталығы Шонжы ауылында орналасқан «Ұйғыр ауданының су құбыры» ШЖҚ МКК-ға бас сұқты. 1967 жылы салынған ғимарат бүгінде тозығы жеткен. Аудандағы 25 елдімекеннің 23-іне қызмет көрсететін, 100-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған мекеменің жұмысымен танысты. Сонымен қатар жөндеу жұмысы жүргізіліп жатқан Илья Молутов атындағы №3 орта мектепке барды. 1975 жылы салынған білім шаңырағы 420 балаға арналған. Облыс басшысы мердігерлермен жүздесіп, нысанның дер кезінде сапалы табысталуын тапсырды.
Марат Елеусізұлы бастаған басшылық «Азаматтық авиация академиясы» АҚ Халықаралық әуе мамандарын дайындау орталығының жобасын көрді. Шарын ауылында орналасқан «ВИН» шаруа қожалығындағы ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты. Қожалық директоры Радик Мамташуровтың еселі еңбегінің нәтижесін көрді. Жылына жүздеген ірі қара мал мен жылқыны, мыңдаған қойды бордақылап, сатылымға шығарады. Адал еңбекпен толағай табысқа жеткен қожалық жұмысының жоспары көп. Марат Елеусізұлы 2002 жылдан бері жұмыс істеп, аудан экономикасын дамытуға үлес қосып отырған «Вин» қожалығының жұмысын жоғары бағалады.
Қарадаланың еңбекқор жұртшылығымен кездесу сәтті өтті. Облыс басшысы аудан тұрғындарының өтініш-пікірлерін тыңдап, бірлік пен татулық болса, табыс еселене беретінін жеткізді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы