Болашақ Отан қорғаушыларды патриоттық рухқа тәрбиелеу мақсатында көптеген іс-шара атқарылуда. Бұл ретте мектептерде әскери-патриоттық клубтар мен әскери сыныптар ашып, жас кадеттердің бастапқы әскери даярлықтарын шыңдауға шындап кіріскен шекарашылардың еңбегі зор.
Бүгінге дейін ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің жанынан ашылған «Жас шекарашы» әскери-патриоттық клубының кадеттері республикалық, халықаралық деңгейдегі сайыстарға қатысып, жүлдесіз оралған емес. Бұдан бөлек, Бақытжан Перімбетов басқаратын клубтың кадеттері департамент аясында өтетін шараларға белсене атсалысқаны, олардың тауға жасаған жорықтары жайында ведомстволық газет бетінде аз жазылған жоқ. Енді міне, осынау алғашқы қарлығаштардың клубын жаңа әскери сынып толықтыра түскен.
Бұл – Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының учаскесіндегі Қырғауылды ауылының К.Ушинский атындағы орта мектебінде ашылған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбы. Департамент бастығы, полковник Ә.Каюповтың тікелей қолдауымен, қыркүйектің басында алқызыл лентасы қиылған су жаңа сыныптың 20-дан астам оқушысы толыққанды кадетке айналмақ.
Аталған білім ошағының басшысы С.Айтулова бастап келген 8 «Б» сыныбының кадеттерін үстеріне киген формалары ерекшелендіріп тұрды. Дегенмен, оларды «кадет» деп атауға әлі ерте еді. Шекара бөлімшесі бастығының тәрбие, идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, аға лейтенант А.Тұраров бастаған шекарашылардың алдында «Кадеттер антын» қабылдады. Әрі қарай, офицер оларды осы сәттен бастап, кадет болғанын айғақтайтын арнайы сертификатпен марапаттады.
Біздің алдымызда көзді ашып-жұмғанша кадетке айналып шыға келген балалардың бақыттан бал-бұл жанған жүздерін көру бір ғанибет болды. Олардың бүгінгі шараға әбден дайындалғаны, әскерилерге барынша ұқсауға тырысқаны қимыл-қозғалыстарынан байқалып тұрды.
Тағы бір қуанарлығы, 10-сыныптың 5 оқушысы департамент басшысының атына әскери жоғары білім ошақтарына оқуға түскісі келетіндері туралы өтініш қалдырды. Әрі қарай олардың құжаттарын дайындаумен департамент айналысатын болады.
Осылайша, «Ерлік сабағының» тұсауын кескен ант қабылдау рәсімі аяқталып, кадеттер сарбаз ағаларымен бірге естелік суретке түскен соң бөлімшенің өмірімен танысуға кірісті. Алдымен, шекаралық бақылау мұнарасына көтеріліп, айналаға дүрбі салып, өздерін нағыз әскери сезінген кадеттер әрі қарай із зерделейтін қалашыққа барды. Мұнда аға лейтенант Арман Тұраров оларға шекара бұзушының ізін табу үшін не істейтіндерін қызықты етіп әңгімеледі.
Балалар шекарашылардың ел шебіндегі ең сенімді көмекшілері – қызметтік иттерді де қызықтады. Таңқаларлығы, жай кездері азаматтық киімдегі адамдарды көре салып, айналасын азан-қазан ететін иттер біздің жас достарымыздың алдында момақан бола қалған. Сөйтсек, иттерді тыныштандырған балақайлардың үстіндегі форма көрінеді.
Қазақ-қырғыз шекарасын көздерінің қарашығындай күзетіп жүрген қаскелеңдік шекарашылардың тыныс-тіршілігімен танысып, ерекше әсерге бөленген «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбының кадеттері шара соңында қайтадан сапқа тұрды. Сосын білім ошағының басшысы Сапура Әлімханқызы өздерін құшақ жая қарсы алып, тамаша көңіл-күй сыйлаған шекарашыларға алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі
Қарасай ауданы