Халықаралық қарттар күніне орай облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев отасқандарына 60 жыл толған Қонаев қаласының тұрғындары Жақабай Шыныбаев пен Айтаңсық Тұрғанбаеваның үйіне барып, мерекемен құттықтады. Бүгінде 80 жасты алқымдаған қариялар бейнеттерінің зейнетін көріп, балаларының ортасында жылы да жайлы шаңырақта ғұмыр кешіп жатыр.
Қариялардың жай-күйін сұраған соң шапан жауып, тарту-таралғысын жасаған облыс басшысы қарттарды қадірлеу бүгінгі ұрпақ парызы екенін еске салып, олардың өмір жолы мен қоғам дамуына сіңірген еңбегін бағалаудың маңыздылығын атап өтті.
«Жас ұрпаққа қарттарымыздың өмірі, олардың бай тәжірибесі, еңбек жолы мен отбасылық құндылықтары үлгі болуы тиіс. Қоғамымызда қарттарға деген құрметті арттыру, олардың еңбек жолын жас ұрпаққа өнеге ету және ұрпақтар сабақтастығын нығайту үлкен маңызға ие», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Жақабай Жұмағұлұлының саналы ғұмыры теміржол саласымен тығыз байланысты. 1960 жылы қарапайым жұмысшы болып еңбек жолын бастап, жоғары лауазымдарға дейін көтеріліп, 2006 жылы зейнетке шыққан. Атқарған қызметі үшін «Қазақстан Республикасының Құрметті теміржолшысы» төсбелгісімен марапатталған. Сонымен қатар, тракторшы және дәнекерлеуші курстарын бітіріп, өз білімін үнемі жетілдіріп отырған.
Ал Айтаңсық Тұрғанбаева – ұлағатты ұстаз. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының география факультетін сырттай оқып бітірген. Қосқұдық бекетінде география пәнінің мұғалімі, соңғы он шақты жылда мектеп директорының орынбасары қызметін атқарған. Қырық жылға жуық ұстаздық еңбек жолында «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен марапатталған.
Жақабай ата мен Айтаңсық апа – бес бала тәрбиелеп өсірген жандар. Бүгінде осы балаларынан 14 немере және 21 шөбере көріп отыр.
«Осылай отырғанымыз балалардың арқасы. Олардың жолдары ашық, өмірлері шуақты болсын! Еліміз бен жерімізде тек тыныштық заман болсын! Өзім 1943 жылы соғыстың қазаны қайнап тұрған уақытта өмірге келдім. Қиындықты да бір кісідей көрдік. Бізді осы күнге жеткізген – еңбек. Ерінбей, жалықпай еңбек еткен адамның алдынан ақ күн туады», – деген Жақабай атамыз мерекеде арнайы құттықтап келген облыс әкіміне алғысын жеткізді.
Айтаңсық апа болса, қайта түлеген Қонаев қаласының тұрғыны ретінде облыстың жаңа даму жолына бет алғанына қуанышты екенін айтып, жас ұрпақты тек жарқын болашақ күтіп тұрғанына шүкіршілік етті.
Осылайша айтулы мерекеде қос қарияның мерейі тасыды.
Алма ЕСЕНБАЙ