АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері «Первый Пивзавод» ЖШС қызметкерлерімен атом электр станцияларын салудың геосаяси, экономикалық және әлеуметтік аспектілері талқылады.
Штаб мүшесі Мақсат Сейдалиев атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және экологиялық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жиын барысында Қазақстанның көпвекторлы саясатының арқасында халықаралық серіктестермен тиімді қарым-қатынас орнату, атом электр станциясын салу шешімінің ел мүддесіне сәйкес келуі, және барлық ықтимал тәуекелдерді ескеру мәселелері көтерілді.
«Атом электр станциясын салу туралы шешім күрделі геосаяси жағдайларды ескере отырып қабылданады. Бұл еліміздің стратегиялық мүдделерін көрсетеді және қауіпсіз әрі тиімді энергия көзімен қамтамасыз етеді», – деді Мақсат Сейдалиев.
Кездесу барысында қызметкерлердің бірі АЭС құрылысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты екінші LRT айналып кетпей ме деген сұрақ қойды. Штаб мүшесі Нұрлан Түймелиев бұл алаңдаушылықты түсініп, АЭС жобасының ашықтығы мен қадағалауға мән берілетінін атап өтті.
«Біз келіссөздер мен сатып алу процестерін барынша ашық етуге, сондай-ақ жобаны халықаралық бақылауға алуына ерекше назар аударамыз. Атом энергетикасы әлемдегі ең тәртіпті сала, өйткені қателік құны өте жоғары», – деді ол.
Сонымен қатар өндірістің маманы АЭС салу нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекетіміздің энергетикалық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты. Онымен қоса, әрбір азаматты алдағы референдумға қатысып, елдің энергетикалық болашағына өз үлесін қосуға шақырды.
Кездесуде қатысушылар станса жобасының экономикалық және экологиялық тиімділігін талқылады. Ұжым мүшелері атом энергетикасының ел болашағы үшін маңыздылығын түсініп, оны қолдауға дайын екендерін білдірді. Халықтық штаб өкілдері осындай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, халықтың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын екендіктерін жеткізді.
Айта кету керек, Халықтық штабтың басты мақсаты – азаматтарды АЭС құрылысының маңызы мен оның Қазақстан үшін әкелетін пайдасы туралы жан-жақты ақпараттандыру. Осылайша, алдағы референдумға қатысуға және елдің энергетикалық болашағын анықтауға атсалысуға шақырды.