«Қазпошта» АҚ облыстық филиалы – аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына сүбелі үлесін қосып келе жатқан, шаһар мен ауылдық елдімекендерде пошта және қаржы қызметін көрсетуде сенімді оператор ретінде үлкен міндет арқалаған ұжым. «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы шілде айынан бастап Жетісу жерінен біржола Қонаев қаласына ауысты. Қазір облыстық филиал заманауи пошта қызметін жетілдіруге басымдық беруде. Бүгінде ғаламтордағы онлайн тәртіптің етек жайғанына қарамастан, поштаға деген сұраныс азайған жоқ.
«Қазпошта» – әлеуметтік құрылым. Аталған мекеме күн сайын халықпен етене жұмыс істейтіндіктен тұтынушыларға сапалы қызмет пен жайлы орта қалыптастыруы керек.
– Бүгінде біз облыс халқына кең спектрлі қаржы қызметін көрсетеміз. Айта кетсек, коммуналдық төлемдердің барлық түрін, шоттар бойынша қызмет көрсету, ақша аударымдары, валюта айырбастау, екінші деңгейдегі банктер қызметін қабылдау, электрондық әмияндар қызметі және де жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар төлеу онлайн түрде қарастырылған. Коммуналдық төлемдерде тұрғындардың әлеуметтік жағына қарай жеңілдіктер жолға қойылған. Қазір «Қазпоштада» электронды коммерцияға тікелей бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Солардың бірі – жөнелтімдерді жеткізудің қолжетімді болуы үшін облысымыздың барлық ауданында постаматтар мен супермаркеттер іске қосылған. Қазір күн сайын жүзге жуық сәлемдеме қабылдаймыз және жөнелтеміз, – дейді «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Алмагүл Жармұхамбетова.
Қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалында мыңнан астам адам қызмет етеді. Филиал директоры Алмагүл Жармұхамбетованың айтуынша, аудандарда қызметкерлер жеткілікті болғанымен, орталық кеңседе білікті мамандар аз. Мұнымен қоса, филиал орналасқан ғимарат тым ескі. Ол жағдай мамандар санын молайтуға, қызмет жүктемесін жеңілдетуге қолбайлау болып отырған сыңайлы. Алмагүл Қазыбекқызының айтуынша, осындай қиындықтарға қарамастан, «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалы еліміздегі үздік қызмет көрсеткен ұжымдардың санатында еңбек етіп келеді. Күні бүгінге дейін өңіріміздегі бірқатар нысан күрделі жөндеуден өткен. Олар осы заманғы қондырғылармен жабдықталған. Енді облыстық филиалға жаңғырту жұмысын жүргізу қажет. Әңгіме арасында Алмагүл Қазыбекқызы Қонаев қаласынан тағы бір пошта бөлімшесін ашу қажет екенін айтты.
«Қазпошта» қызметінің маңызды тармағының бірі – баспасөз. Жаңа шаңырақ көтерген филиал ұжымы биылғы баспасөз науқанында белсене атсалыспақ.
– Бүгінде барлық байланыс бөлімшесі тиісті болжамды тапсырма алып, тұрғындарды сенімді ақпарат көзі, аймақ айнасына айналған басылымдарға жазылудың маңызын түсіндіріп жүр. Баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытқан, оқырманды көптеп тартқан қоғамдық таратушылардың қызметі көлемді сыйақымен ескерілетін болады. Облыстық жергілікті басылымдарға, соның ішінде өңірдің бас басылымдарына қала мен ауыл тұрғындарының неғұрлым көптеп жазылуына ықпал етсек дейміз, – дейді «Қазпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының басшысы Алмагүл Жармұхамбетова.
Қандайда бір жетістікке ұжым мүшелері маңдай тері мен тынымсыз еңбегінің, кәсіптік шеберлігінің арқасында қол жеткізері анық. Сөз соңында Алмагүл Қазыбекқызы осы салада еңбек етіп жүрген барша ұжым мен пошта ардагерлерін, әріптестерін Дүниежүзілік пошта күні мерекесімен шын жүректен құттықтап, олардың еңбектеріне зор табыс тіледі. Біз де алыс жерлерден жылдам хабар алғызған пошташылардың еңбегі ескеріліп, қызмет аясы кеңейе берсін дейміз.
Ерзат АСЫЛ
Қонаев қаласы