ҚР Парламенті Сенатының қаржы және бюджет комитетінің мүшелері өңірге іссапармен келді. Қадірлі қонақтар алдымен «Алатау» арнайы экономикалық аймағына атбасын бұрып, жобалау кеңсесінің жұмысымен танысты. Аймақтың ауқымды экономикалық дамуының, инвестициялар тартудың және жаңа жұмыс орындарын құрудың бастапқы нүктесі саналатын «Алатау» АЭА облысымыздың ғана емес, республика экономикасына да елеулі серпін бермек.
Облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев «Алатау» АЭА-ның жобалау кеңсесі құрылыс және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін жедел аймақтарды анықтаудан басталғанын айтып, даму сатысына қарай негізгі бағыттардың ішінде Қапшағай су қоймасының (Greendistrict) жағалауындағы туристік кластер, өнеркәсіптік аймақ және логистикалық парк бар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Рустам Маратұлы индустриялық аймақ және «Алатау» АЭА-ның басқа да нысандары өсу нүктесі және инвесторларды тарту үшін негіз болуы тиіс екенін айрықша атап өтті. Ол өз сөзінде:
– Біз бастамаларды жүзеге асыруда депутаттардан қолдау күтеміз. Қазірдің өзінде ондаған әлеуетті жоба жоспарланған және біздің міндет – оларды табысты ету, қажетті инфрақұрылымға қол жеткізу, бизнес үшін жағдай жасау, – деп арнайы экономикалық аймақтың қауқарын алға тартты. Ондағы жұмыс барысымен, алдағы атқарылатын қызметтер, жоспарлармен танысқан Сенат депутаттары оң бағасын берді.
Комитеттің көшпелі отырысы облыстық әкімдікте жалғасын тауып, «Алатау» АЭА-ның сын-қатерлері мен перспективаларын талдауға ерекше назар аударылды. Олардың ішінде қаржыландырудың жетіспеушілігі, инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі, сондай-ақ білікті жұмыс күшін тартудағы қиындықтар айтылды. Осыған байланысты негізгі мақсаттар тарқатылып, бірқатар жоспар көрсетілді. Қаржыландыруды қамтамасыз ету және шетелдік инвесторларды тарту тек қолайлы жағдайлар жасауды ғана емес, сонымен қатар ресурстарды бөлуге сауатты көзқарасты қажет ететіні сөз етілді.
Кеңесте алғашқылардың бірі болып сөз алған «Алатау» АЭА ҚК бас директоры Жәнібек Сауырбек арнайы экономикалық аймақ ірі инвесторларды тарту үшін маңызды кешенді жоба екенін жеткізіп, оның оңтайлы жұмыс жасауы үшін тиімді қаржы тетіктерін жолға қою қажеттігін алға тартты.
– Біз қаржыландырудың бірнеше нұсқасын қарастырамыз. Мұндай қадамдар бізге қаражаттың тұрақты ағынын қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, – деді.
Ол сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Шетелдік компаниялармен белсенді келіссөздер жүргізу қажеттігін алға тартып, олар нарыққа кіру үшін жеңілдіктер қарастырып, қолдау көрсету маңызды екеніне тоқталды. Келесі сөз кезегін алған Сенат депутаты Сергей Карплюк «Алатау» арнайы экономикалық аймағы болашақ ұрпаққа арналған жоба екенін атап өтті. Ол:
– Қазір еңбек нарығына келген жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндіктер ашып, өмір сүру үшін қолайлы жағдай жасау қажет. Арнайы экономикалық аймақ бизнес үшін оңтайлы жағдай ұсына отырып, перспективаларды жүзеге асырады. Көптеген жаңа жұмыс орнын құру, оған жас мамандарды тарту жоспарлануда. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытуға инвестициялар тарту көзделген, – деп арнайы экономикалық аймақтың тиімділігін атап өтті.
Жиын барысында табысты бастамалардың мысалы ретінде жаңа қойма кешендерін салу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу орталықтарын құру сияқты логистика және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобалар жайында айтылды. Сенат депутаты Бекболат Орынбеков Қытай және ЕО елдерінің компанияларымен «Алатау» АЭА базасында бірлескен кәсіпорындар құру туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанын әңгімелеп, жиындағы басты міндет – арнайы экономикалық аймақтардың жұмысымен танысу және Үкіметке инвесторларды тарту бойынша нақты шаралар ұсыну екеніне тоқталды. АЭА шеңберінде жобаларды қаржылық қолдауды әзірлеудің маңыздылығын тарқатқан Сенат депутаты жиынды қорытындылап, жақында комитет инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктерді талқылағанын, бұл аймақ экономикасына инвестиция салуға айтарлықтай түрткі болатынын тілге тиек етті. Табысты даму үшін икемді салық тетіктерін әзірлеу және жобаларды іске асыруға жергілікті және шетелдік компаниялардың белсенді қатысуын барлық деңгейлерде қолдау және осы бағыттағы жұмыстарға жұмыла кірісу қажеттігі әнгіме өзегіне айналды.
Құралбек СӘБИТОВ