1964 жылғы күз айы. Шелектегі Абай атындағы орта мектепте 9-сыныпта оқимыз. Жатын орнымыз мектеп-интернатта. Қазан айының ортасына таман бір кеште топырлаған көшенің бұзық балалары бірнеше оқушыны сабап кетіпті. Шамалап кімдер екенін білеміз. Жатақханада 9-сыныппен бірге 10 және 11-сыныптың оқушылары да жатады. Ертесіне бұл хабар қалай екені беймәлім, Рақымғали ағайдың құлағына жетіпті. Кешкі астан кейін қасында Тұрсынбай мен Назар ағайлар бар, үшеуі жоғары сыныптың ұл балаларын жинап алып, бұзық балалар тағы келетін болса не істеу керектігін үйретті. Пролетарская көшесіндегі жатақханамыздың ұзын дәлізі бар, екі жағында үлкен бөлмелер. Әр бөлмеде 15-16 баладан жатамыз. Көше бұзықтары еркінсіп жатақханаға тағы басып кірсе, әр бөлмеге үштен-төрттен сүйреп кіргізіп сазайын беруіміз керек.
Жоғары сынып оқушылары негізінен шопандардың балалары, шетінен мықты әрі спортшы. Бірі бокс, бірі күрес, бірі футбол үйірмелеріне қатысады. Айтқандарындай-ақ болды. Кешке жатақханаға дандайсып басып кірген әлгілерді біздің балалар тепкілеп, төсек астына кіргізіп жіберді. Рақымғали аға осыны күтіп тұрғандай келе қалды да, мұрындарынан қан сорғалаған тентектерді төсектің астынан шығарып, аты-жөнін, мекенжайларын анықтап, істеген әрекеттерін мойындатып, қағаз жаздырып алды да егер екінші рет қайталанса, құжаттар түгел милицияға өткізілетінін ескертіп, босатып қоя берді. Содан интернаттағы қазақ балаларына ешкім тиіспейтін болды.
Рақымғали ағаның тапқырлығына бәріміз таң қалғанбыз. Ол бұзық балалардың бәрінің аты-жөнін, мекенжайын анықтап алып, әлгілердің топтасып тиісуінің алдын алды. Агрессиясын болдыртпай тастады. Милицияға беріп, олардың да тағдырын талқандамады, интернат балаларын да қорғап қалды. Былайша айтқанда, көше буллингі проблемасын ың-шыңсыз шешті. Қазақ балаларының рухын көтерді. Соның нәтижесі болар, келер көктемде Шелектің орталық паркінде бокс, күрес, басқа да спорт түрлерінен аудандық жарыс өткенде интернат балалары мықты екендіктерін іс жүзінде тағы дәлелдеді. Жекпе-жектерде кеудесін көтеріп жүрген талай тентектің көңілін су сепкендей басты. Сондай біріншілікті ұйымдастырып, оқушыларды алдын ала дайындап жүргендердің бірі Рақымғали Ыбырайымұлы еді.
Рақымғали аға мектепте математика пәнінен, зайыбы Жұмаш Мұхаметжанқызы химиядан сабақ беретін. Ахмет Байтұрсынов «Жақсы мұғалім мектепке жан кіргізеді» дейді. Екеуі де мектепке жан кіргізген алдыңғы қатарлы білікті ұстаздар санатында болды. Оқушылар екеуін де қатты құрметтейтін. Екеуінің дәріс беру методикасы әртүрлі болғанымен, пәнді шәкірттердің миына құю жағынан бірінен-бірі қалыспайтын. «Қандай жарасымды жұп» деп шәкірттерінің өзі сүйсініп жататын. Ұстаз кешке жатақханада оқушыларымен әңгіме-дүкен құрып отырғанды ұнататын.
Бүкіл өмірін жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған Рақымғали аға Ыбырайымұлы Алматы облысының бұрынғы Шелек ауданындағы Тескенсу ауылында 1933 жылы 5 желтоқсанда дүниеге келген. Ол Кеңес-Герман соғысы жылдарында бұғанасы бекімесе де, үлкендермен қатар тылда еңбек етті. Отан мен Жеңіс игілігі үшін аштық пен суыққа шыдады. 1948 жылы 15 жасында комсомол қатарына өтіп, түрлі шараларға белсене атсалысып өзінің алғырлығын танытты. Ашқұрсақ жүрсе де, қатарынан кем қалмай, білім алды.
Мектепті аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түсті. 1958 жылы Шелек ауданындағы Малыбай орта мектебінде үш айлық практикадан өткені бар. Біздің үйдің жартысында шешесі Мырзабала екеуі тұратын. «Әлі үйленбей жүр, қашан тіл алатынын білмеймін бұл жүгермектің» деп мол пішімді сары кемпір менің шешем Күлшарияға мұң шағып жататын. Ол кезде Рақымғали аға ұзын бойлы, сүйкімді, сұлу өңді жігіт еді. Сөйтсем, небәрі 25 жастағы кезі екен. Мен он жастардамын.
