«Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың». Бұл сөзді ең алғаш мектеп қабырғасында ілініп тұрған стендтен оқыған едім. Жасым кіші болғандықтан, мағынасына терең бойлай алмадым. Ал бүгін бұл сөздің салмағы бұрынғыдан да ауырлай түскендей. Себебі, қазақ тілін үйрену өзге ұлт өкілінің өмірін қалай өзгерткеніне куә болдым.
Әдетте би-шешендердің аталы сөзі тек сол заманға сай, тарихи тұлғаларға қатысты ғана айтылғандай әсер қалдыратын. Ал шынында кешегі ата-бабамыздың айтқан сөзі бүгінде бізді айналып өтпесі хақ.
Бұл мақаланың жазылуына түрткі болған жан – Гулинур Сулайманова 34 жылдан бері «Қазпоштаның» аудандық байланыс торабында қызмет атқарып келеді. Соңғы 5 жылда осы орталықта басшының орынбасары болған. Ал биылғы тамыз айынан бастап, аудандық пошта байланыс торабының басшысы лауазымына тағайындалды.
Ұлты ұйғыр болса да, мемлекеттік тілді облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Еңбекшіқазақ аудандық филиалында қарапайым деңгейден бастап үйренді. Тіл үйренудегі табандылығының арқасында қазір қазақша еркін сөйлейді. Басшылық қызметке сайланбас бұрын арнайы тест тапсырып, қазақ тілінен 100 сұрақтың 86-сына дұрыс жауап берген. Мемлекеттік тілді үйренгенін растайтын сертификатты көрсетіп, өзге үміткерлерден оқ бойы озық шықты.
Осылайша Гулинур тіл үйренудің пайдасын сөзбен емес, іспен дәлелдеді. Қазақ және ағылшын тілін үйренгісі келетін әрбір жан «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының тегін курсына жазылып, таным көкжиегін кеңейтуіне болады.
Аяулым Елмұрат,
«Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Еңбекшіқазақ аудандық
филиалының меңгерушісі