Қонаев қаласында «JasREPUBLIC CUP» оқушылар арасындағы ашық пікірсайыс турнирінің аймақтық кезеңі өтті. Биыл алғаш рет өткізіліп тұрған шараны «Respublica» партиясы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және «Ozgerteam» қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды.
Мақсаты – жастардың зияткерлік қабілетін жетілдіру, оқушыларды білімге, тапқырлыққа, шешендік өнерге баулу, пікірсайысшы жастарды қолдау және саяси сауатын арттыру, жас ұрпақты бірлік пен тұтастыққа ұйыстыра отырып, олардың бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіру, сондай-ақ тың идеяларды айтуға бейімдеу.
Шараның ашылу рәсімінде «Respublica» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Жарас Ниязбек, облыстық білім басқармасы өзін-өзі басқару бөлімінің аға әдіскері Айнұр Асбаева және облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Еламан Төлепберген қатысушыларға сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
– Жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші, еліміздің болашағы. Шара өзара тәжірибе және пікір алмасу, қоғамдағы өткір мәселелерді зерттеп, олардың шешу жолдары бойынша тың идеяларды ортаға салу үшін ұйымдастырылды. Партия жақсы ұсыныстарды назарға алады. Аталған іс-шараның негізгі өзегі де осы, – деді Жарас Ергөбекұлы.
Пікірсайысқа қатысушылар «Әділетті, таза және қауіпсіз Қазақстан» тақырыбында ойларын ортаға салды. Жарыс қазақ және орыс тілдерінде өтті. Алдымен үш айналымда бақтарын сынап, жартылай финалға жолдама алды, топ жарған үздіктер финалда ой ұшқырлығын көрсетті.
Қатысушылардың бірі Айым Шапағат дебат ойындарына екі жылдай қатысып, тәжірибе жинақтап келеді. «Пікірсайыс көпшілік алдында өз ойыңды еркін жеткізуге үйретеді. Әлемде болып жатқан жаңалықтарды назарда ұстап, өзіндік пікірінің қалыптасуына әсер етеді. Бір фракцияда үш спикер ойнайды. Біріншісі тақырыпты ашады, екіншісі аргументтермен дәлелдесе, үшінші спикер қорытындылайды. Қазіргі таңда еліміздің экологиялық ахуалы, әділетті, қауіпсіз ел болуы – басты назарда. Бүгінгі пікірсайыста АЭС-ке, Қазақстанның дамуы мен экономикасына қатысты маңызды тақырыптар көтерілді», – деді ол.
Жарыс нәтижесінде қазақ лигасы бойынша 1-орынды орта мектеп-гимназияның оқушылары – Фариза Неғметолла, Еркежан Құрманжан және Арнай Түркістан еншіледі. Олар – «Oidariya» дебат клубының мүшелері. Орыс лигасы бойынша «Эпицентр» фракциясының намысын қорғаған – Аружан Дәуленова, Әйгерім Ернарқызы және Аяулым Асылхан үздік шықты. Сондай-ақ Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебінің оқушысы Балжан Әбілова мен орта мектеп-гимназияның шәкірті Аружан Дәуленова «Үздік спикер» атанды. Жеңімпаздарға кубок, диплом және бестселлер кітаптар табысталды. Жүлдегерлер 25 қазан – Республика күніне орай Астана қаласында өтетін мектеп оқушылары арасындағы тұңғыш ұлттық пікірсайыс турниріне облыс атынан қатысатын болады.
Гүлзат Байқонысова