Рақымғали аға институтта оқып жүргенде-ақ өзінің болашақ жары Жұмаш Баташеваны таңдап қояды. Келесі 1959 жылы екеуі шаңырақ көтерді. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиеледі. Малыбайдағы мектепте оқушылардың жетіспеуінен қазақ сыныптары жабылып, 1963 жылы мен Шелек мектеп-интернатына ауысуыма тура келді. 8-сыныпты С.Киров атындағы мектепте, 10-сыныпты Абай атындағы мектепте оқыған кезімде Жұмаш апай да, Рақымғали ағай да жоғары сынып оқушыларына сабақ берді. Балалар ағайдың бұған дейін Қаратұрық ауылындағы мектеп-интернатта математика пәнінің мұғалімі болғанын айтып отыратын. Абай атындағы мектепте оқып жүрген кезімізде Рақымғали ағай Шелек аудандық білім бөліміне инспектор болып жоғарылады. Ауданның қоғамдық өміріне белсене қатысып жататынын оның «Ибраимов» деген фамилиясының жиі аталатынынан байқайтынбыз.
Ол Кеңес өкіметінің кезінде-ақ ұлттық дәстүріміз бен қазақ тілінің дамуын үнемі насихаттады. Жастар жинала қалған жерде төл мәдениетіміз бен қазақ тілімізді ұмытпай, келер ұрпаққа жалғастыруымыз керектігін айтып отыратын. Қарап отырсақ, Рақымғали аға сол кездің өзінде-ақ Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың жолын қуған ұстаз болыпты. Ахаң «Ұлттық езгі ұлттық сезім туғызбай тұра алмайды» дейді. 1972 жылы ұстазымыздың «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталғанын естідік. Бұған шәкірттері, бәріміз қуандық.
Рақымғали Ибраимов кейін Шелек ауылындағы Абай атындағы мектеп-интернаттың директоры қызметіне тағайындалды, ол осы тұста өзінің керемет ұйымдастырушылық қабілетін танытты. 1983 жылы Шелек аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі болып өсті. Ұстазымыздың өз шәкірттеріне деген қамқорлығын сол кезде тағы бір мәрте байқадық. 1986 жылы мамыр айының соңында соңғы қоңырау салтанатымен байланыстыра біздер мектеп бітіргеніміздің 20 жылдығын атап өттік. Рақымғали аға кешегі шәкірттерінің мұндай жиынына қолындағы бар мүмкіндікті түгел жұмылдырды. Бұл басқосуды білім берудің өзіндік салтанаты десе де болады.
1966 жылы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектепті төрт сыныпта 107 бала бітірсе 20 жылдық кездесуге жиналғанда солардың бәрі жоғары білім алғаны белгілі болды. Бәрі қоғамға пайдалы азаматтар болып шыққан. Дұрыс тәрбиенің жемісі осы шығар?!
Рақаң 1989 жылы №7 сайлау округінен Алматы облысы халық депутаттарының Шелек аудандық кеңесінің депутаты болып сайланды. Ол осы сенімге тағы бірнеше мәрте ие болды. Педагогика саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Рақымғали Ыбырайымұлы 1999 жылы аудан әкімінің ұсынысымен, аудандық мәслихаттың қолдауымен Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы атанды.
Өзінің бар ғұмырын, тәжірибе мен білімін жастар тәрбиесіне арнаған ұстаз өз шәкірттері арасынан бүкіл Қазақстан мақтан тұтатын ғылым докторлары, академиктер, танымал қаламгерлер, режиссерлер, актерлар, дәрігерлер мен педагогтер шыққанын мақтан тұтты. Рақымғали ағадан тәлім-тәрбие алған шәкірттерінен мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Өзбековтің, ғылым докторы, геолог Ермек Ахметовтің, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Рахымжан Өтегеновтің, Қазақстанның Халық әртісі, кинорежиссер Талғат Теменовтің, Химия институтының директоры, ғылым докторы Қажымұқан Арыновтың, кеңшар директоры болған Қанатбек Жүнісовтің, партия ұйымын басқарған Ақылдос Мұқажановтың және басқалардың есімдерін атауға болады. Бұл қатарда Қазақстанның Құрметті жазушысы, академик, профессор атақтарын иеленген өзіміз де Рақымғали ағаның шәкірті екенімізді мақтан етеміз.
Зейнеткерлікке шыққан соң да ол қоғамдық жұмыстармен белсене айналысты. Аудандық ардагерлер кеңесін басқарды. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болды. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы болып, жастарды имандылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке баулыды. Бұрын-соңды қолға алмаған ісінің қиындығын сезсе де 2011 жылы келешек ұрпаққа мұра болатын «Келдібек баба ұрпақтарының шежіресін» жазып, жеке кітап етіп бастырып шығарды. Қымбатты ұстазымыз 2017 жылы 24 наурызда келместің кемесіне мінді. Жаназасына үлгеріп жетіп, шәкірттерінің атынан топырақ салу нәсіп болды.
Рақымғали Ыбырайымұлы педагог әрі батагөй ақсақал ретінде өмірінің соңына дейін ұлтының ынтымағы мен бақ-дәулетін тілеп өтті. Мұндай тұлғаның даңқын өшірмеу үшін Еңбекшіқазақ ауданындағы мектептердің біріне есімі берілсе, әрине, құба-құп болар еді.
Марат ТОҚАШБАЕВ,
жазушы-публицист
Еңбекшіқазақ ауданы