Алматыдағы Ұлттық кітапханада қазақ батырларын құрметтеп, мың жылдық шежірені шертіп, тауанды тарихпен қауыштырып, Ұлы даланың рухани байлығымен табыстыратын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Асыл мұраны ұлықтауға арналған ауқымды жиын би, шешен, батыр Алтай Найманбайұлына арналды. Кеш барысында өз заманында әділдіктің ақ туын тұғырдан түсірмей, батырлығымен елін, жерін қорғап, ұлт үшін еңбек етіп, шешендігімен танылған ұлы тұлға туралы жазылған «Алтай би» тарихи дастанының тұсауы кесілді. Кітаптың авторы – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, ақын, аудармашы, филология ғылымдарының докторы Дүкен Мәсімханұлы.
«Алтай би Найманбайұлы» атындағы қоғамдық бірлестіктің ұйымдастыруымен қолға алынған әдеби жоба батыр бабаның ерлігін бүгінгі ұрпаққа паш етуді мақсат еткен. Нәтижесінде би ұрпақтарының қолдауымен кезекті тарихи қазына оқырман қауымға жол тартты. Кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосының редакторы Қошан Мұстафа ашып, жүргізіп отырды.
Алғашқы құттықтау сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақ аграрлық зерттеу университетінің профессоры Дәмір Әлімқұлов Алтай бидің өмір жолына тоқталып, оның ұшан-теңіз еңбегін тарқатты. Қазақтың төбе билері – Қазыбек, Әйтеке және Төле билермен бірге елін жоңғар шапқыншылығынан азат етуге тікелей араласқан Алтай би екендігін мақтанышпен жеткізді.
Жиында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Негимов бес қаруын асынып ел қорғаған, туған жердің топырағын айрықша сүйіп, аялаған Алтай бидің ақ семсерін жарқылдатып, ақ тұлпарын ойнақтатып қазақ еліне қайта оралғанын, рухы тірілгенін тебірене әңгімеледі.
– Ұлы дала – қиямет қайымға дейін біздің ұрпақтарымыздың мәңгілік мүбәрак мекені. Міне, осы мәңгілік мекен үшін мыңдаған батырлардың ішінде Алтай батыр да елін, жерін жанын салып қорғады. Оны күшімен де, ісімен де дәлелдеді. Алтай бидің қаһармандық жолы, ұлағатты сөзі жаңғырып, ұрпақтарымен қайтадан қауышып отыр. Дүкен Мәсімханұлы тарихи дастанды шалқыған шабытпен жазып шыққан – деді кітаптың кіріспе сөзін жазған Серік Нығметоллаұлы.
Кітап авторы Дүкен Мәсімханұлы бабасының атын асқақтатуға, оның ерлігі мен еңбектерін ел жадынан өшірмеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген Алтай би ұрпақтарына өз алғысын жеткізді. Дастанның шығу тарихын баяндап, батыр бабаның келбетін ашу оңайға соқпағанын сөзіне қосты. Жазу барысында тарихи фактілермен бетпе-бет келгендіктен, бұл жұмыстың жауапкершілігі тым жоғары болғанын сөз етті.
– Алтай бидің ерлігі мен өрлігіне Қытайда жүргенде тәнті болдым. Баба жайында қалам тербесем деген ой сол кезде туған болатын. Кейіннен 2022 жылы Алматы қаласында «Дала экспедициясы негізіндегі деректер және ел бірлігін еселеген Алтай би Найманбайұлы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Сол жерде батыр баба туралы баяндама жасадым. Ол көпшіліктің көңілінен шығып, Алтай би ұрпақтары дастан жазуды ұсынды, – деп би ұрпақтары тарихи, ғылыми тұрғыда нәтижелі жұмыс жасап жатқанын айтты.
Рухани кеш барысында филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Байынқол Қалиұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы қазіргі заманғы қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы, ҚР ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Берекет Кәрібаев, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Ермұханұлы Алтай би жайлы баяндамаларын оқып, батыр бабаның сан қырына тоқталды. Әсерге толы әдеби кешті ақын, аудармашы, ҚазҰПУ профессоры Қастер Сарқытаханұлы мен ақын Мақсат Ережеповтің арнау өлеңдері ерекше әрлей түсті. Танымал әншілер Ербол Спандиев пен Сержанәлі Әлібектің орындауында ақын Бақыт Беделханның сөзіне жазылған «Алтай, биік тірегім» әнінің де тұсауы кесілді. Конференция жұмысын қорытындылаған «Алтай би Найманбайұлы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қазыбекби Бүйтекұлы жайдарман жаңалығын ортаға тастап, алдағы уақытта Кеген, Еңбекшіқазақ аудандарында Алтай биге көше аты беріліп, Саты ауылында Алтай би саябағы ашылатынын айтты. Танымды кештен, жағымды жаңалықпен тарқаған зиялы қауым өкілдері тағылымды шараның ұйымдастырушыларына мол алғысын білдірді.
Құралбек Сәбитов